Жүз жастағы майдангер
Майдан даласында 70 келі пулеметті жалғыз өзі көтеріп, жеңісті жақындатқан сарбаз барыс жылының алғашқы күндерінде ғасырлық мерейтойын тойламақ. Иә, біздің әңгімізге арқау болып отырған батагөй ақсақал – Яхия Тасыров 2 қаңтар күні 100 жасқа толады.
Кент көшелерін жаяу жүріп аралайтын қазыналы қарттың ғұмыры қиындықтарға толы. Келер ұрпаққа зұлмат соғыстың зардабы мен залалын көрмеуін айтатын ақсақал бейбітшілік пен тыныштықтың мәңгілік болғанын тілейді.
Кент көшелерін жаяу жүріп аралайтын қазыналы қарттың ғұмыры қиындықтарға толы. Келер ұрпаққа зұлмат соғыстың зардабы мен залалын көрмеуін айтатын ақсақал бейбітшілік пен тыныштықтың мәңгілік болғанын тілейді.
Осыдан бір ғасыр бұрын қазіргі Қараөзек ауылында дүниеге келген Яхия Тасыровтың жастық шағы Ташкент қаласында өтті. Соғысқа 19 жасында аттанған сарбаз Сталинград, Курск, Баранович, Польша жерлерін азат етуге күш салды. Ауыр шайқастардың бірінде жарақат алған Яхия Тасыров 1945 жылы елге оралады. Батагөй ақсақал сұрапыл соғыс кезіндегі ауыртпалыққа толы естеліктерін естен шығарған емес. Жақында қария «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды. Сонымен бірге, Яхия Тасыров – «Сырдария ауданының Құрметті азаматы».
– Саналы ғұмырында ел үшін еңбек еткен Яхия Тасыров қандай құрметке болса да лайық. Шежірелі қарттың өскелең ұрпаққа айтары мол. Екі ғасырдың куәгері талай тауқыметті күндерді бастан өткерді. Оның елі үшін еткен еңбегі еленіп келеді. Бұл ретте, аудан ардагерлері атынан батагөй ақсақалды ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев.
Балтабай ОРДАБЕКОВ