Узтоп

Өткен ғасырдың ортасында, яғни, соғыстан кейінгі жылдары Сыр халқына табыстың көзі сексеуіл отыны болғанын біреу білсе, біреу білмес. Қызылқұмнан сексеуіл отыны дайындалып, Ташкент арқылы Орталық Азия мен Ресей қалаларына жіберілді. Бұл жұмыстарды ашаршылық пен қиын-қыстау заманда қазаны ортаймаған, Ташкент қаласының өзбек ағайындары ұйымдастырып басқарды. Отын дайындап сататын мекеме «Ташкентское топливо» Тереңөзек, Шиелі аудандарында жұмыс жасап, қысқаша айтқанда, олардың орналасқан жері «Узтоп», «Таштоп» елді мекені деп аталды. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жапондықтармен айқаста қолға түскен тұтқындар Қызылқұмнан осы сексеуілді таситын кіші көлемдегі вагонның жүретін «Узкокалей» темір жолын салыпты. Оны қазақтар «Мотовоз» жолы деп атаған. Сол заманда мотовоз жолы Тереңөзектен басталып, екі дарияның Сырдария, Жаңадария өзендері және Шіркейлі каналының үстімен Шаған ауылының ортасымен, «23», »32», «42», Қосарық-Баян, Құмқала, Шірік, 168-інші разьезд елді мекендерінің ар жағы «Әмудария» мен Қарақалпақстанға дейін жалғасып жатты. Сексеуіл алыстаған сайын теміржолдың да мойны ұзарып тарам-тарам болып, 40-50 шақырымға дейінгі аумақтан өгіз арбаға, түйеге артып, Дт-74, штамповка, ЗиЛ көліктерімен жинап вагондарға тиеген. Техникамен тасымалдаушылар Молдаш Жаналиев, Әбдіғаппар Еспенбетов, Борис Семенов, Бақтай Ерғалиев, бас механик Таңатар Шанай секілді тағы басқа да азаматтардың еңбегі зор.
Тереңөзектен шыққан мотовоз соңғы аялдамаға шамамен 9-10 сағаттай уақытта жететін болған. Ол кездегі шалқып жатқан дарияның үстіне бөренеден қада «свай» қағып, көпір салып, ол көпірдің үстінен 8-12 тонна келетін сексеуіл тиеген тіркеме вагонды қалай өткізгендігіне осы күні естіген біз таң қалып отырмыз. Жылда көктемде дария тасып, жойқын сел жүріп көпірді шайып кетіп отырған. Узтоптың бар жұмысшысы жабылып көпірді қайта салып, мотовозды тоқтатпауға тырысатын. Бала кезімізде Узтоп елді мекенінің тұсында дарияның ортасында судан шығып тұрған бөренелерді көріп соған дейін жарысып жүзіп барып ойнайтынбыз. Кейін ойға түсіп жатыр сол судан шығып тұрған бөренелер мотовоздың көпірінен қалған соңғы іздер екендігі.
Мотовоздың составына адам таситын екі бөлмелі вагон тіркелген. Ол вагонға арлы-берлі қатынаған жолаушылар отырып, қыста темір пешпен жылынатын болған. Мотовоздың техникалық жағдайына басшылық жасаған Махамбет Сайлығараев, моторис Жақсыбай Бүркітбайұлы, Сағат Жақанұлы, Мүсілім Омаров болған. Кондуктор, диспетчер Айтбай ұлдары Уәйіс пен Райыс, Жақсылық Ешмұратұлы секілді жандар қызмет жасап, қазіргі тоқылдақ пойыз секілді елді мекен арасындағы жолаушы тасымалдау қызметін де бірге атқарған.
Қызылқұмның орталығы болып есептелетін Құмқала елді мекенінде 100-ге тарта отбасы тұрған. Оның алғашқы участке бастығы болып, нағилық экономист Зейнел Искаков, кейін іңкәрдариялық Райбек Ахметұлы қызмет істеген. Ал Қалдыбек Қарақаев есепші қызметінде болып, жұмысты барынша үйлестіріп отырды. Барлық жұмысшы бала шағасымен жабылып бірыңғай сексеуілді бұтарлап жинап, вагонға тиеумен айналысқан. Өз кезегінде Құрақбай Темірнұров, Өзбекбай Нұрышев еңбегімен танылып, жұмысшылардың алдыңғы қатарынан көрінді. Ол жерде еңбекақыны вагонға жинап, тиеген сексеуілдің салмағының шамасына қарай төленіп отырды. Азық-түлік және қаражатпен қамтамасыз ету тікелей Ташкенттен болған соң, жұмысшылар табыс табуға үнемі ағылып келіп-кетіп жатты. Құмқалада бастауыш мектеп, клуб, пошта, дүкен және жұмысшылардың жатақханасы болған. Үйлердің қабырғасын сексеуілді нығыздап бау қылып қалап, оны тышқақ лаймен сылап, терезе есіктерін орналастырып төбесін сексеуіл, қамыспен жауып әктеп отырған. Ол жердегі бастауыш мектептің директоры Нағим Еспенбетов пен Кішкенебай Жарасұлы, Сағындық Бөлебаев ұстаздық еткен. Ауылға келген қонақтар ардагер ұстазымыз Ұлмекен Жаналиеваның әкесі Шанай ақсақалдың берекелі дастарқанынан ауыз тимей кетпейтінін көз көрген кісілер айтып отырады. Жоғарғы класта оқитын оқушылар Тереңөзектегі мектеп интернатта жатып оқып, арасында мотовозбен ауылдарына қатынап, хабар алып отырған. Сол мотовозбен Тереңөзекке қатынап оқыған аға-апаларымыздың өзі қазір құрметке бөленген ата-әже болып отыр.
Аудан орталығындағы қазіргі «Қазақ» бұрынғы «Найман төбе» аталған көшеде сексеуіл базасы болған. Теміржолдың бойында орналасқан осы бөлігін халық «Шайтан бекет» деп атаған. Ол жерде қысы-жазы сексеуіл саудасы қызып жатқанын біз бала кезімізде көретінбіз. Қызылдан вагонеткамен келген сексеуілдер тау болып үйіліп жататын. Тереңөзекте табыстың көзі осы жер болған соң, жұмысшылар күні-түні отбасымен қона жатып, үлкен жүк вагондарға әлгі отындарды сорттап, нығыздап тиеп, лег-легімен жөнелтіп отырған. Найман төбедегі топбаздың жауапты қойма меңгерушісі қазіргі 103 жасты бағындырып отырған Яхия Тасыров ақсақал болған. Аудан, қала тұрғындары осы отынбаздан қыстық отындарын сатып алатын.
Таштоптың Тереңөзектегі кеңсесі Сырдария өзенінің жағасындағы «Узтоп» елді мекенінде болды. Ол жердегі 300-ден аса тұрғындарға бастауыш мектеп, медпункт, дүкендер қызмет көрсеткен. Узтопта арнайы ұзын-ұзын жұмысшы барактарда қазақ, өзбек, орыс, шешен, кәріс, татар, ноғай ұлттарының отбасы бірге тұрып осы мекемеде жұмыс жасаған. Узтоп мекемесін ұзақ жылдар Константин Мухаморов, кейін Нағман Абдуллаев басқарды. Партия ұйымына Қасым Сейдахметұлы жетекшілік еткен. Бұл жердегі орталау мектептің алғашқы директоры болып Полина Константинова Суворова, 1967-1973 жылдары Нағим Еспенбетов алғашқыда партог болса, кейін директор болды. Ардақты азаматтан Әбутәліп Есенов қабыл алып, әрі қарай мектеп басқарып, балаларға Сергей Тоқсанбаев, Сарсен Қаракаева, Зоя Светкова, секілді ағай-апайлар ұстаздық етті. Узтоп мекемесі ашылып, ол тарқағанға дейін барлық дүние-мүлікке жауапты қоймашы қызметін Орынбасар Шындаулетұлы атқарды. Медпунктің соңғы фельдшері Жақсылық Байманов болды. Ол жерде мотормен берілетін жарықтың жауапты электригі Сейфулмәлік Кеңесбаевтың орны бөлек болды.
«1971 жылдардың басында сексеуіл жинайтын жер алыстап бара жатқан соң сексеуіл тасу тиімді болмады ма, әлде біздің республика басшыларымен келісе алмады ма, өзбек ағайындар бұл мекемені жайлап тарқата бастады» дейді Яхия ақсақал. Соғыстан кейінгі ауыр жылдары осы мекемеде жұмыс істеп, отбасын асыраған көзі тірі қариялар өз заманын сағынышпен еске алады. Сол ауыр жылдары аймақтағы еңбекші халықтың тұрмысын көтеруге сексеуілдің себебі болғаны анық. Осы мақаланы жазу үстінде біраз адамды іздеп жүріп әңгімелесіп, естеліктерімен бөлістім. Қызылқұмда өткен өмірлері, балалық шағы қанша қиын болғанымен өз заманын жамандаған кісілерді көргенім жоқ. «Узтоп», «Таштоп» деген елді мекеннің аттары, мотовоз жолынан қалған шексіз ұзын қыраттар мен үстүрттер, елді мекеннің ескі жұрты осы оқиғаларды еске салады. Ол да бір тарих болып қалды.
Соңғы 20-30 жылдан бері Үкімет сексеуілді бұтарлауға шектеу қойып, қайта егу жұмыстарын жасауда. Қазір Қызылқұмда сексеуіл қалыңдап, орманға айналып барады деп естиміз. Лайым солай болғай.
– «Ташкентское топливо» мекемесі тарқап кеткеннен кейін «Шайтан бекетке» 5 вагон егесіз ағаш келді. Басшылардың бәрі басқа жұмыстарға ауысып кеткен. Вагондарды ұстап тұруға хақым жоқ. Штраф салады. Қызылқұмда жаңадан құрылған Іңкәрдария совхозында құрылыс жұмысы жүріп жатқан болатын. Оның қоймашысы Ибрагим Қобландин деген азаматқа ағаштарды өткіздім. Райком да, жай адамдар да бұл тірлігімнен бейхабар болды. Сол ағаштарды ешкім сұраған да, іздеген де жоқ. Өзім бір бұрау ағаш алмаппын. Сол адалдығым шығар, осы уақытқа дейін өмір сүріп келе жатқаным, – деп еске алады Яхия ақсақал.
Ол заманның адамдары атадан балаға жалғасып келе жатқан салт пен дәстүрді негізге алып, ұят пен обал, жақсы мен жаманды айыра отырып жазылмаған заңдылықпен тәрбие алған ғой, жарықтықтар...
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Фото: Ашық дереккөзден