Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Темірден түйін түйген шебер

Темірден түйін түйген шебер

Шойын темірді жылдар бойы жанына серік қылған автокөлік жүргізушілері арамызда жеткілікті. Аптап ыстық пен қақаған аязда бел жазбай еңбек еткен көлік саласы қызметкерлеріне деген құрмет ерекше болуы тиіс. Бүгінде 78 жасқа келсе де, көлік тізгіндейтін Мырзалы Орынбаевтың есімі көпшілікке таныс. Әркез жайдарлы, байсалды қалпынан таймайтын сала ардагері уақытында бірнеше автокөлік жүргізген. Кәсіби мерекеде өмір­лік тәжірибесі мол ақсақал бізге қызмет еткен жылдардағы ес­телігін кеңінен айтып берген болатын.

Әркез автокөліктің ақауын дауысынан ажырататын Мырзалы Орынбаев өз уақытында мақ­таулы маман атанған. Жаста­йынан көлік жүргізуге құмартқан ол бейнет пен еңбек қа­тар жүретініне сенімді. Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылында дүниеге келген Мырзалы Төребайұлының әке-шешесі 1 жасында Тереңөзекке қоныс аударады. От­басындағы 3 перзенттің ортаншысы Мырзалы ата білімнің қарашаңырағы, сол кездегі №35 М.Калинин атындағы орта мектептен білім алады. Он жылдықты бітіргеннен кейін қара жұмыс істеп, талай қиындықты еңсереді. Әкесі Төребайдан 12 жасында айырылған оның кө­кейінде «Қайтсемде отбасымды асыраймын» деген ой тұрды.

– Біз көрген қиындықты адам басына бермесін. Бала күнімізде жоқшылықтың кер­мек дәмін таттық. Бір бөлке нан алу үшін таңғы 3-4-тен бастап кезекте тұратын едік. Қоржын тамда тұратын біз күнделікті күнкө­рісті жақсарту үшін барымызды саламыз. Анамыз Былқылдақ қолындағы бар ақшасын ба­лаларының аш қалмауына жұмсайтын. Әри­не, буыны қатаймаған мені ешбір жерге жұ­мысқа қабылдамады. Барлық ауыртпалықты анама артып қойғаныма намыстандым. Сон­дықтан жасым жетпесе де, тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына жұмысқа орналастым. Мекеме басшысы Оспан Дүзімбетов ерекше қолдау көрсетіп, темірден сан түрлі бұйым жасайтын шебердің көмекшісі етті. Осылайша, темір бұйымдарын жасауға машықтандым, – деді Мырзалы Орынбаев.

Кейіннен Мырзалы ақсақал аудандағы «АТП» мекемесіне жұмысқа орналасады. Дер кезінде жүздеген көліктің ақауын анықтап, оны жөндейтін сала маманы бар жағынан өз қызметіне бейімделіп, төселеді. Бақылаушы-механик ретінде әрбір көлікті тексеруден өткізеді, ақауын анықтайды, жөндейді. Осылайша, тәжірибе жинақтайды. Техника тілін меңгерген кәнігі маман өзінен кейінгі жастарға ақыл-кеңесін айтып отырады. Көлікті күтіп ұстау, май-суын уақытылы тексеру, автобөл­шектерді сапалы етіп жөндеу барысын үнемі түсіндіреді. Отыз жылға жуық уақыт «АТП» мекемесінде қызмет еткен Мырзалы ақсақал жанар-жағармай автокөлігін айдайды.

– Мырзыкеңмен бірнеше жыл «АТП» меке­месінде қызмет еттік. Әр салаға жауапты өз маманы болады. Кәсібін сүйген адамнан зор нәтиже шығады. Тиянақты, қызметіне берілген сала маманынан үйренеріміз көп болатын. Жас жүргізушілерге жол нұсқап, тәжірибесімен бөлісіп, әркез ақылын айтатын. Мейірман ағаның бар қамқорлығын сезініп, ізгілікті жолын жалғастыруға барымызды салдық. Кәсіби тұрғыдан көлік жүргізіп, мекеме жұмысының алға қарай басуына зор ықпал етті, – дейді әріптесі Дүйсенбек Қадіров.

Өз қызметінің шебері Мырзалы Орынбаев зайыбы Шынармен бірге осыдан 53 жыл бұрын отау құрады. Қай кезде де қиындықты еңсеріп, берекелі отбасыға айналған ерлі-зайыпты 4 ұл, 1 қызды тәрбиелеп өсірді. Бү­гінде Жамбыл облысында тұратын Алтынай – әскери салада қызмет еткен сала ардагері. Ал ұл­дың үлкені Асылбек Алматы қаласында темір жол саласында, Асқар – жеке кәсіпкер, Әділбек аудандық қорғаныс бөлімінде, Ербол энергетика саласында ең­бек етеді. Мәуелі бәй­терекке айналған отбасы отағасының 15 немересі, 2 шөбересі бар. Мырзалы ақса­қал зейнетке шыққанға дейін ауыз су меке­месінде жұмыс істейді.

Негізінен, Мырзалы ақсақалдың темірден тү­йін түйетін өнері бар. Қолы қалт еткенде қаңылтырдан, темірден түрлі бұйымдар жасайды. Мәселен, кетпен, пышақ, темір пештер, керней, қалақ секілді керемет бұйымдарды жасап шығады. Сонымен бірге өмірі өнегеге толы Мырзалы Орынбаев автокөлік радиаторын жөндейді. Бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында ақсақал бір мезгіл бильярд ойнауды әдетке айналдырған.

«Көп еңбек еткенге бақыт басын иеді» деген мақал Мырзалы Орынбаевқа қарата айтылғандай. Қай кезде де көлік тізгіндеп, айналасына тек қуаныш сыйлап жүретін ақ­сақалдың ғұмыры ғибратқа толы. Ақылман ақ­сақал, қайратты жанның ғұмыры ұзақ болсын дейміз.



Балтабай Аябекұлы
09 тамыз 2022 ж. 699 0