Өмірдің шектеулерін үзген мотиватор

Танымал шешен, «Аяқ-қолсыз өмір» коомерциялық емес ұйымының директоры Ник Вуйчич «Фокемелия» диагнозымен дүниеге келген. Аталған диагноз – жарымжандық немесе дене мүшесінің кемдігі бар жандарға қойылады. Алғашқыда ата-анасы тұңғышының осындай дертке шалдыққанына өкініш білдіргенімен, ақырында баласына барынша қолдау көрсетеді. Оқырман қауым арасында танымалдылыққа ие кітаптың өмірден өз орнын таба алмай жүрген жандарға айрықша мотивация беретіні жасырын емес. Адамдардың рухын көтеру мақсатында шартарапты шарлаған кейіпкер көптеген өмірдегі қиындықты жеңудің жолын қарастырады. Кітаптың мазмұны қарапайым тілде жазылған.
Шын мәнінде, аяқ-қолы жоқ әлемдік деңгейдегі мотиватор, феномен минутына компьютерде 43 сөз тереді, серфингпен айналысады, гольф ойнайды, балық аулауды ұнатады, жүзумен шұғылданып, трамплиннен суға сүңгиді.
– Мен өмірімде шектеу жоқ екеніне сенемін. Қандай проблема титықтатса да, сіздің де өміріңізге осылай қарағаңызды қалаймын. Жаңа өмір бастар алдында сізден өтінерім: өз өміріңізді шектемеңіз және өзгелердің де шектеуіне жол бермеңіз. Енді ойлаңыз: осы шектеулер аяқ астынан жоғалып кетсе, не болар еді? Бәрі де мүмкін болса, өміріңіз қандай болар еді, – дейді Ник Вуйчич.
Расында, 288 беттен тұратын кітаптың әрбір тарауы – ғажайыпқа толы. Он екі тараудан тұратын кітапта адам өміріндегі қиындықтарды жеңу жолы қарастырылады. Адам ойының әлсіздігі, шолақ болмауы хақында оқырманға тереңнен мағлұмат беріледі. Барлық бөлімде жазушы өзінің өмірін негізге ала отырып, оқырманнан жаңа тұлға жасап шығаруға тырысады.
Ендеше, әлем халқын таңқалдырған кітапты оқуға оқырманға кеңес береміз.
Б.АЯБЕКҰЛЫ