Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Майталман маман

Майталман маман

Биыл елімізде алғаш рет «10 шілде – Ветеринариялық қызметкер күні» кәсіби мерекесі белгіленді. Бұл – мал дәрігері қызметіндегі азаматтар үшін жағымды жаңалық. Тәуелсіздік алған жылдан бастап, кез келген сала майталманы кәсіби мерекенің қолданысқа енгізу керектігін жиі көтеріп келді. Тұңғыш «Ветеринария туралы» бірінші заң қабылданған күнге тұспа-тұс келген кәсіби мереке аясында сала ардагері, өз ісінің білгірі Бекзада Мұсағұловпен емен-жарқын әңгімелесу мақсатында шаңырағына бас сұққан болатынбыз.

«Көп жылғы ойлаған арманымыз орындалды» деген қуанышты сөзімен қарсы алған ел ағасы 40 жылдан аса уақытта мал дәрігері ретінде нағыз еңбекке араласқан. 1955 жылдың төлі Бекзада Ибадуллаұлы Алматы қаласындағы зоотехникалық мал дәрігерлік институтта білімін жетілдіріп, алғашқы қызметтік жолын сол кездегі «Партияның ХХІ съезі» атындағы совхозға мал дәрігері болып қызметке орналасады. Қашанда ауыртпалығы мол салада тегеурінділік танытқан арда азамат мал дәрігерлік қызметтің бүге-шүгесіне барынша қанығады.

– Айналайын, балам! Біздің салада төзімі жеткен жандар қызмет етеді. Біз оқуды 30 бала тәмамдасақ, соның ішінде 5-6 дәрігер мамандыққа адалдық таныттық. Қалған замандастарым қиындыққа төтеп бере алмады. Негізінен, аудандағы ветеринария саласының тарихы 1946 жылдан бастау алады деген ақпар бар. Дегенмен, саланың жан-жақты жетіліп, толысқан кезеңі 1965 жылға тұспа-тұс келеді. Өз кезегінде 1965-1968 жылдары Сәбит Далдабаев салаға жетекшілік етсе, 1968-1976 жыл аралықта Әлжан Ибраев басшылық жасады. Сонымен қатар Әкбар Шәймерденов 1976 жылдан 1987 жылға дейін ветеринария қызметін өрге сүйреді. Ал 18 жыл бойы Шәкен Нарболдиев жұмысына мығым екендігін көрсете білді. Мені алғаш жұмысқа қабылдаған Әкбар ағамыз болатын. 24 жыл Партияның ХХІ съезі» атындағы совхоздың бас мал дәрігері қызметін атқардым, – дейді Бекзада Ибадуллаұлы.


Сол уақытта «Партияның ХХІ съезі» атындағы сов­хозда 5000-ға жуық ірі қара, 1000-ға жуық жылқы болған. Әріптестері Аманулла Смайлов, Төлеутай Рақышев, Ұзақбай Нұрманов, Қайрахман Желдербаевпен бірге халық малын емдеуге барын салған. Сондай-ақ сала ардагері жұмыс барысында шіркейлілік Жарылқасын Нұртаев, шағандық Сексен Жаңабаев, іңкәрдариялық Бекет Шахаев, Ақжармадан Тасболат Тоқманов, Нағи Ілиясовтан Өміртай Әбжәлиев, Асқар Тоқмағамбетовтен Сейітқали Сүлейменов, Сәкен Сейфуллиннен Батырхан Наурызбаев, Қараөзектен Нағашыбай Әбіловпен берік байланыс орнатып, ортақ тәжірибе алмасып отырған. Ал өзі қызмет істеген ауылдағы шаруаны білікті Қожабек Жаппасбаевтан қабылдап алған.


– Негізінен, уақытпен санаспайтын саланың жұмысы қым-қуыт келеді. Малы ауырған көпшілік мезгілсіз уақытта шақырып, жәрдем сұрайды. Мұндайда біз қол қусырып қарап отырмаймыз. Осындай жауапкершілігі мол қыз­метте шың­далған бір­неше азамат қатарында Рүстем Шегебаев, Мұхтар Оспанов, Әділхан Ибраев, Жұбаныш Есіркепов, Әлиасқар Жүсіпов, Қайырбек Жүсіпов, Сәду Бексейітов, Ордаш Майханов, Бектұр Нұрахметов, Әбсадық Тұрғанбаев, Рахманберді Нұрадинов, Тұрсынбай Бекенов, Смат Мырзалиев, Баймахан Бекмағанбетов, Нариман Айтпанбетов, Жұмабай Жәмшитов, Жанай Жүнісов бар. Аты аталған әрбір жаны жайсаң азаматтың ветеринария саласында өшпес ізі қалды. Олардың жергілікті халық үшін атқарған қызметін мақтанышпен айта аламыз, – дейді сала ардагері.

Бүгінде зейнет демалысында жүріп, жастарға бар ақылын аямайтын Бекзада аға 2004-2006 жылдары аралығында жеке кәсіпкер ретінде жұмыс жасаса, кейіннен мемлекеттік қызметке орналасып, бөлім басшысы және бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспектор лауазымын абыроймен атқарған.


Бірнеше жылдан бері саланың қыр-сырына қаныққан ардақты азамат аудандағы ветеринариялық станса жұмысына тоқталды. Бүгінде Нұрлыбек Дәулетбаев басқаратын мекемеде 65 адам жұмыс жасайды. Тереңөзек кенті мен барлық елді мекенде ветеринариялық учаскелік пункт орналасқан. Онда меңгеруші мен 3-4 маман халықтың төрт түлігін емдеп жазуға жағдай жасайды. Шын мәнінде, ветеринариялық станса қызметкерлері аудан көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында төрт түлікте кездесетін 14 жұқпалы ауруға қарсы екпе егеді. Мемлекеттен қаржыландырылатын екпе жұмысы тиянақтылықпен атқарылады. Әрбір үйдегі мал басы анықталып, бірдейлендіру жүргізіледі. Құлағына сырға тағайындалып, құжат дайындалады. Малды сатуға, ұзақ жолға, яғни өзге өңірге алып шығу үшін денсаулығы жөнінде анықтама беріледі. Құтырған ит-мысыққа қатысты жан-жақты жұмыс жасалады. Бұның барлығы – аудан бойынша еңбек ететін 65 қызметкердің міндетіне кіреді.

– Шын мәнінде, мал дәрігері болған сәтте сан түрлі жұқпалы ауруды көзімізбен көрдік. Сібір жарасы ошағының орны арнайы белгіленіп, барынша қадағалау жасалынады. Өткен ғасырдың бел ортасында Шиелі ауданында тасқын болған кезде Сібір жарасы анықталғанын білеміз. Ол жұқпалы ауру жерінде 100 жылға дейін сақталады. Тек ғана малдан адамға жұғатын бруцеллез ауруын алдын алуға байланысты талай кешінді іс-шара дайындалды. Негізінен, салаға ер баланы тарту жөнінде министрлікке хат жазған болатынмын. Мал дәрігерлік мамандықта ер азаматтың үлес салмағы басым болуы тиіс, – дейді көпті көрген аға.

Бекзада Ибадуллаұлы қызмет барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бағалау және қадағалау комитетіне қарасты Сырдария аудандық аумақтық инспекциясының жұмысын жандандыруға көңіл бөлген. Бүгінде аталған мекемеге Ғалымжан Садықов басшылық жасайды. Жалпы, ауданда өзіндік жұмыс дағдысы қалыптасқан аумақтық инспекция бірнеше рет құрылымдық тұрғыдан өзгеріске ұшыраған. Бір уақытта іргелі ұжым ветеринария, өсімдік, техника, тұқым бойынша бақылауды күшейтсе, қазіргі уақытта негізгі салаға басымдық беріледі. Барлық атқарылуға тиісті барлық жұмысқа бақылау жасайды. Сонымен қатар шетелге шығатын төрт түлікке, оның өніміне анықтама береді. Айта кетерлігі, аумақтық инспекция ауданда 1999 жылдан бері халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді.


Сала ардагерімен әңгіме барысында аудандағы ветеринариялық зертхана жұмысына тереңнен қанықтық. Әрбір кезеңде Сәт Қашақбаев, Баян Дәулетбаева, Нұрғаным Молдажарова жетекшілік еткен зертхана қызметі бір сәтке тоқтаған емес. Бүгінде арнайы пункт ретінде қан талдамасын жинақтап, Қызылорда қаласына жолдайтын ұжымға Алуаш Дәужанова жетекшілік етеді.

Ел ішінде сый-құрметке ие, мінезі ақжарқын аға Бекзада Мұсағұлов отбасында 7 ағайынды екен. 1977 жылы аяулы жары Фаруза апаймен отау құрып, 8 перзентті дүниеге әкелген. Ұлы Дәурен әке жолын қуып, ветеринария саласын таңдаған. Сала ардагері қиындығы мен қызығы қатар жүретін мамандықта абырой биігінен көрініп, бірнеше жоғарғы марапатқа қол жеткізген. Мәселен, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төс белгісі мен «Еңбек даңқы» медалімен марапатталуы – оның мерейін асқақтата түскен.

Балтабай ОРДАБЕКОВ
10 шілде 2024 ж. 164 0