Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бабалар мұрасынан ғибрат

Бабалар мұрасынан ғибрат

Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы,
тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – мәң­гілік елідің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздері мен бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұжырымдамасы. Тарихи-мәдени жадыны регенерациялау механизмін жасау мақсатында жалпыұлттық киелі жерлерді халық санасында қалыптастыруға бағытталған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы Сыр өңірінде де қарқынды жүзеге асырылуда. Облыстың өңірлік қасиетті нысандар тізіміне аудан бойынша 6 нысан, атап айтқанда Асанас қалашығы, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Асанас ата, Қожжан қожа, Құлболды ишан, Мүлкәлән әулие кесенесі енгізілді.
Мүлкәлән әулие кесенесі – аудандағы Іңкәр­дария ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 3 шақы­рым жерде, Жаңадария өзенінің жағасында орналасқан. Тарихи мәліметтерге сүйенер бол­сақ, Жаңадарияның жағасында орналасқан Мүл­кәлән күмбезі шамамен ХVІ ғасырдан жеткен сәулет өнері ескерткіші болып саналады. Ескерткіштің биіктігі 5 метр болады. Мазардың іргесіне қамыс төселіп, ішіне алты кісінің қабірі орналасқан. Ескерткіштің ішкі қабырғалары гипспен сыланған. Мұны Молда-Қалан мазары немесе Мехереғлан күмбезі деп те атайды. Жалпы, Мүлкәлән, Молда-Қалан – Мехереғланның лақап есімдері. Мехереғлан – белгілі әулие, емші болған. Аңыз бойынша, ол суармалы жер шаруашылығымен айналысқан, жеті жерде бір мезгілде үйі болған.
Мүлкәлән кесенесі үлкен қорымның түкпі­рін­де орналасқан. Ескерткіш шаршы пішінді күй­діріл­ген кірпіштерден тұрғызылған, жоспа­рындағы аумақтық өлшемдері – 9,26х12,28 метр. Төбесі төмен, күмбез асты барабанында тұрған күмбезбен жабылған. Кіреберіс ойығы оңтүстік-батысқа бағытталған. Ұзына бойы мен көлденең остерінде барабанның жоғарғы бөлігі мен күмбез негізін алып жатқан төрт тесік бар. Ескерткіштің корпусында сәл ауытқу бар, негізгі қасбетте орналасқан бетше босағаның екі жағындағы екі аркалы қуыстан басқасы іс жүзінде безендірілмеген. Кіреберіс ойығының үстінде жазуы бар филенкаларға арналған қаландының тікбұрышты шығыңқы бөлігі орналасқан.
Жөндеуге дейінгі ішкі көрінісінде сылақтың қалыңдығы сақталған, едені күйдірілген кірпіш­терден төселген. Камераның солтүстік бұры­шында әулиенің қабір үсті ескерткіші орналасқан. Масаханамен жабылған оның үстіне Құран ілінген. Камераның оң жақ жартысында бір қатарда орналасқан, қам кесектерден қаланып, күйдірілген кірпіштермен жиектелген бес қабір үсті ескерткіші бар. Кесененің оң жақ алдында шырақшы болған Төке Бүйрекұлы жерленген. Бұл кесене ортағасырлық мұсылман архитектурасының дәстүрінде салынған, сонымен бірге Орта Азияның солтүстік бөлігіндегі көшпенділерге тән «дахистандық» «бетше бол­сағам» типі де қолданылған. Бұл кесене 1982 жылы республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген. 1985 жылы қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 2007 жылы Мүлкәлән әулие кесенесіне күрделі жөндеу өтті.
Ескерткіштерден әрбір елдің тарихы мен өткенінен сыр шертер халықтың ұлттық байлығы ғана емес, сол елдің өткені мен бүгінін саралайтын, сол арқылы келешек ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде маңызы зор құндылық. Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғаудың маңыздылығы жайында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков «Қай халықтың болса да рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарынан танысудан басталатыны мәлім» деп айтқан болатын. Сондықтан кейінгі толқын аудан төңірегіндегі тарихи-мәдени ескерткіштерді білгені жөн.

Марат Омаров,
аудандық тарихи-өлкетану
музейінің меңгерушісі
24 қыркүйек 2019 ж. 695 0