«ШЕШІМ ІІ» кітабы оқырманға жол тартты

«Шешім І» кітабының жалғасы ретінде жарыққа шыққан кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Туындыға автордың жазбалары, пікірлері, толғаныстары топтастырылған. Зерттеу мақалалар мен күнделік дәптерге түсірілген өлеңдер де кітаптың мазмұнын байытып, үш бөлімнен тұратын туындының тарихи-танымдық мәнін ашып тұр. Алғашқы бөлім «Жазбалар сыр шертеді» деп аталады. Осы бөлімдегі «Әйтеке би – 380 жыл. Әйтеке бидің даналық жолы» атты мақаланы оқып, Қаршыға Есімсейітованың Әйтеке биді ұлықтау бағытында атқарған ерен еңбегіне тәнті болдық. Бұрын тереңірек білмейді екенбіз, осы мақаладан кейін туынды авторына құрметіміз бұрынғыдан да арта түсті. Оқырманға түсінікті болу үшін Қ.Есімсейітованың журналистік зерттеу жолындағы ізденісімен Әйтеке бидің бейітін тауып, кесене орнатуға бастамашы болғанын, нәтижесінде Өзбекстан елінің, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің, Қызылорда облысы әкімдігінің және жанашыр азаматтардың қолдауымен кесене тұрғызылғанын айтып өткеніміз жөн болар. Бұл туралы мақалада кеңінен жазылады және кесененің ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаев бастаған Қазақстан делегациясының қатысқанын да оқуға болады. Бүгінде мұны біреу білсе, біреу білмейді. Сол іс-шараға қатысып, елге үлкен тебіреніспен келген Сыр өңіріне белгілі қайраткер-тұлға Ыдырыс Қалиев кезінде «Біз әдетте мұндай ауқымды мәселені үлкен тұлғалар, ірі жазушылар жазады, солар іздеу салады деп ойлаймыз. Сөйтсек, мұндай адам қасымызда жүр екен. Ол – Өзбекстанға Жалаңтөс баһадүр туралы түсірілім жасауға барып, маңдайы жарқырап олжалы оралған, Әйтекенің нақты жерленген жерін тауып қайтқан тележурналист, ақын қызымыз Қаршыға Есімсейітова» деп арнайы мақала да жазыпты. Иә, расында да Әйтеке бидің бейітінің басына жаңа кесененің тұрғызылуы талай адамның Нұра тауының етегіне сапар шегуіне, қолына қалам алуына, бидің өмірі мен мол мұрасын зерттеп-зерделеуге түрткі болды, тарихты түгендеуге, тарихи тұлғаға тағзым етуге жол ашты. «Әйтеке бидің 380 жылдығы аталып өтіп жатқан тұста қазақтың ар-абыройындай алтын діңгегі болған үш биіміздің бірі Әйтеке бидің Өзбекстан жерінде, Нұра тауының етегінде жатқан мәңгілік мекенін тауып, тарихқа таңбалануына үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Әсіресе Әбіш Кекілбаевтың «айналайын» деп қолымды алып, маңдайымнан сүйіп, батасын бергені мен үшін ерекше құрмет болды. Тұран жұртының, оның ішінде қазақтың іргесі бекіп, егемен ел болу жолындағы күресінде Тәуке хан бастаған алты бидің бірі Әйтекенің ел бірлігі жолындағы ұстанымы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бергей» дейді Қаршыға Құрмашқызының өзі.
Кітаптың алғашқы бөлімінен Әбіш Кекілбаев туралы жазылған «Кемеңгер» атты мақаланы да тебіренбей оқымау мүмкін емес. Ал Алаш ардақтысы Серікқұл Алдабергенов жөніндегі зерттеу еңбектен тарихи тұлғаның бізге мәлім де беймәлім өмірін тереңірек түйсінуге болады. Сондай-ақ «Әлем таныған Әбдіжәміл», «Қазақстан Жазушылар одағына – 90 жыл», «Ұлытауға сапар», «Екі дүниенің есігіне саяхат», Алмагүл Божанова туралы жазылған «Ақыл-ойдың кемелі еді» секілді мақалалар да кітаптың салмағын, бағасын арттырып тұр.
Автор кітаптың екінші бөлімін «Өзгелер айтса... еңбегіңнің қайтқаны» деп атапты. Бұл бөлімде Қ.Есімсейітованың ақындық, жазушылық, журналистік еңбегіне, кәсіби шеберлігіне, қарым-қабілетіне және адамгершілік болмыс-бітіміне, тұлғалық парасат-пайымына қатысты мақалалар жазылған. Бұрын «Әлімсақ», «Мәдениет» журналында, «Сыр бойы», «Ақмешіт апталығы» газеттерінде жарияланған мақалалар мен телеарналарда көрсетілген сюжеттердің кітапқа топтастырылуы да автордың кітап шығару ісіндегі мол тәжірибесін аңғартады. Әр мақаланы оқу арқылы Қ.Есімсейітованың еңбек жолында жақсы маман, өмір жолында жақсы адам болғанын, әлі күнге жақсылықтың шырақшысы болып, қоғам мүддесі жолында белсене еңбек етіп келе жатқанын көреміз.
Айтпақшы, Қаршыға Құрмашқызының Қаршыға есімді иеленуінің де өзіндік сыры бар. Бұл кісі дүниеге келетін күні Құрмаш қарт түс көріпті. «Түсімде жаздың әдемі бір күнінде көл бойында жағалай тігілген ақшаңқан үйлерді көрдім. Ол үйлердің маңы толы адамдар. Жұрт көл бетінде ұшып-қонып жүрген қаз-үйректерді тамашалап, тамсануда. Бір кезде сол тыныштықты бұзып, жасындай жарқылдаған бір қаршыға құс көл үстінде қанатымен әрлі-берлі ауаны тілгілеп, құстардың арасында ойнақ салды. Құстар оған ығысып жол береді. Ол құйындай ұшып келіп, сол көріністі тамашалап тұрған көп адамның ішінен менің қолыма қонды. Мен оны сипап тұрдым, інім Жұмаш оның аяғына жіп тақты. Содан ояна келе түсімді «Еркін өсетін бір бақытты бала дүниеге келеді. Қыз болса да, ұл болса да атын «Қаршыға» деп қоямын деп жорыдым» деп өткен күндерді ой елегінен тебінере өткізеді Құрмаш ақсақал бүгінде. Сөйтіп сол күні Құрмаш ақсақалдың отбасында дүниеге келген қыз Қаршыға атанады. Бала Қаршыға талапты болып өскен. Кейін сол талабына талант қонып, дара Қаршыға атанған-ды. Журналистика саласында өз қолтаңбасын қалдырды. Талай әдеби байқауларда топ жарып, абырой биігіндегі шабытты ақын атанды. Бүгінде Қаршыға Есімсейітова әрі ақын, әрі жазушы және Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі ретінде Сыр өңірінің қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуына өз үлесін қосып келеді. Кітап авторының еңбегін, дара болмысын айшықтайтын «Алматы «Алтын жұлдыз» иегері атандырды», «Тапқырлық...», «Сыр толқындары өзіне тартты», «Туған жердің тарихын түгендеген», «Өмірін өлеңмен өрген, әнмен көмкерген», «Өмірлік ұстанымым – бәріне қанағат ету», «Телеарнаның еңбекторысы», «Өміршең өлең өрнектерімен баураған ақын» тақырыбындағы мақалалар да мазмұндылығымен ерекшеленеді.
Кітаптың үшінші бөлімі «Қалам ұшындағы – ілкі сәт...» деп аталған. «Өлеңге әркімнің де бар таласы» деп Абай Құнанбайұлы айтпақшы, бұл бөлімнен ақын Қ.Есімсейітованың жүрегін жарып шыққан нәзік те сыршыл өлеңдерін оқуға болады. Ерекшелігі сол, әр өлеңге жеке-жеке талдау жасалған. Жалпы ақын өлеңдерінде бейнелі сөздер мен символизм кеңінен қолданылады. Тіл мен стиль, мазмұн мен құрылым жағынан да, ұлттық идея тұрғысынан да автордың өзіндік дара қолтаңбасы бар екенін аңғару қиын емес. Қорыта айтқанда, өзіндік оқырманы қалыптасқан ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қ.Есімсейітованың «Шешім ІІ» кітабын пәлсапалық мәнге ие тамаша туынды деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте көзі қарақты оқырман қауымды баспадан жарыққа шыққан кітапты оқуға шақырамын.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ,
ҚР Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі