Домбыра туралы қызықты дерек
Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра. Қадыр ақынның айтып кеткен бір ауыз сөзі қазақ үшін өміршең ұғымға айналды. Қазақ пен домбыра егіз ұғым іспеттес. Содан болса керек, қазақта домбыраның түрі де, жасау тәсілі де көп, – деп жазады massaget.kz
Ғалымдардың айтуынша, бүгінде қазақта домбыраның 20-дан астам түрі бар. Олардың кейбірі көне түрлері болса, енді бірі - жаңасы. Домбыра жасаудың үздігі, осы күнге дейін 3 мыңға жуық домбыра жасаған, танымал профессор Жолаушы Тұрдықұловтың айтуынша, көне аспапты жасау ілімі ғасырлар бойы атадан балаға мұра болып беріліп отырған. Содан түрлері көбейіп кеткен көрінеді.
Қазіргі таңда домбыраның келесідей түрлері бар: ән мен күй домбырасы, торсық, тұмар, кең шанақты, шіңкілдек, балдырған, балашық, аша, үш ішекті, қуыс мойын, шертер, т.б. Өткен ғасырдан бері қолданысқа енген оркестр домбыралары тағы бар: қоңыр дауысты (альт), жіңішке дауысты (прима), ащы дауысты (секунда) бас домбыралар (екі нұсқасы), қозықұйрық.
Ал домбыраның кең қолданылатын түрлері жайлы сөз қозғарда жазушы, күйші, қазақтың біртуар ұлы Таласбек Әсемқұловтың "Домбыраға тіл бітсе" атты еңбегіне тоқталып өткен жөн. Күйшінің айтуынша, қазақ арасында кең тараған домбыраның екі түрі бар: бірі - қауақ домбыра, екіншісі - қалақ домбыра. Батыс Қазақстан, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Ауғанстанда кең таралғаны - қауақ домбыра.
Ал Орталық Қазақстан, Жетісу, Семей өңірінде тараған домбыра - қалақ домбыра. Оның үші түрі бар: иықты, бүйірлі, сауырлы домбыра. Домбыра - түркі халықтарына ортақ көне аспап. Қазақтағы "Домбыра" сөзі башқұрттарда "домбыра", тәжіктерде "домбурак", буряттарда "домбро", моңғолдарда "домбор", түріктерде "томбра" деп аталады.