Қоршаған орта тазалығы жауапкершілікті қажет етеді

Қазіргі уақытта Тереңөзек кенті мен әрбір елді мекеннің аумағы кеңеюде. Жаңа тұрғын үй түскен көшенің саны артқан. Осы кезге дейін құрылыспен айналысып, үй тұрғызған көпшілік тұрмыстық қалдықты көшеге тастауды әдетке айналдырған. Экологиялық тұрғыдан қоршаған ортаға зиян келтіретін қоқысты белгіленген орынға тастау мәдениеті қалыптасқаны абзал. Әрине, бәрінен маңыздысы, тазалыққа келгенде адамдардың немқұрайлылық танытпау керектігін естен шығармаған абзал.
Айта кетейік, өткен аптаның сенбісінде мемлекеттік және тағы да басқа мекеме қызметкерлері тазалық жұмысына үлес қосты. Жұдырықтай жұмылған аудан тұрғындары жекелеген көшенің қоқысын жинап, арнайы полигонға апарып тастады. Қоңыр күзде ерекше кейіпке енген ағаштардың жапырағы жиналған арықтың іші де тазартылды. Сонымен бірге темір қоршауларды сырлау, жол белгісі мен жолақты қайта қалпына келтіру күн тәртібінен түскен емес. Ал көпқабатты тұрғын үйдің сыртқы келбетін таза ұстау, айналасына күл-қоқыс тастамау адамдардың жеке жауапкершілігіне кіруі тиіс. Айта кетейік, сенбілікте Тереңөзек кенті бойынша Ғ.Мұратбаев, Д.Керейтбаев, О.Мәлібаев, Қ.Қазантаев, «Қызылорда-Жалағаш» автожолының бойы және де білім мен денсаулық саласы ғимараттарының ауласы тазартылды.

Алдағы уақытта тазалық жұмысы тұрақты түрде аудан бойынша жүргізілетін болады. Жалпыаудандық сенбіліктің мақсаты аудан көшелерінің тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру екені мәлім. Бұл ретте, жергілікті тұрғындардың сенбілікке белсенді түрде қатысуы тазалықтың сақталуын қамтамасыз етеді.
Балтабай ОРДАБЕКОВ