АЙТУЛЫ ІСТЕРГЕ ОҢ БАҒА БЕРДІ
Тереңөзек топырағынан елге танымал көптеген өнер майталмандары мен қайраткерлер шыққан. Солардың бірі – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген транспорт қызметкері Әби Сарқыншақов. Қай кезде де туған жердің түлеуіне өз үлесін қосып келе жатқан майталман теміржолшы жақында туып-өскен Асқар ауылына келіп, елмен қауышты. Елге келген құрметті азаматқа аудан әкімі Ғ.Қазантаев арнайы сәлем беріп, аудан тынысымен таныстырды.
Асқар ауылындағы кездесуде Әби аға Сарқыншақов туған жердің әркез ыстық екенін айтты. Қазіргі таңда Павлодар облысында тұрғанымен әрқашан Сыр еліне деген сағынышы бөлек. Ауылға келіп ағайын-туыспен, дос-жаранмен шұрқырасқанның өзі көңілді бір серпілтетінін, ерекше әсер сыйлайтынын жасырмады. Құрметті теміржолшымен кездесуде аудан әкімі серпінді ауданда жасалып жатқан игі істерді атап өтті. Аймақтағы алдыңғы қатарлы ауданда толайым табыс бар екенін жеткізді.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы ел мақтанышына айналған тұлғаның өнегелі жолын үлгі етіп, елге жасап жатқан қызметі үшін аудан ардагерлері атынан алғыс білдірді. Оған қоса сый-құрмет көрсетіп, «Мәңгілік ізін қалдырған», «Ата қонысым – Асқар ауылы» кітабын сыйға тартты.
Мұнан соң теміржол саласының ардагері аудан орталығына арнайы келіп, игі істермен танысты. Мұнда «Тағзым» алаңын, «Сырдария ауданының Құрметті азаматтары» аллеясын, «Еңбек Даңқы» музейін аралады. Белгілі тұлға аллеяны елге еңбегі сіңген азаматтарға ерекше құрмет екенін атады. Осындай құрметтің үлгісін көп жерде көрмегенін тілге тиек етті.
Сонымен бірге аудан тарихынан, оның қалыптасуына атсалысқан еңбек ерлерінің өмір жолын насихаттайтын «Еңбек даңқы» музейі жұмысымен де танысты. Атап өтерлігі, ауданның дамуына Әби Сарқыншақовтың қосқан үлесі зор. Оны музейдің ішіндегі сөреден көруге болады. Оған құрметті теміржолшы өз ризашылығын білдірді. Музейді аралау барысында Ә.Сарқыншақов аудан жетістіктерінен үнемі хабардар болып, қуанып отыратынын атап өтті. Ел бірлігінің арқасында жасалып жатқан игі істерге оң бағасын берді.
Туған жерге тағзым еткен абыройлы ел ағасы мұнан соң өзі білім алған №35 Иса Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейге барып, «Рухани жаңғыру» сыныбының жұмысымен танысты.
Е.БЕРКІНБАЕВ