Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Авторлық құқық аяққа тапталмасын

Авторлық құқық аяққа тапталмасын

Қазақ танымында «жиендік жасау» деген ұғым бар. Қыздан туған баланы халқымыз «жиен» деген. Қыз баланың орнын төрден сайлап, қалай құрметтесе, жиенді де солай қадірлеп, нағашы жұртынан қалаған затын сұраусыз алса да, ешкім қарсы шықпаған. «Жиенді ұрғанның қолы қалтырайды» деп, нағашысының жүйрік атын, нар түйесін, қыран құсын алса да, кешіріммен қараған. Бірақ бұл бұрынғының салты. Қазір заман да, заң да өзгерді. Авторлық құқық деген ұғым пайда болды...

ӘЛҚИССА...

Шығыс Қазақстанның тумасы, белгілі айтыскер ақын Серік Құсанбаев өзінің «Жырлаумен өткен жиырма жыл» атты кітабының бір тақырыбын «Менің «жиендерім» деп атап, бірнеше бет естелікті осы тақырыпқа арнапты. Онда белгілі ақындардың айтыста өз сөзін жанынан шығарғандай айтып, талай жүлделі орынды иеленіп, қысылмай жүргенін сөз етеді. Біз де авторлық құқықты бұзып, шығармашылық адамының жанынан шыққан жұмысын өз атынан жариялап, алғысқа бөленіп жүрген заң бұзушыларды «жиендер» деп астарлай атап, осы тақырып төңірегінде сөз қозғамақпыз.

«Алматыдағы айтыста өзім айтысып болып, сахнаның сыртында тұр едім, кенет залдағылар әлдекімнің аузынан шыққан әр шумақ өлеңіне аяқ астынан дүркін-дүркін қол соғып кетті. «Бұл кім болды екен?» деп сахнаға таянсам, сол жерде айтысқа жаңадан қосылған жас ақынның аузымен айтылып, елдің ыстық ықыласы мен қолдауына бөленіп жатқан жыр жолдары – мына менің қостанайлықтарды айтыс барысында бес тұрғызып, бес отырғызған орыс шовинизміне, ядролық сынақ полигонының зардаптарына, кешегі аштық пен жазықсыз атылып-асылып кеткен Алаш арыстарына арналған жырларым. Тіпті үтір-нүктесіне дейін еш өзгеріссіз, өзімнің бауырым деп бауырыма тартып жүрген інішегімнің орындауында Алматы сахнасында өте сәтті айтылып жатты. Мен не дерімді білмей аңтарылып тұрып қалдым» деп жазады автор естелігінде.

ЖИЕНДІК ЕТКЕНМЕН, ИЕЛІК ЕТЕ АЛМАС

Авторлық құқық әдетте шығармашылық адамдарына қатысты айтылады. Оның ішіне үлкен өнертабыстан бастап, кітап, сурет, өлең, мақала, әңгіме – адам жанынан шыққан дүниенің бәрі кіреді. Әрине, көпшілікке көру үшін, оқу үшін, ой түю үшін жазылған дүние болған соң газет-журналға, электронды сайттарға жариялайсың. Негізгі мақсат – көрсе, білсе, тұжырымдаса екен дейсің. Біз тілшілік қызметті кәсіп еткен журналист болғандықтан өнертабыстан бұрын жазу-сызу мәселесіне тоқталсақ.

Шығармашылық адамының жанынан шыққан дүние деген өзі дүниеге әкелген сәбиі секілді. Ойланып, толғанып, жұмырлап жазып шығасың. Оқырман ойына жатық болуы үшін он қайтара оқып, күзеп-түзейсің. Кім қалай түсінер екен деп, әр бағыттағы адамның бәріне ортақ түсінікті етіп жазып шыққың келеді. «Білім алу, білгеніңді үйрету – ең абзал садақа» деген. Осы ретте біз де ізденген, көрген, білген тақырыбымыздан ой қорытып, соны көпшілікке ағартушылық мақсатта жолдаймыз. Бірақ, неше күн, неше апта көз майыңды тауса жазған дүниеңді жақсы атты жамылып, шіміркпей өз атынан жариялап, астына өз ныс­пысын тізіп қоя салатындар бар. Бұл ең алдымен заңнан бұрын, ар алдындағы опасыздық дер едік.

Бұндай жағдай біздің де басымыздан өткен. Қазақстан ғылымы туралы тақырыпты жан-жақты саралап жазып, бүгі-шүгесіне дейін зерттеп, көлемді мақала жазған едік. Бастапқыда республикалық «Қазақ» газетінде жарық көрген материал кейін өзіміздің аудандық басылымда да басылды. Әлеуметтік желі арқылы байланыс орнатып, сәтті жасалған сараптама екенін айтып жатқандар да болды. Содан кейін...

Кейін белгілі мақсатта арнайы басылымдарға ғылыми мақала шығаруым керек болды. Сөйтіп әлеуметтік желіден ғылыми журналдарды іздей бастадым. Заман дамыған, дәуір – ақпараттық технологиялардыкі. Қолыңыздағы кішкентай құрылғы арқылы жер-жерден хабар алып, кез келген газет-журналды оқуға мүмкіндік бар. Іздеу барысында ең алғашқылардың бірі болып Түркістан облысынан жарық көретін республикалық журнал көзіме түсті. Барлап қарасам, жаман емес сияқты. Басылымның кезекті электронды нұсқасын сайтқа жүктеп те қойыпты. Мәселенің мәні осы жерден басталды. Пдф нұсқаны жүктеп, журналды ашып қалсам, таныс тақырып. Жылы ұшырап оқи кеттім. Бір аптаға жуық ізденіп, жан-жақты зерттеп, әр жерден ақпарат алғызып, жазып шыққан сараптамам көзіме оттай басылды. Бірақ автор ретінде біздің аты-жөніміз емес, әлгі республикалық ғылыми журналдың бас редакторының аты-жөні тәспірленіпті. Ойлаңызшы, білдей бір республикалық газеттің бас редакторы қарапайым тілшінің мақаласын ұрлап, өз атынан мүйізі қарағайдай республикалық ғылыми журналдың алғысөзі ретінде жария­лап қойған. Бұндай да қорлық болады екен-ау! Ең болмаса, аз-кем өзгертсейші, пәтшағар! Сөзбе-сөз, айна-қатесіз көшірме жұмыс.

Бұл – біздің тілшілік қызметке енді араласа бастаған кезіміз, 2020 жылдары орын алған оқиға еді. Өміріңде болып жатқан жайдың бәрі ниетіңе орай дейді ғой. Қаншама газет-журналдың ішінен дәл сол журналдың сол нөмері қолыма түскеніне таң болдым. Біз білмейтін, біз көрмей қалып жатқан қаншама «сөз ұрлаушылар» барын кім білген?!

ЗАҢДЫ БІЛМЕУ ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕН БОСАТПАЙДЫ

Авторлық құқықты бұзып, шығар­ма ұрлаушыларға арналған заң бар екенін көпшілік біледі. Авторлық құқық туралы заң 1996 жылы 10 маусымда қабылданған. Кейінірек тиісті түзетулер енгізілген заңнамада ав­торлық құқық бұзушылар қандай көлемде айыппұл арқалайтыны яки зияткерлік меншік үшін сыйақы өтеу туралы нақты көрсетілген.

Мемлекет басшысы 2019 жылы Шетел инвесторлары кеңесінде сөйлеген сөзінде «Мемлекетіміз зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағыт алды» деген болатын. «Авторлық құқық және сабақтастық туралы» заңға осы күнге дейін аз-кем өзгеріс енгізілген. Биыл мамыр айында Мемлекет басшысы «ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық құқық пен сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау бойынша ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын да айтып өткеніміз орынды.

«Авторлық құқық және сабақтастық туралы» заңның жалпы ережелерінде «Осы Заң санаткерлік меншік саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын, қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастарды реттейді» деп көрсетілген.

Мұнда әдеби туынды, драмалық, музыкалық туынды, сценарий, хореография туындылары, түрлі деңгейдегі мәтіндер, дыбыс-бейнежазу туындылары, кескіндеме, мүсін графикасы, сәулет, құрылыс өнері туындылары, сурет, карта, бағдарламалар – адам­ның ойлау қабілетімен жасап шығаратын дүниесінің барлығы қамтылған. Ал авторлық құқық объектісіне кірмейтін туындылар ретінде халық ауыз әдебиеті шығармалары мен ресми құжаттар, мемлекеттік нышан, белгілер аталған.

Заңда көрсетілген құқықтарды бұзғаны үшін тиісті жауаптылық туындайды. «Күріштің арқасында күрмек су ішіптінің» керін келтіріп, біреудің ойын, идеясын сол күйі түгел пайдаланып, табыс табуға жол берілмейді. Әрине, адамдардың бәрі «гений» емес. Шығармашылық адамы бір-бірінен көргенін, білгенін ойда қорытып, өз қиялымен ұштас­тыра отырып, жаңа дүние жасап шығарады. Бұл жерде әңгіме түйені түгімен жұтқандай, түгел жұмысты көшіріп алып, өз игілігіне пайдаланып, пайда табушылар туралы. Іс сотқа дейін жететін болса, онда Қазақстан Республикасының заңы аясында жұмыс жүргізіледі. Ол бойынша ұры­дан тиісті мөлшерде төлемақы талап етіліп, пайдаланған авторы бар туындылар тәркіленеді. Өтемақы сол кезге дейін аталған туындыны пайдаланып тапқан табысын өндіру немесе айлық есептік көрсеткіш негізінде немесе туынды даналарының құнына сәйкес болуы мүмкін.

Айтпақшы, жоғарыда аталған оқиғамызға орай біз заң жүзінде іс қозғамадық. Қазақылыққа салынып, «Сүрінбейтін тұяқ жоқ», ол да қазақтың баласы ғой, кесіріміз тимесін» дедік те, қойдық. Алла кешірімді, біз біреудің қателігіне көз жұмсақ, Құдай бізді де сақтайды деп, авторлық құқықты өрескел бұзған «бас редакторға» қатаң ескерту жариялағанымызбен, айыппұл арқалатпадық.

АВТОРЛЫҚ КУӘЛІКТІ ҚАЛАЙ АЛАМЫЗ?

Авторлық құқықты алу қазіргі таң­да онлайн түрде де жүзеге асады. Логотиптер, кәсіпкерлік нысандар лицензиялау негізінде жүргізілсе, шығармашылық туындыларды онлайн түрде де рәсімдеп, автор екені анықталған жағдайда авторлық құқық туралы арнайы куәлік алуға болады. Ол үшін ресми сайтқа кіріп, тіркеу жұмыстарын жүргізесіз. Одан кейін қорғағыңыз келген туындыны енгізесіз. Мамандар жан-жақты барлау жұмыстарын жүргізген соң, егер туынды авторы расында да сіз екеніңіз дәлелденсе, құжатыңызды бірнеше күнде шығарып береді. Бұл қызметтерді пайдалану үшін тиісті мөлшерде өтемақы төлейтініңізді еске саламыз.­

Десек те, бұл қай туындыңа да міндетті түрде қаржы төлеп, автор­лық құқық алып отыру қажет деген сөз емес. Аптасына бірнеше мақала жазып, жариялайтын біз үшін де әр материалды заң негізінде авторлық құқықпен қорғап, арнайы куәлік алып отыру тиімсіз. Қолданыстағы Заңда бұл туралы да сөз қозғалған. Яғни «Туынды және құрама шығармалар, өздерінің негізге алынған немесе өздеріне енген туындылардың авторлық құқық объектілері болу-болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады» деп жазылған.

Сондай-ақ өзінің айрықша мүліктік құқықтары туралы хабарлау үшін туынды иесі авторлық құқықты қорғау белгісін пайдалануға құқылы. Олар қоршауға алынған латынша «С» әріпі немесе айрықша авторлық құқық иесінің есімі, туындының алғаш жарияланған мерзімі болуы мүмкін.

Белгілі туындының авторлық құқығымен қоса аты белгілі, көп­шілікке танымал, тұтынушысы көп кәсіпкерлік нысанның атын, логотипін заңсыз, рұқсатсыз пайдаланушы да заңмен қудаланатынын еске сала кетейік. Қазіргі кезде ірі кәсіпкерлік нысандар арасында бұндай мәселе жоқ емес. Бұл жерде идея авторы, туынды иесімен келісімге келіп, арнайы авторлық сыйақы өтеуінсіз, атын жамылып жұмыс жүргізсе, заң жүзінде қарауға негіз бар. Ал егер қос тарап арасында арнайы келісіммен жүзеге асатын болса, сатып алушы тарап авторға авторлық сыйақы беруге міндетті.

Айта кетейік, көлемді шығарма не туынды үшін арнайы бекітіліп, заң жүзінде рәсімделген авторлық құқық автордың бүкіл ғұмыры бойына және ол қайтыс болғаннан кейін жетпіс жыл бойы өз күшін жоймайды. Туындыға авторлық құқықтың қол­данылу мерзімі бітсе, ол қоғамдық игілікке айналды дегенді білдіреді. Қоғамдық игілікке айналған туындыны кез келген адам авторлық сыйақы төлемей-ақ пайдалана алады. Дегенмен авторлық құқық, автор есімінің құқығы мен оның беделі сақталуы тиіс.

Айтпақшы, авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретінде де беріледі. Керемет туынды яки өнертабыс атадан балаға мұра ретінде қалдырыла алады. Ол мұрагерлік заң бойынша немесе өсиет негізінде жүзеге асады.


ҚҰҚЫҚ КӘСІПКЕ АЙНАЛМАСЫН

Көлемді кітап, шығармашылық туынды, кәсіпкерлік нысан сияқты үлкен идеяларды ұрлап, оны сотқа салып, кәдімгідей заң аясында жұмыс жүргізіліп жатса жөні бөлек. Авторлық құқық мәселесін кәсіпке айналдырғандар да бар екен. Негізгі бағытымыз шығармашылық саласы болғандықтан, бұндай оқиғаны естіп-біліп жатамыз.

Авторлық құқыққа байланысты әлемдегі ең үлкен проблемалардың бірі – плагиат. Ән ұрлауға келгенде қазақстандықтар ешкімнен кем емес. Шетелдік ән әуенінің мұртын бұзбай сол қалпында сақтап, сөзін шамасы келгенше аударып не қайта жазып алып жатады. Тіпті шетелден ән ұрлауға келгенде біз алдыңғы шепте тұр екенбіз. Статистика нақты деректі көрсете алмайды. Себебі шығармашылықтың саласы көп.

Сурет плагиаты да маңызды мәселеге айналып тұр. Атақты фотографтардың белгілі туындылары бары рас. Арнайы көрмеге қатысып яки жүлде ұтқан суреттер туралы сөз болғанда, дауымыз жоқ. Бірақ, дәл осы сурет мәселесін нағыз кәсіпке айналдырып алғандар да бар. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған кезең. Былайынша, керек суретімізді ғаламтордан іздеп, мың сан түрін тауып аламыз. Сонымен қатар елдің бәрінде сапалы суретке түсіретін телефон, екінің бірінде фотоаппарат бар. Әрине, арнайы түсірілген суреттің құқығы қорғалуы орынды-ау. Десек те, ашық дереккөз ретінде ғаламторға жүктелген суретті даулау орынсыздау сияқты. Әр нәрсенің реті, орны болғаны жөн. Десек те, «Бәле іздеген бәлеге жолығады» демекші, біреуге әдейілеп кесір тигізудің жауап­сыз қалмасы анық.

ТҮЙІН

Шығармашылық адамы әзиз ана да, оның ойынан, жанынан, сезімінен туған дүние мәпелеген сәбиі сынды. Ақынның өлеңі, жазушының шығармасы, дизайнердің сызбасы да солай. Заттай жасаған – ұрлық, ал белең алған шығармашылық жұмысты ұрлауды не деп атаймыз?

Асыл дініміз де біреудің мүлкіне иелік етуді құп көрмейді. Мұсылман адам өзгенің дүниесі мен мүлкіне аманат ретінде қарауы тиіс. Өйткені ислам дінінде өзгенің мал-мүлкімен қатар сөзіне, еңбегіне, туындысына иелік жасап, өз пайдасы үшін жаратуға тыйым салынады. Ол аманатқа қиянат, кісіге зұлымдық жасау болып саналады. Ал біреудің еңбегін пайдаланып тапқан табыс – харам. «Бір-біріңнің мал-мүлкін харам жолдармен жемеңдер» деп бұйырады Жаратушы «Бақара» сүресінде.


Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
Фото: Коллажды жасаған Амангелді Қияс
23 желтоқсан 2023 ж. 330 0