Ғұмырбаяндық кітап жарыққа шықты
Тура бір жыл бұрын өмірден өткен ауданға белгілі азамат, кәсіпкер-меценат Есенов Расул Әбутәліпұлы туралы «Абырой биігіндегі азамат» атты ғұмырбаяндық кітап жарыққа шықты. Кітапта ҚР Парламентінің, облыстық, аудандық мәслихат депутаттарының, еңбек ардагерлерінің, әріптес азаматтардың естеліктері топтастырылған.
Ғұмырбаяндық кітаптың жарыққа шығуына Есеновтер әулеті бастамашы болған. Аз уақыттың ішінде көп естелік жинақталып, баспаға ұсынылған кітаптың көлемі 320 бетті құрайды. Кітап негізгі бес бөлімнен құралған.
Р.Есенов саналы ғұмырында екі рет аудандық, екі рет облыстық мәслихаттың депутаты атанған, облыстың, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік үлес қосқан азамат болды. Сондықтан кітаптың алғашқы бөлімінде ел басқару ісінде өзіндік орны бар азаматтардың естеліктері берілген. Екінші бөлімде ағайын-туыстың, әулет үлкендерінің, отбасының естелігі топтастырылған. Ал үшінші бөлім «Сурет – тарих» деп аталады. Бұл бөлімде ардақты азаматтың түрлі жиналыстарда, іс-сапарларда және қайырымдылық іс-шаралар мен басқосуларда түскен суреттері басылды. Сәйкесінше төртінші бөлімде марапаттары, медаль- төсбелгілерінің куәліктері сканерленіп кітапқа енгізілді. Соңғы бөлім «Углесбыт» ЖШС: жұмысы жанданған, шаруасы әртараптандырылған» деп аталады. Бұл бөлімде негізін Р.Есенов қалаған мекеменің құрылуы, кәсіпкерлікпен айналысуы мен қазіргі таңда атқарып жатқан жұмысы баяндалады.
Кітапты құрастырушылардың айтуынша, 200 данамен жарыққа шыққан кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Кітап марқұмның жылдық асында көпшілікке таратылды.
Айта кету керек, сенбі күні Р.Есеновті еске алуға арналған аралас жекпе-жек ММА-дан облыстық турнир өткізілді. 10 команда, 150-ден астам спортшы қатысқан турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев қатысып, сөз сөйледі. Жарыс жеңімпаздары бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
«Тт» ақпарат