Батыр есімімен аталған орталық көше
Жарты ғасырлық тарихы бар Сәкен Сейфуллин ауылында ақындығымен, батырлығымен, әділдігімен дараланған дара тұлғалар жетерлік. Осындай тұлғалардың бірі ұлт тарихында елін, жерін жаудан қорғап, ерлігімен аты шыққан Сәрке батырдың ерлік істері тарих беттерінде жаңғырып тұр.
«Ер есімі – ел есінде». Берекесі тасыған Сәкен Сейфуллин ауылында Сәрке батырдың құрметіне берілген көше бар. Ең алғашында «Ленин» деп аталған орталық көшенің Сәрке батырдың атын иеленгеніне биыл 34 жыл. Бүгінде Сәкен Сейфуллин ауылында 1633 адам тұрса, оның ішінде 71 отбасы осы көшенің тұрғыны. Бірлігі жарасқан көшенің бойында ауыл әкімдігі, 3 дүкен, мектеп, дәрігерлік амбулатория орналасқан. Орталық көшенің ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Аталған көше ауылдағы барлық көшемен қиылысады. Тарихы тереңнен сыр шертетін көшенің тұрғындары қонақжай, ашық жарқын, еңбекқор. Сәрке батыр көшесінің ең үлкен тұрғыны – Итемір Фазылұлы.
– Мен Сәрке батыр көшесінің бұрыннан келе жатқан тұрғынымын. Бұл көшенің тарихы тереңде жатыр. Көшеміздің жолы жөнделген, жарықтандырылған. Қазір баяғы адамдардың көбі өмірден өтті. Әйтседе ол кісілердің салған іздері, жасаған істері осында сайрап жатыр. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» дегендей, сол кісілердің сара жолын, көрші татулығын, бір-бірімен сыйластығын, үлкенге құрмет көрсетіп ұрпақтары жалғастырып келеді. Көшеміздің тұрғындарының ауызбіршілігі мықты, жастарымыз еңбекқор, – дейді орталық көшесінің қазыналы қарты Итемір Фазылұлы.
Сәрке батыр Өмірқұлұлы XVII-XVIII ғасырлардағы ұлт-азаттық қозғалысында қолбасшы болған. Сыр өңіріне белгілі батыр, күллі қазақ халқына ортақ тұлға шамамен 1680-1724 жылдар аралығында өмір сүрген. Кіші жүздің табын руынан шыққан Сәрке батыр 16-17 жасында Ырғыз өңірінде қалмақтармен шайқасқа шыққан. Сол уақыттан бастап батырдың есімі Сыр табындарының ұранына айналған деседі. Сондай-ақ батыр асқан палуан да болған. Сәрке батырдың әкесі Өмірқұл кіші жүздің жетіруындағы табынның Есенбай аталығынан шыққан бай болған екен. Сыр бойына көшкен аңыз әңгіменің желісі бойынша Сыр өңірінде Сәрке дүниеге келіп, әкесі Өмірқұл ұлан-асыр той жасаған екен. Жеті жасында көзге түсіп, он екі ұрыс тәсілін меңгерген. Мінезі күн өткен сайын өзгеріп, жайдақ атқа қарғып мініп, жүгенсіз шауып кете беретін болған. Сондай-ақ уақыт өте келе батырдың көріпкел әулиелігі де байқала бастаған. Сәрке батырдың қайтыс болған жері «Сәркенің төбесі», «Сәркенің ақшиі» деп аталып кеткен.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА