Шіркейлі ауылында 6 көше жөнделуде

Жылма-жыл жүз мың центнерге жуық күріш тапсырып, талай белесті бағындырған елді мекеннің бүгінгі әлеуеті үлгілі ауылдардан кем түспейді. Ауылдағы «Мәді Қажы» ЖШС егін егумен айналысып, ауыл халқының басым бөлігін жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, шаруашылық ісін әртараптандыру бағытында өндіріске бетбұрушылық қалыптасқан. Елді мекеннің әлеуметтік нысандары да жыл өткен сайын жаңарып келеді.
Ауылды өркендетуге атқарушы билік тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соның айғағы ретінде бүгінгі таңда «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында елді мекендегі 6 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Осы жұмыстардың барысымен танысу мақсатында бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов Шіркейлі ауылына барды. Асфальттанып жатқан көшелерді көріп, мамандармен пікірлесті.
Бағдарлама шеңберінде ауылдағы Б.Мұстафаева, Ә.Қуатов, Ж.Құттыбаев, Ж.Ыдырысов, Ә.Тоққожаев, Ғарышкер көшелері орташа жөндеуден өткізілуде. Бұл көшелердің жөндеу жұмыстарын мердігер мекеме «ДаренСтройСервис» ЖШС жүргізуде. Бұған 102 млн 687 мың теңге қаражат бөлінген. Орташа жөндеу жұмыстарына жергілікті жерден 20 азамат жұмысқа тартылуда.
– Шіркейлі ауылындағы 6 көшені орташа жөндеу жұмыстарын осыдан екі күн бұрын бастадық. Қазіргі таңда Ж.Ыдырысов көшесін асфальттап болып қалдық. Күнделікті әр көшеге 500 метрден асфальт төсеп жатырмыз. Жалпы есептегенде айдың аяғына дейін осы жұмыстарды толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Негізі көшелерге салқын (холодный) асфальт төселуде. Ол 28 күннің ішінде қалыптасып, беріктігін сақтайды, – дейді учаске бастығы Сабыржан Құдайбергенов.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары көшелерге жасалып жатқан орташа жөндеу жұмыстарының талаптарға сай екенін айтты. Жол жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысына күнделікті бақылау жасалып отырғанын жеткізді.
Аудан басшысы жол салу сауапты іс екенін айтып, оның сапалы салынуын қадағалауды ескертті. Ауылда 6 көшенің жөнделуі ерекше қуаныш екенін атап өтті.