Ауыл тарихымен ұштасқан Батыр жолы

Қазіргі таңда көшеде мектеп, балабақша, бірнеше дүкен мен отызға жуық тұрғын үй орналасқан. «Ердің ерлігін айт» деген қазақтың дана сөзі бар. Сұрапыл соғыстың дәмін татқан, ерліктің үлгісін көрсете білген батырдың құрметіне көше атауы 2000 жылға таяу уақытта берілген. Кеңес Одағының Батыры атанған қазақ ері 1923 жылы Қурайлы (қазіргі Шіркейлі) колхозында дүниеге келген. «Қызыл Ту» жетіжылдық орта мектебінде дәріс алған. Әскер қатарына 1941 жылы шақырылған бозбала 18 жаста еді. Жаппасбай Нұрсейітов 155-атқыштар дивизиясының құрамында Орел, Курск, Белград қалаларын азат етуге қатысқан. Ахтырка қаласы үшін шайқаста Жаппасбай өзінің батыр жауынгер екенін көрсете білген. Ол алдыңғылардың бірі болып шабуылға көтеріліп, бүкіл ротаны соңынан ерткен деседі. Сарынчевка деревнясы үшін шайқаста 10 фашистің көзін құртып, үшеуін тұтқынға алған. Неміс-фашист басқыншыларымен жан аямай шайқасып, асқан ержүректілік көрсеткен. Ерлігі мен қайтпас қайсарлығы үшін 1944 жылдың 10 қаңтарында Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Жас өмірін майдан жолына арнаған Жаппасбай Нұрсейітов бейбіт өмірдің мәнін терең түсінген, халқы үшін қызмет етуді басты парыз санаған.
Ауылдың үлкен жолы Нұрсейітов көшесінің тарихы 25 жылдан асқан. Осы жыл ішінде қоныс аудармай, сол бас көшенің бойында туып өскен тұрғындар да жоқтың қасы емес. Соның бірі ауылдың байырғы тұрғыны Нұрсұлтан Шамаханов ерліктің үлгісі бола білген батыр туралы қызықты деректермен бөлісті.
– Бұл көше ауылымыздың бас жолы, күре тамыры іспеттес. Елдің мақтанышына айналған батырымыздың құрметіне көше атауы 2000 жылға таяу уақытта берілген. Кеңес Одағының Батыры болған майдангер Жаппасбай Нұрсейітовтің ұзынша мұрты болатын. Кеудесі медальға толы жауынгердің бейнесі жадымызда мәңгі қалды. Мен мектеп оқып жүрген шағымда батырмен бірнеше кездесулер ұйымдастырылған болатын. Қан майданның ауыр кезеңдерін еске алып, бізге әңгімелеп беретін. Соның бірі, «Майданның ең қызған шағы болатын. 1943 жылы Днепр өзенінен өту кезінде жағаға жақын қалған қайықты снаряд тесіп өтті. Сол кезде үстімдегі шинельді шешіп, тесілген жерді тығындадым» деді батыр. Осы әңгімесі әлі есімнен кетпейді. Осындай ержүрек майдангердің көзін көргенімді мақтан етемін. Батырдың елі үшін істеген ерлігі ешқашан ұмыт болмайды. Ауылдың орталық жолы батырдың есімімен аталуы да бекерден бекер емес. Тұнған өшпес ерлік пен өнегелі өмірді ұмыт қалдырмай, үлгі тұта білу біздің, ұрпақтарының парызы, – дейді ауыл тұрғыны.
Жаппасбай Нұрсейітов ерлігі – ұлт жанының мәңгі парағы. Оған көрсетілген құрмет, көшеге есімін беру – тарих алдындағы жауапкершілік, әрі ұрпаққа үлгі. Бұл Жаппасбай Нұрсейітов көшесі – ел ертеңін ойлаған азаматтың жолы. Ауыл тұрғындары батырдың ерлігін еске алып, оның есімін мақтанышпен айтады.
Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ