Алып батырдың есімімен аталған көше

Қазіргі таңда бұл көшенің бойында білім ордасы, балабақша және тағы да басқа әлеуметтік нысандар бой көтерген. Сонымен қатар 70-тен аса отбасының шаңырағы орналасқан. Көшеге Тұрсын Балапанов есімі ресми түрде 90-жылдары берілген екен. Ендігі кезекте тұлғаның өмір жолына тоқталсақ. Ел аузында толағай денелі азамат туралы көптеген әңгіме бар. Ірі денелі ауыл перзентінің ел басына күн туғанда талай тығырықтан шығарғаны туралы ерліктері аңыз болып қалған. Батыр адам туралы бірнеше кітап та жарық көрген. Ауданда басшылық қызмет атқарған қоғам қайраткері Алмагүл Божанованың авторлығымен шыққан «Көпір» кітабы, ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұзбалақ» поэмасы және ақжармалық айтыскер ақын Мамыр Байдәулетовтің «Жақсылар шыққан жайсаң ел» кітабында ардақты жан туралы қалам тербелген. Сондай-ақ ауыл ішінде аңызға айналған әңгімені естігенде таңданысыңды жасыра алмайды екенсің. Соның біріне кезек берсек.
«Қан майданның кезі. Барлық егіннен жиналған азық пен киім-кешек жауынгерлерге жөнелтілуде. Жастайынан қара жұмысқа еті үйренген, еңбектен қашпаған нағыз қара күш иесі атанған Тұрсынды ауыл ақсақалдары «шаруашылықтағы жұмысы ширақ, елге осындай бір азамат керек» деп сұрапыл соғыстан алып қалады. Өзі техника тілін меңгеруді 1936 жылы Сұлутөбеде оқып, ауыл шаруасындағы техникаларды жөндеуге атсалысқан. Оның білек күшінің серпімділігі соншалық, 3-4 адам қозғалтатын қосалқы бөлшектерді бір өзі көтеріп кете беретін. Сол кездері Сырдария ауданы бойынша үш қана трактор болған. Сол трактордың бірі қыстың қақаған аязында дариядан өту кезінде мұз жарылып, сырдың ағынды дариясына түсіп кеткен. Қазіргі таңдағыдай екі жақты жалғап тұрған көпір жоқ. Суға батып бара жатқан трактордан жүргізуші жалма-жан секіріп түсіп, аман қалған. Ел дүрлігіп, трактордың жоқтығы көктемгі егіске кері әсерін тигізетінін айтып зар илеуде. Оның үстіне майдан кезінде Кеңес Үкіметі мұндайды кешіре қоймайтыны анық. Нендей жағдай болса да дарияға батқан техниканы алып шығу керек. Осы тұста халық Сібір суығын көрген орыстарға қолқа салады. Қыстыгүні суға түсетін әдеттері бар емес пе?! Бірақ ағысы қатты, мұзды дарияға түсуге олар да жүрексініп, қолдарындағы арқанымен тұрып қалады. Оны көрген жұртшылық одан сайын абдырап, алаңдай бастайды. Ешкім суығы сүйектен өтетін мұзды дарияға дауаламай тұр. Осы сәтте алып денелі Тұрсын Балапанов жиналған көпшілікке жақындады. Жұртшылық арқасүйер толағайға жол ашты. Абыр-сабыр болған ел арасынан келмеске кеткен трактордың артынан лажсыз ол да аңтарыла қарап, қар үстіне бар киімін шешіп, арқанды беліне байлап, суға сүңгіп кетті. Өзі тау денелі, толағай мүсінді болса да ширақ қимылдайтын. Оның ерлігін екінің бірі қайталай алмайтыны анық.
Жұртшылық мойнын әрі-бері созып алаңдаулы. Тұрсынның ізінен суылдай жөнелген арқанның басын шалы бар, баласы бар біршама адам ұстап, кері тартуға қамданып тұр. Сол тұста судың бетіне толағай батыр шығып, «трос» деп айтып үлгеріп, өкпесін ауаға толтырып тросты ала қайта суға сүңгіп кетті. Айнала жым-жырт. Судың түбіне кеткен алып тұлғаның артынан трос та тоқтады. Дем бітетін уақыт болды. Бір кезде ақсақалдың бірі «Қайран, арысым-ай!» деп «аһ» ұрып, өкіріп жылады. Аспан түнергендей. Тұрсынның қолына іліп жіберген тросты ұстап тұрған көпшілік не жіберерін, не тартарын білмей қатып қалған. Тек біреуі ғана қолы қалшылдап «тартайық» дейді әрең.
Тракторды жұтқан су, Тұрсынды місе тұтсын ба? Сәл уақыттан соң мұздай сірескен дария беті бұрқ ете қалды. Алып денелі Тұрсын судың бетіне атып шығып «Ілдім» деп айтып үлгерді. Осы кезде көпшіліктің көзінен қуаныш жасы шығып, «Шықты, шықты» деп жүректері жарылардай қуанды. Жағаға шығарып, тоңып қалмасын деп, үстеріндегі көпәйкелерін шешіп, батырдың үстіне жапты. Бұл аз ғана уақыт өлім мен өмірдің арасында арпалысып, дария түбіндегі техниканы алып шығуға себепкер болған алып тұлға» деген әңгіме халық аузында. Аты көпшілікке таныс болып, аңыз адамға айналған. Ердің ержүректігі мен игі ісін сөз еткен ақын Асқар Тоқмағамбетов «Мұзбалақ» поэмасын Тұрсын Балапановқа арнады.
Бұдан бөлек, елі үшін істеген игі ісі ауыз толтырып айтарлықтай. Оның батпаққа батып қалған УАЗ автокөлігін, 200 бау пішен тиелген ГАЗ-51 машинасын бір өзі арқанмен тартып шығарған дейтін оқиғалары әңгіме болып, ел аузында тарап жүр. Сондай-ақ Мамыр Байдәулетовтің авторлығымен жарыққа шыққан «Жақсылар шыққан жайсаң ел» кітабында «Тұрсын Балапанов ауыл шаруашылығы саласындағы елеулі еңбегі үшін «Ленин», «Октябрь революциясы» және басқа да ордендермен марапатталды. Бірақ ол атақтардың ешқайсысы оны масайратқан жоқ әрі қандай да бір ерлігі мен еңбегін онымен бағаламаған» деп жазады.
Қазіргі таңда Ақжарма ауылында атасының есімімен аталған көшеде, Тұрсын Балапанов мекен еткен қара шаңырақта немересі Сардарбек Балапанов отбасымен тұрады.
– Атам Тұрсын менен екі есе ірі болған деседі. Соншалықты алып денелілігі бір отырғанда бір қойдың етін бір өзі тауысады екен. Атамның ерлігі ел аузында. Осындай батыр тұлғаның ұрпағы болғаныма мақтанамын. Әкем 7 ағайынды. Ол 4 ұл, 3 қыздың үлкені. Бүгінде менің балаларым да алып адамның шөбересі екенін мақтанышпен айтады. Тіпті 2023 жылдың қысында үлкен ұлым Асылжан «Менің ата-бабаларым – менің батырларым» деген тақырыпта ғылыми жоба қорғап, облыста жүлделі І орынды иеленді. Атам мықты кісі болған. Жас кезінде аяғын жоғары көтеріп, екі қолымен біраз жерге жүрген екен. Оны көрген жұртшылық қасына жақындай алмаған деседі. Менің бала кезімде дүниеден өткен. Елі үшін біршама ерлік жасап, ауыл шаруашылығының дамуына орасан зор үлесін қосқан, – деді немересі Сардарбек Әлайдарұлы.
Елге еңбегі сіңген тұлғалар әрқашан есте қалары анық. Халық басына күн туғанда арқасүйер азамат болған Тұрсын Балапанов нағыз ел жанашыры, сөздің емес, істің адамы болған. Оның елі үшін еткен ерлігі әлі талай аңыз әңгімеге арқау болары анық.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ