Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№ 49 газет

05 шілде 2025 ж.

№ 48 газет

01 шілде 2025 ж.

№ 47 газет

28 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Алтын құрсақты еңбек майталманы

Алтын құрсақты еңбек майталманы

Шаңырағы биік, керегесі кең отбасыны өркендетіп отырған, ауылдың шаруашылығына ерен еңбегі сіңген жан – Тұрсынкүл Ибрагимова. Тағдырдың қиын кезеңдерін қасқайып тұрып өткерген алтын құрсақты ана Шіркейлі ауылының тумасы. Он құрсақ көтеріп «Батыр ана» атанған еңбек адамы бүгінде бақуатты.

1964 жылы өмірлік серігі Сейфулла Ибрагимовпен бас қосып, еңбекке араласады. Арқасүйер қорғаны ауылдық мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі қызметін атқарса, өзі ауыл шаруашылығының егініне біркісідей атсалысады. Әр жылда бастаған егіні бітік шығып, саланың белді жұмысшысы қатарынан көрінеді. Солай еңбекке араласып жүріп он баланы дүниеге алып келеді. Қазіргі таңда сегіз қызы сегіз үйдің түтінін түтетіп отырған ана. Көзінің қарашығындай болған екі ұлы Бақыт пен Бағдат та берекелі шаңырақтың иесі.
Өмірін егін егумен байланыстырған батыр ана әлі күнге дейін өз ауласына көкөніс егіп, баптайды.

– Тұрмысқа шыққаннан кейін ерте еңбекке араластым. Өйткені үйде ата-енем болды балаларға қарайласатын. Совхоздың гектар-гектар бақшасын гүлдендіретін біз едік. Қасымда тағы бірнеше келіншек болды. Барлығымыз қияр, қызанақ, орамжапырақ егіп, суарып, баптаймыз. Жыл сайын барлығы бітік шығып, шығын болмайтын. Күзде жинаған өнімімізді сол кездегі селхозға өткізіп, артылғанын ауыл аралап, күздік жәрмеңкеге апаратынбыз. Жоспарымызды екі есе орындағаннан болар, барлығы мені еңбек ардагері деп атайтын, – дейді алтын құрсақты ана.

Маңдай тердің еңбегі еленіп оқытқан ұл-қыздары бүгінде білім ордасында мұғалімдік қызметте. Балалардың қамы үшін деп, жұмыстың түрін таңдамай еңбек еткен жан аудандық, облыстық деңгейде марапатталып, сый-құрметке бөленген. Тіпті 1986-1990 жылдары ауыл халқының ұсынуымен мәслихат депутаттығына ұсынылып, депутат болған. Соған қарамастан ауыл жанашыры егіннің басынан табыла білген.

– Зейнеттік жасқа жетем дегенше ауылдың шаруашылығын дамытуға барымды салдым. Қарттық жетіп, тірліктен бос болған еңбек адамына қиындау екен. Аллаға Шүкір! Қазір сол бейнетімнің зейнетін көріп отырмын. Балаларымның жетістіктерін көрудің өзі қуаныш. Екінші ұлым Бағдат пен келінім Қалдыгүлдің қолында тұрамын. Ұлым мектепте мұғалім болса, келінім – психолог. Сегіз қыздың әрқайсысынан немерелерім бар, алды оқу бітіріп жатыр. Балаға баймын, немерелерім көзімнің қарашығы. Осылардың болашағы деп еңбек еттік. Сол еңбектің жемісі міне, балаларымның бәрі шетінен үлгілі ұстаз. Қиын-қыстау кезде оқытқанымның жемісі. Қазір де ауланың бау-бақшасын көркейтуге шамам келеді. Оған да балаларым мен немерелерім көмектесіп, бірге баптаймыз, – дейді Тұрсынкүл Ибрагимова.

Шынында, бейнетінің зейнетін көру, әдемі қартаю кез келген адамға бұйыра бермейді. Өнегелі тәрбиесімен шағын отбасын саялы баққа айналдырған батыр ана бүгінде сексен жасқа таяды. Өзінің бау-бақшасын жайқалтып отырған еңбек адамы, ауыл шаруашылығының тарихына аты ойылып жазылары анық.

Үлгілі еңбек жолымен көптің көзін сүйсінткен жанның шаңырағында тек береке орнасын дейміз. Батыр анамызға бейнетінің зейнетін, немеренің қызығын көруді жазсын.


Гүлсезім ТАБЫНБАЙ

05 шілде 2025 ж. 405 0