Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көшірме жұмыс жарға жықпасын!

Көшірме жұмыс жарға жықпасын!

Шығармашылық адамы әзиз ана да, оның ойынан, жанынан, сезімінен туған дүние мәпелеген сәбиі сынды. Ақынның өлеңі, жазушының шығармасы, дизайнердің сызбасы да солай. Ал бірақ біреудің дүниесін, еңбегін айна-қатесіз көшіріп алып, өз атынан жариялайтындар да бар. Оларға арналған авторлық құқық туралы ереже бар екенін еске сала кету орынды.

«Авторлық құқық және сабақ­тас­тық туралы» заңның жалпы ережелерінде «Осы Заң санаткерлік меншік саласында ғылым, әде­биет және өнер туын­дыларын, қойы­лымдарды, орын­даушылықты, фо­ног­раммаларды, эфир­­­лік және кабельдік хабар тарату ұйым­дарының хабарларын жасауға және пай­далануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді» деп көрсетілген.

Мұнда әдеби туынды, драмалық, музыкалық туынды, сценарий, хореография туындылары, түрлі деңгейдегі мәтіндер, дыбыс-бейнежазу туындылары, кескіндеме, мүсін графикасы, сәулет, құрылыс өнері туындылары, сурет, карта, бағдарламалар – адамның ойлау қабілетімен жасап шығаратын дүниесінің барлығы қамтылған. Ал авторлық құқық объектісіне кірмейтін туындылар ретінде халық ауыз әдебиеті шығар­­малары мен ресми құжаттар, мемлекеттік нышан, бел­гілер аталған.

Заңда көрсетілген құқықтарды бұзғаны үшін тиісті жауаптылық туындайды. «Күріштің арқасында күр­­мек су ішіптінің» керін келтіріп, біреудің ойын, идеясын сол күйі түгел пайдаланып, табыс табуға жол берілмейді. Әрине, адамдардың бәрі «гений» емес. Шығармашылық адамы бір-бірінен көргенін, білгенін ойда қорытып, өз қиялымен ұштастыра отырып, жаңа дүние жасап шығарады. Бұл жерде әңгіме түгел жұмысты көшіріп алып, өз игілігіне пайдаланып, пайда табушылар туралы. Іс сотқа дейін жететін болса, онда Қазақстан Республикасының заңы аясында жұмыс жүргізіледі. Ол бойынша ұрыдан тиісті мөлшерде төлемақы талап етіліп, пайдаланған авторы бар туын­дылар тәркіленеді. Өтемақы сол кезге дейін аталған туын­дыны пайдаланып тапқан табысын өндіру немесе айлық есептік көрсеткіш негізінде немесе туынды даналарының құнына сәйкес болуы мүмкін.

Авторлық құқық әдетте шығар­машылық адамдарына қатысты ай­ты­лады. Оның ішіне үлкен өнертабыстан бастап, кітап, сурет, өлең, мақала, әңгіме – адам жанынан шық­қан дүние­нің бәрі кіреді. Әрине, көпшілікке көру үшін, оқу үшін, ой түю үшін жазылған дүние болған соң газет-журналға, электронды сайт­тарға жарияланады. Негізгі мақсат – көрсе, білсе, тұжырым­даса екен деу.

Шығармашылық адамының жанынан шыққан дүние деген өзі дүниеге әкелген сәбиі секілді. Ойланып, тол­ғанып, жұмырлап жазып шығасың. Оқырман ойына жатық болуы үшін он қайтара оқып, күзеп-түзейсің. Кім қалай түсінер екен деп, әр бағыттағы адамның бәріне ортақ түсінікті етіп жазып шыққың келеді. «Білім алу, білгеніңді үйрету – ең абзал садақа» деген. Осы ретте біз де ізденген, көрген, білген тақырыбымыздан ой қорытып, соны көпшілікке ағар­ту­шылық мақсатта жолдаймыз. Бірақ неше күн, неше апта көз майыңды тауыса жазған дүниеңді өз атынан жариялап, астына өз ныспысын тізіп қоя салатындар бар. Бұл ең алдымен заңнан бұрын, ар алдындағы опасыздық дер едік.

Авторлық құқықты алу қазіргі таңда онлайн түрде де жүзеге асады. Логотиптер, кәсіпкерлік нысандар лицензиялау негізінде жүргізілсе, шығармашылық туындыларды онлайн түрде де рәсімдеп, автор екені анықталған жағдайда авторлық құқық туралы арнайы куәлік алуға болады. Ол үшін ресми сайтқа кіріп, тіркеу жұмыстарын жүргізесіз. Одан кейін қорғағыңыз келген туындыны енгізесіз. Мамандар жан-жақты барлау жұмыстарын жүргізген соң, егер туынды авторы расында да сіз екеніңіз дәлелденсе, құжатыңызды бірнеше күнде шығарып береді. Бұл қызметтерді пайдалану үшін тиісті мөлшерде өтемақы төлейтініңізді еске саламыз.

Авторлық құқыққа байланысты әлемдегі ең үлкен проблемалардың бірі – плагиат. Ән ұрлауға келгенде қазақстандықтар ешкімнен кем емес. Шетелдік ән әуенінің мұртын бұзбай сол қалпында сақтап, сөзін шамасы келгенше аударып не қайта жазып алып жатады. Тіпті шетелден ән ұрлауға келгенде біз алдыңғы шепте тұр екенбіз. Статистика нақты деректі көрсете алмайды. Себебі шығармашылықтың саласы көп.

Заттай жасаған – ұрлық, ал белең алған шығармашылық жұмысты ұр­лауды не деп атаймыз?

Асыл дініміз де біреудің мүлкіне иелік етуді құп көрмейді. Мұсылман адам өзгенің дүниесі мен мүлкіне аманат ретінде қарауы тиіс. Өйткені Ислам дінінде өзгенің мал-мүлкімен қатар сөзіне, еңбегіне, туындысына иелік жасап, өз пайдасы үшін жаратуға тыйым салынады. Ол аманатқа қиянат, кісіге зұлымдық жасау болып саналады.

Айтпақшы, авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретінде де беріледі. Керемет туынды яки өнер­табыс атадан балаға мұра ретінде қалдырыла алады. Ол мұрагерлік заң бойынша немесе өсиет негізінде жүзеге асады.


А.МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Н.Нұржаубай

15 шілде 2025 ж. 216 0