Өмірден түйгені көп қазыналы қария
Ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов ауылында даналығы мен өмір тәжірибесі мол қазыналы қарттар жетерлік. Қаумалаған елімен туған жердің берекесін кіргізген сондай ақсақалдан бата алу – ежелден келе жатқан дәстүр. Ізгіліктен айнымай, еңбек ардагері Оразалы Оразбаевтың шаңырағына бас сұғып, ақылы мен өсиетіне тереңнен қанықтық. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде тұлғатануға ерекше көңіл бөлінеді. Міне, сондай еңбегінің жемісін көрген Оразалы қария секілді қарапайым тұлғалар ортамызда жүр.
Бүгінде 88 жасқа қараған Оразалы Оразбаев бұрынғы Бидайкөл колхозында дүниеге келген. Отбасының жалғыз ұлы болған ол бастауыш сыныпты оқығаннан кейін Тереңөзекте білімін жетілдіреді. Орта білімнің жалғасы ретінде жалындаған жас жігіт «Механизаторлар мектебінен» техниканың қыр-сырына қанығады. Осылайша, 18 жасында еңбекке араласқан ол Жалағаш ауданына қарасты Аққұм ауылында механизатор қызметін атқарады.
– Қазақта «Егін ексең – ебін тап, ебін тапсаң – жерін тап» деген даналық сөз бар. Жастайымнан егін шаруашылығымен айналыстым. Жерді баптауға, егін егуге машықтанған мен үшін Сыр салысын өсіру таңсық дүние емес. Кәмелетке толған кезімде отбасындағы жалғыз ұл болғандықтан, әскерге жіберілмеген едім. Араға 1 жыл салып, өз қалауыммен әскери борышымды өтеуге аттандым. Ленинград қаласында 3 жыл бойы жүріп, командир атандым. Туған ауылыма оралған сәтте күрішші және механизатор болып жұмыс жасаған болатынмын. Шаруашылықта жүргенімде жаңа тракторды тізгіндедім. Күнге қақталып, бірнеше гектар жерді жыртамыз. Барлық жағынан бабы келіскен жерге тұқым сеуіп, күріштің күтіміне көңіл бөлеміз. Екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атанған Ыбырай Жақаевтың «Өнімді еңбек атқарам десең, көпке сүйен. Соның тілін тауып, соған қызмет қыла біл» деген өсиеті үнемі жадымызда. Егіннің машақатын сезіне білген диқанның еңбегі зор, – дейді еңбек ардагері.
Оразалы ақсақалдың әкесі Қабдығали мен анасы Қалима колхозда қызмет атқарған. Ата-анасының қолын ұзартпақ ниетте Оразалы Қабдығалиұлы 22 жасында өмірлік жары Шабақ Батырқызымен отбасын құрады. Ата-енесінің бабын тапқан Шабақ апа сауда қызметінде еңбек еткен. Сауда-саттық саласын жетік меңгерген аяулы жан дүниеге 3 ұл, 3 қыз әкеліп, көпбалалы ана атанған. Еңбек ардагері О.Оразбаев ешбір жерге табан аудармастан шаруашылықта 35 жылдан аса уақыт егін екті. Несібесін жерден терген диқанның техника жөндеудегі шеберлігі бір бөлек. Аумалы-төкпелі уақытта қиындыққа мойымастан қамбаға астық толтыруға тырысты. Отызбай Исабаев секілді бірнеше директордың қарамағында болған ардақты жанның өмірден түйгені көп. Оразалы ата еңселі еңбегі үшін әр жылдары мерекелік медальдарға ие болған. Оның ішінде, «Сырдария ауданының 90 жылдығы» мерекелік медалінің шоқтығы биік.
– Бір күні газеттен ауыл шаруашылығы саласында қажырлы еңбек еткен механизаторлар 56 жасында зейнетке шығатыны жөнінде хабарландыру оқыған болатынмын. Тиісті мекемеге құжатымды өткізгенімде жасым мен жұмыс өтілім зейнетке шығуға сай келеді екен. Осылайша, бейнеттің зейнетін өткен ғасырдан бері көріп келемін. Өмірлік серігім Шабақ екеуміз балаларды оқытып, өмірден өз орындарын табуға жағдай жасадық. Әрине, өзім қалаған мамандық бойынша білгенімді ұлдарыма үйреттім. Негізінен, егін егуде асқан жауапкершілік жатыр. Жерге түскен дәннен мол өнім алуға тынымсыз, тоқтаусыз жүргізілетін жұмыстар өз пайдасын береді. Қай кезде де, далада бел жазбай қажырлылық танытқан еңбек адамына құрметім ерекше, – дейді ақылман ақсақал.
Осы күні өнегелі отбасында 6 перзенттен 14 немере, 9 шөбере тараған. Еңбек ардагерінің зайыбы – Шабақ апа осыдан бірнеше жыл бұрын бақилыққа аттанған. Қарашаңырақта Оразалы атаның ұлы Жанұзақ пен келіні Сәния қарияның бар жағдайын жасап келеді.
– Үйіміздің берекесін кіргізетін қазыналы қартымыздың денсаулығына жіті көңіл бөлеміз. Талай жыл қара жерді жастанып, көлік жөндеу, егін егу оңайға соқпасы анық. Ата-анамыз қашанда отбасында тыныштық орнап, тату-тәтті өмір сүргінімізді қалайды. Дастархан басында ақылын айтып, жол көрсетіп отырады. Анамыз өмірден өткенде әкеміз жасып қалғаны жасырын емес. Кейде келіні Сәнияны жанына ертіп, анамыздың бейітінің басына барады. Рухына Құран бағыштайды. Өзім шаруашылықта бригадир болып қызмет атқарамын. «Алма ағашынан алыс түспейді» демекші, әкемнен үйренгенімді аграрлық салада тәжірибе ретінде қолданып жүрмін, – дейді ақсақалдың ұлы Жанұзақ Оразалыұлы.
Өз кезегінде жас ұрпаққа жүріп өткен жолы үлгі-өнеге болатын Оразалы Оразбаевтың денсаулығы мықты болып, ғасыр жасауына тілекшіміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ