Тарихқа толы Есет би көшесі

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шаған ауылының дәл орталығынан қазақ халқының тарихындағы аса ірі тұлғалардың бірі, би әрі батыр Есет би Төлепұлына арнап көше атауы берілген болатын. Қазіргі таңда көшенің бойында ауылдың әкімдігі, мәдениет үйі, орталық алаң және «Шаған Жер» шаруашылығының мекемесі орналасқан. Тіршілігі қайнап жатқан көшенің атауы Есет би туралы не білеміз? Өмір жолына тоқталсақ...
Есет би Төлепұлы – Сырдың төменгі ағысында орналасқан бұрынғы «Перовскі уезі» Шаған болыстығында ( қазіргі Қазылорда облысы, Сырдария ауданының Шаған елді мекені) 1820 жылы дүниеге келіп, туған жерінде 1882 жылы өмірден озған. Есет бидің есімі 1850 жылдан бастап «Қазақ-Ресей қатынастарының XVIII-XIX ғасырдағы» құжаттарда аталына бастады. Яғни батыр ел билігіне XIX ғасырдың 50 жылдарынан бастап араласа бастаған. 1857 жылдың 14 қыркүйегінде Сырдария желісінің бастығы генерал майор Фитингов Орынбор генерал-губернаторына жолдаған қатынас қағазында қазақтардың өте адал қызмет еткенін, солардың бірі алаша руынан шыққан Есет Төлепов деп атаған. Осы ұсынысы бойынша (Ақмешіт қорғанын алуға қатысқаны үшін) Есет би күміс медальмен және Анна лентасымен марапатталған. Сондықтан 1860 жылы сәуірде «зауряд хорунжий» атағын алған. Тағы бір құжатта Есет бидің қарамағына 600 түтін қарайтынын, оның түтін басшысы ретінде 600 түбіртек алып, әрбір шаңырақтан 3 сом 50 тиын жиналғаны жазылған. Есет би – ел бірлігі мен жер тұтастығын көздеген ұлт жанашыры болған. Ол қазақ халқының қауіпсіздігін басты назарда ұстап, ішкі дауларды шешуде әділдігімен, даналығымен, шешендігімен танылған.
Бұл аталған көше – өткенге тағзым, болашаққа аманат. Мұндай көше атаулары жас ұрпақты тарихты тануға, ұлттық құндылықтарды бағалауға, елін сүюге тәрбиелейді. Бұл көше арқылы біз тек бір адамды емес, тұтас дәуірдің, елдің тарихын еске аламыз.
Есет би көшесі – бұл қарапайым көше ғана емес, қазақтың тарихи жады мен рухани биігін бейнелейтін ерекше нысан. Есет би Төлепұлының елге сіңірген еңбегі ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Мұндай көшелер – халқымыздың өткені мен бүгінінің арасындағы алтын көпір іспеттес.
Гүсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ