Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№100 газет

21 желтоқсан 2024 ж.

№ 99 газет

14 желтоқсан 2024 ж.

№ 98 газет

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа кітап оқырманға жол тартты

Жаңа кітап оқырманға жол тартты

«Қос тойың қабат келсін» дейді халық даналығы. Мереке қарсаңында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ардақты да абыройлы азамат Марат Омаровтың «Тереңөзектік замандастарым жайлы сыр» кітабының тұсаукесер рәсіміне куә болдық. Сиясы кеппеген жаңа кітап оқырман қауымға жол тартпас бұрын аудан әкімдігінде актив жиыны өтіп, онда мемлекеттік қызмет саласының ардагері Марат Жүсіпәліұлына Сырдария ауданының Құрметті азаматы атағы табысталды.

Тарихи әрі маңызды сәтке аудан әкімі Берік Сәрменбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, Қоғамдық кеңес төрағасы Марат Еспенбетов, облыстық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов, ауданның құрметті азаматтары және зиялы қауым өкілдері қатысты.

– Марат Жүсіпәліұлы осы ауданда дүниеге келіп, инженер-гид­ротехник мамандығын меңгерген. Еңбек жолын Тереңөзек аудандық су шаруашылығы басқармасында бас­тап, одан кейінгі кезеңдерде Нағи Ілиясов және Оспан Мәлібаев елді мекендеріндегі кеңшарда қажырлы қызмет етті. Сонымен қатар, Оспан Мәлібаев және Қалжан ахун ауылдық округтерінің әкімі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары, аудандық тарихи-өл­кетану музейінің директоры қыз­мет­терін абыроймен атқарды. Жауапты қызметтерді атқарып, өңірдің саяси-мәдени өркендеуіне елеулі үлес қосты. Халықпен тығыз байланыс­та болып, елдің құрметіне бөленді. Сыр­дария аудандық мәслихатының 2024 жылғы 12 желтоқсандағы №150 шешімімен Сырдария ауданының әлеу­меттік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуында еңбек сіңірген Марат Жүсіпәліұлы Омаровқа «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» атағын беру туралы шешім қабылданды. Бүгінгі «Тереңөзектік замандастарым жайлы сыр» атты жаңа кітаптың тұсаукесері рәсімі қарсаңында мерейлі атақты табыстауға шешім қабылдадық. Мара­патыңыз құтты болсын, – деген Берік Әбдіғаппарұлы абзал азаматқа мерейлі марапатты табыс етті.

Актив жиынында аудандық ард­а­­герлер кеңесінің төрағасы М.Келді­­баев, Сырдария ауданының Құрметті азаматтары З.Сыздықова, Ұ.Жанәлиева сөз сөйлеп, ардақты аза­маттың аудан дамуына қосқан үлесін және лайықты марапат екенін атап өтті.

Сөз басында «Қос тойың қабат келсін» деген тәмсілді келтіруіміз бекер емес. Актив жиынынан кейін Марат Омаровтың жаңа кітабы оқыр­манға жол тартты. Салтанатты жиынға аудан әкімі бастаған ел ағалары, зиялы қауым өкілдері, кітап авторының замандас, құрдастары мен отбасы мүшелері қатысты. Көзі­қарақты оқырманға бұған дейін де Марат Омаровтың әңгімелері, есте­лік­тері аудандық газет арқылы және автордың жеке әлеуметтік парақшасы арқылы таныс. Оқуға оңай, тілге жеңіл, күнделікті айналамызда жүрген яки өмірден озған азаматтар жайлы естеліктер мен әңгімелер жинақталған кітаптың аты да «Тереңөзектік замандастарым жайлы сыр» деп аталып, оқырманын анадайдан тартып тұра­тындай. Кітап жалпы оқырман қауымға арналған. Екі жүз беттен тұратын кітап ішіндегі құнды есте­ліктер оқырманын елітіп, кітапты бір демде оқып шығуға жетелейді. Өзіңе таныс ауданның азаматтары туралы кітаптан оқып отырғанда қызық болғаны сонша, «бітіп қалмаса» екен деп отырасың. Бұл – мемлекеттік қызмет саласында еселі еңбек ете жүріп, шығармашылығын шыңдаған арда азаматтың елеулі еңбегінің жемісі, нәтижесі деуге негіз бар.

Тағылымы мол құнды кітаптың ашылу салтанатын ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер ода­ғының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы жүргізді. Ел ағаларының ақ тілегімен кезек ойлы оқырман олжасына айналған құнды кітаптың тұсаукесер рәсіміне берілді. Кітаптың лентасын аудан әкімі бастаған абзал азаматтар мен ел аналары қиды. Осылайша жаңа кітап өз оқырманына жол тартты. Келген қонақтарға жаңа кітап үлестірілді. Салтанатты жиынға қатысқан ақтілеу ағайын ақжарма лебізін арнап, құтты болсын айтты. Өнегелі кеште автор туралы, жаңа кітап туралы әсерлі әңгіме, тың естеліктер айтылды.

Шығыстың ұлы ғұламасы, ақын әрі ойшыл Омар Хаямның «Кітаптың ең алғашқы иесі Құдай» деген сөзі бар. Ал, Құдайдың талант ұғымына қатысты мейір-шапағаты екінің біріне түспейді, дарымайды деп айта аламыз. Өйткені, жүздің бірі ғана жүйелі сөз сабақтаса, мыңның бірі ғана ақын-жазушы болады. Ал Марат Омаров кітабының алғы сөзін «Менің кітап жазамын деген тіпті де ойым жоқ еді» деп бастайды. Әдеттегі жаттанды сөз бен жауыр тіркестен ада. Ә дегеннен оқырманын қызықтырып, елітіп әкетеді. Бұның өзі кітап жазушы автордың ойының еркіндігі, жазушылық шеберлігі деуге негіз бар. Сөз басында автор өзінің еңбек жолына тоқтала келе «Осынау уақытта небір мықты адамдармен табақтас, үзеңгілес болдым» деп ойын жалғайды. Бұл келесі ой мен тұтас кітап мазмұнына арқау болып, сілтеме беріп тұрғандай. «Олардың сөзі мен ісінен үлгі-өнеге алдым, естігенімді ұмытпайтын құймақұлақтығым да бар еді. Жақсының жақсылығын айтуды өзіме парыз санадым. Әлеуметтік желідегі парақшамда өзім көрген өнегелі адамдар жайлы естеліктерімді жаза бастадым» деп толықтырады автор өз ойын. Яғни кітап автордың өзі көрген, аралас-құралас болған айна­ла­сындағы адамдар туралы, сабақ аларлық оқиғалар туралы жазылған. Оның ішінде жинақта өңірдің дамуында ерекше аталатын тұлғалар Хайролла Әбенов, Алмагүл Божанова, Маханбет Бержанов, Расул Есенов және бүгінде ортамызда жүрген Яхия Тасыров, Жақып Асанов, Елена Әбдіхалықова, Алданберген Құл­баев, Алма Бақтиярова, Жаркен Исмағұлов, Рамазан Тайманов, басқа да еңбек адамдары туралы қызықты әңгімелер қамтылған. Олардың елге атқарған қызметтері мен игі істері кітап арқауы болған. Ел үшін еңбек еткен қайраткерлер, дәрігерлер, мәде­ниет майталмандары мен шар­уа адамдарының өмір жолындағы қы­зықты оқиғалары, ерлік істері жақсы суреттелген.

Бірнеше сағатқа созылған тағы­лымды кеш соңында кітап авторы, мемлекеттік қызмет саласының ар­дагері, Сырдария ауданының құр­метті азаматы Марат Омаровқа сөз берілді. Өз кезегінде автор кітаптың жарыққа шығуына, жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінің ойдағыдай өт­уі­не атсалысқан жандарға алғысын білдірді.

– Жақсы кітап халыққа қызмет етеді. Мен де ақыл-парасаты, білім-біліктілігі мол, көргені көп, өзіндік ой-пікірі бар адамдар жайлы жазғанда олардың өмір жолы мен тірлігін үлгі еткім, осы арқылы өскелең ұрпаққа жол сілтегім келді. Естімеген естісін, білмеген білсін дедім. Кітапқа енген әңгіме кейіпкерлерінің кейбірі қазіргі таңда арамызда болмаса, көпшілігі ортамызда, бүгінгі кешке де қатысып отыр. Кітап – өткеннің бүгінге, бүгіннің ертеңге аманат сөзін арқалаған құнды да қастерлі дүние. Байқап қарасаңыздар, кітаптың қап­талында «1» деген сан көрсетілген. Бұл – біздің бірінші кітабымыз. Алла қаласа, естеліктермен өрілген кітап өз жалғасын табатын болады, – деді ­Марат Жүсіпәліұлы.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
21 желтоқсан 2024 ж. 52 0