Нағыз қазақ-қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра
"Екі ішектің бірін қатты,бірін сәл-пәл кем бұра. Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра". Халық жазушысы Қадір Мырза Әлінің осы бір қанатты сөздері күмбірлеген қара домбыраның сан ғасырлық тарихын әспеттесе керек. Екі мың жылдық тарихы бар, көненің көзі, қазақтың жаны, Алтай-Атырау арасындағы алқаптың үні, бабаларымыздың мың жылдықтан есітілетін жаңғырығы, қос ішек пен бір тиекке сыйдырған нағыз аспап, нағыз қазақ – домбыра.
Домбыра қазақтың киесі, қазынасы. Қазақ пен домбыра егіз ұғым. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Призеденті Елбасы Н.Назарбаев 2018 жылы маусымда қазақтың қарапайым аспабын дәріптейтін күнді шілденің бірінші жексенбісі ұлттық домбыра мерекесін жариялады. Елбасының осы даналығы үшін алғысымыз шексіз. Осы орайда күмбірлеген қара домбыраны күмбірлетіп жүрген жастар ауданда жоқ емес.
Бауыржан Үсенов 1994 жылы Тереңөзек ауданында дүниеге келген. Бала күнінен өнерге деген қызығушылығы биік. Мектеп қабырғасында жүріп, аудандығы әуез мектебінің домбыра сыныбын бітірді. Білімін әрі қарай жетілдіріп, Қызылорда қаласындағы "Қазанғап" атындағы музыкалық колледжінің халықтық аспаптар бөлімінің домбыра мамандығын бітірген. Оқуын тәмамдаған соң туған жері Тереңөзекке, өзі оқыған әуез мектебінде еңбек жолын бастады. Қазіргі таңда Қалжан ахун ауылында домбыра үйірмесінің жетекшісі. Өзімен қоса шәкірттері де оза шауып бәйге алып жүрген жайы бар. Облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы.
– Көненің көзі, шежіресі болған домбыра ұлтымыздың айнымас бөлігі. Нағыз қазақтың иісін шығарып, "әу" деп жібергенге не жетсін шіркін! Әр үйдің төрінде ілулі тұратын ұлттық аспабымыздың күмбірлеген үні бүгінде жаңғырып келе жатқанына өте қатты қуанамын. Маған бұл қасиет атадан дарыған. Домбыраның киесін айтып жеткізу мүмкін емес. Мен өз мамандығымды сүйемін және мақтан етемін, – деді жас домбырашы Бауыржан.
Абай атамыз айтқандай, "Көкорай шалғын, бәйшешек, ұзарып, өсіп, толғанда" бүкіл қазақ даласы күмбір-күмбір күй төккей, көктегі күн нұр төккей, домбырасын қолға алғай, әуелете ән салғай...
Аспаптың заманауи музыка ырғағымен үйлесімді үндесіп жатқанын назарға алсақ, домбыра ғұмыры әлі талай ғасыр жасайтынын аңғаруға болады. Жас домбырашыға шабыты шыңдалып, өнері асқақтай берсін демекпіз!
Фатима МАРАТҚЫЗЫ