Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » МУЗЕЙ – ӨЛКЕ ТАРИХЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ

МУЗЕЙ – ӨЛКЕ ТАРИХЫ, ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЗЫНАСЫ


Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – деп туған жерін тарихын зерттеп білуде, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда рухани тәрбие құралы музейлер туралы жазылған болатын.
Сыр күрішін жайқалтып, дән атасы атанған Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейіне қадам бассаңыз қара күш пен адал еңбекті сезінесіз.
Ескіріп, ел жадынан өше бастаған әрбір құнды дүниеге қайта жан бітіріп, жаңғыртып, жаңарта білетін музей директоры Құттықыз Ыханованың еңбегін елемеу мүмкін емес.
Қырық жылға жуық тарихы бар музейдің іші екі мәрте Еңбек Ері атанған Ы.Жақаевтың қолынан еңбек аттестатын алған «Коммунизм» колхозындағы күріш звеносының жетекшісі, Еңбек Ері Ш.Қазанбаева, З.Ержанова, күрішші Д.Сейітова т.б жақаевшылар жайлы мәліметтерге толы.
Сондай-ақ, туған жердің тарихынан сыр шертетін қасиетті мекенге келген қонақтар табан тіремей кетпейді. Онда бас сұққан жанның ерекше әсермен, жаңаша қарқынмен шығатынын да аңғарамыз. Әрбір жанға жайлылық сыйлайтын даңқты диқаншының ауылынан салынған жаңа ғимараттың сәні мен сымбаты да келісіп тұр.
Жыл сайын өскелең ұрпаққа өткенді болашақпен ұштастыра отырып, рухани азық сыйлайтын түрлі шараларды ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейі биыл да ерекшелігімен көзге түсті.
Атап айтар болсақ, «Музей – таным мен тарихтың бастау бұлағы» атты ауқымды шара ұйымдастырып, ардақты ардагерлердің ақ батасын алды.
Аталған шараға «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары П.Маханбет, аудандық мәслихат депутаты А.Әбдіқадырова, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов қатысып, музейдегі экспонаттармен танысты.
Онда, Шиелі ауданындағы мектептерде ашылған қоғамдық негіздегі музейлер арасында музей қорындағы экспонаттардан «Музей – өлкенің тарихы, халықтың қазынасы» атты көрме қойылды. Рухани азық сыйлайтын игі шараға мектеп оқушыларынан бастап, ардагерлер, ата-апаларымыз да куә болды.
Бір ғажабы, қазақ халқының салт-дәстүр, әдеп-жоралғысын жас буынға насихаттау мақсатында шиелілік ақ жаулықты әжелер сырмақ сырып, күбі пісті.
Музей алдына орналасқан ақшаңқан киіз үйдің ішін құрт, жент, майсөкке толтырып, самаурын қайнатып, бауырсақ пісірген әжелер мектеп оқушыларына ұмыт бола бастаған дәстүрлерді үйретті.
Қолдан түрлі бұйымдар жасап, тоқыма тоқыды. Ән айтып, арнау оқыды. Шараға қатысқан әрбір адамға рухани азық сыйлап, ой-санамызды қайта жаңғыртқан музей қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің бір ғана көрінісі деуге болады мұны.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ,
Шиелі ауданы



06 маусым 2018 ж. 1 665 0