Емдеу ісінің үздігі

Табиғатынан тазалықты, тиянақтылықты жаны сүйетін Сәрсенкүл Танкенова – Жалағаш ауданының тумасы. Іргелес орналасқан ауданда дүниеге келген аяулы ана алдағы жылы 80 жасқа келеді. Негізінен, білімділігімен көпке танылған жан мектепті «Алтын белгіге» бітіреді. Оқуда озат атанған Сәрсенкүл Қайбарқызы Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Мұнда 1964-1971 жылдары білім алып, кәсіби дәрігер болуға ұмтылады. Медициналық институттың жолдамасы негізінде еңбек кітапшасы алғаш Тереңөзек аудандық ауруханасының педиатры ретінде ашылады.
– Жалпы бала дәрігері болу арқылы әрбір маман үлкен жауапкершілікті сезінеді. Қай кезде де сәби күнінен бала қай жері ауырып тұрғанын айта алмайды. Сондықтан оқыған білімді жұмыс барысында тәжірибе арқылы ұштастыруға тура келеді. Өзім ветеринария саласында қажырлы еңбегімен танылған Бақытбек Мыхановпен осыдан 55 жыл бұрын отау құрдым. Әрине, ер азаматының қас қабағына қарайтын әйел заты ретінде жолдасымның қызметіне қарай менің жұмыс бағытым ауысып отырды. 1974-1976 жылдары Шаған ауылында педиатр қызметін абыроймен атқардым. Бала дәрігері әркез ізденіс үстінде жүруі тиіс. Мені осы қызметте бірден-бір шыңдаған адам Айткүл ұстазым еді, – дейді ардақты ана.
Жолдасының қызмет ауыстыруына байланысты Тереңөзекке қайта қоныс аударған Сәрсенкүл Танкенова аудандық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалды. Білікті басшы сан салаға бөлінген ауруханаға жауапты менеджер ретінде таңдалды. Тереңөзекте 150, Шағанда 100, Қараөзекте 25, Іңкәрдарияда 25, Нағи Ілиясовта 25 орындық аурухана, 28 фельдшерлік-акушерлік бекет кіретін емдеу мекемесіне жетекшілік ету оңайға соқпады. Сонымен қатар тубдиспансерлік аурухана мен дәріхана қызметін үйлестіру керек болатын. Мұндайда саланың бүге-шүгесін меңгерген Сәрсенкүл Қайбарқызы жанына нағыз майталман мамандарды жинады. Әрбір салаға жетекшілік ететін орынбасарын тағайындап, аға буынның ақылына, тәжірибесіне сүйенді.
– Бас дәрігер ретінде 9 жыл қызмет еттім. Жанымнан табылып, денсаулық сақтау саласына еңбегін сіңірген жандар жеткілікті. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде аудан медицинасына өз үлесімізді қосуға тырыстық. Талап болған жерде жұмыс өнімді болады. 30 жасымда бас дәрігер болған мен үшін облыстан үздіктер қатарынан көріну – зор мәртебе еді. Он жылдықтың қорытындысы негізінде «Құрмет белгісі» орденін иелендім. Халық қалаулысы, пленум мүшесі болып сайландым. Қоғамдық жұмысқа етене араластым, – дейді Сәрсенкүл Қайбарқызы.
Кейіннен, аяулы ана қазіргі Ақжарма және Нағи Ілиясов ауылында дәрігер атанады. Жолдасы – Бақытбек Мыханов ветеринария саласында еңселі еңбегімен танылады. Қызметте бірнеше өрлеу сатысынан өтіп, Сәкен Сейфуллин ауылында да жұмыстың озық үлгісін көрсетеді.
Бұл ретте Бақытбек Мыханов облыстық деңгейде өз саласын дөңгелету үшін жоғарғы лауазымды қызметке орналасады. Ал Сәрсенкүл апа 1996 жылы 25 жылдық еңбек өтілімен зейнет демалысына шығады. Медицина саласының білгір маманы 3 перзентті дүниеге әкеледі. Қызы – Жанар Тараз қаласында тұрады. Білім саласының маманы. Ал ұлы Еркін – жеке кәсіппен айналысса, Нұркен – «Ер-Ару-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры. Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты.
Балтабай ОРДАБЕКОВ