Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Шешім» кітабы оқырманға жол тартты

«Шешім» кітабы оқырманға жол тартты

«AMANAT» партиясы Қызылорда қалалық филиалында ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР Журналистер Академиясының «Алтын жұлдыз» иегері Қаршыға Есімсейітованың «Шешім» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Баймырза Қожамберлиев, эколог-жазушы Сайлаубай Жұбатыров, ардагер ұстаз Ділдахан Торғаева, жазушы Несібелі Рахмет, «Ұстаз мәртебесі» газетінің бас редакторы Нұрлан Көбегенұлы, облыстық «Сыр бойы» газетінің аға тілшісі Ғазиза Әбілда сынды бір шоғыр қаламгерлер қатысты.

Кешті «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Алтынбек Жарылқасынов жүргізіп, кітап авторының өңір руханиятының өркендеуінде өзіндік үлесі бар екенін атап өтті.

Жиынға қатысушылар қаламгердің шығармашылығы, қоғамдағы азаматтық белсенділігі туралы әңгімелеп, облыстық телевизия саласында өткерген журналистік қызметінде айшықты қолтаңбасын қалдырғанын айтты. Кеш қонақтары жаңа туындының тұсауын кесіп, қалам иесіне шығармашылық табыс тіледі. Өз кезегінде кітап авторы қуанышын бөліскен қаламдастарына алғысын білдірді.

Іс-шара аясында ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттауға арналған «Өлеңмен өрілген өмір» атты көшпелі кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандарға таныстырылды.
19 мамыр 2024 ж. 104 0