Қоршаған ортаның тазалығы – қоғам мәдениеті

Әлем елдерінде қоршаған орта мен қоғамдық орынды, ауланы таза ұстауға байланысты бірнеше тәжірибе енгізілген. Мәселен, Жапонияда халық өзі тұрған орынды таза ұстауға жауапты деп санайды. Қоқыс жәшіктері аз болғандықтан, өз қоқысын үйіне апарып тастайды. Балалар мектепте тазалыққа үйренеді. Олар өз сыныптарын өздері тазалайды. Ал Сингапурда қоғамдық орындарды ластаған жандар қомақты айыппұл арқалайды. Германияда адамдар бір-бірін қадағалайды. Тазалық бұзылса ескерту жасап, қоқыстарға сұрыптау жасайды. Өзге де бірнеше мемлекетте арнайы ереже енгізілген. Ең бастысы – жергілікті халықтың тазалық мәдениетін сақталуында ерекше тәртіп бар.
Елімізде қоқыс тастаған заңды және жеке тұлғаларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-бабына сәйкес шара қолданылады. «Қоғамдық орында темекі шегу, шемішке шағу, қоқыс лақтыру сияқты ұсақ бұзақылықтар» әкімшілік құқықбұзушылық санатына кіреді. Қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамаған көпшілік айыппұлға қанағаттанбай, іс-әрекетін қайтадан жасаған жағдайда 10 тәулікке түрмеге тоғытылуы мүмкін.
Осы күні аудан көлемінде жеке кәсіпкерлерге санитарлық талапты сақтауға байланысты түсіндірме жұмысы жүргізілуде. Арнайы мониторинг жүргізіліп, құзырлы органдар кәсіпкерлік нысандарының ауласын таза ұстауға, ғимараттың қасбетін әрлеуге, айналасын абаттандыруға жұмыс жасау керектігі ескертілуде. Ескертуге құлақ аспаған кәсіпкерлік нысандарының иесі Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 425-бабымен тиісті жаза арқалап, айыппұл төлеуге мәжбүр болады.
– Апта сайын сенбілік жұмысы жасалып, тазалық қызметкерлері күл-қоқыстан арылтқанымен, қоғамдық тәртіптің орын алмауы қынжылтады. Сенбілік барысында шөптер шабылып, тұрғындардың есігінің алды тазаланады. Сонда байқағанымыз, ер-азаматтар өз ауласын, көше бет аумағын тазалауға, шөбін шабуға құлықсыздық танытады. Кәсіпкерлік нысандарының кейбір иелері тазалық жұмысына салғырттық танытады. Бұның барлығы – жауапкершілікке келіп тіреледі, – дейді кент әкімі Ержан Бақтияров.
Балтабай ОРДАБЕКОВ