Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік қабылдау ұйымдастырылды

Ұлттық домбыра күніне арналған мерекелік қабылдау ұйымдастырылды

Ұлттық домбыра күні мерекесіне орай «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» партиялық жобасы аясында «Күйін тарт та аңызын айт» атты күйшілермен мерекелік қабылдау ұйымдастырылды. Қабылдауға күй өнерін дамытуға үлес қосып жүрген жергілікті өнер өкілдері, ардагерлер мен партия мүшелері құрметті қонақ ретінде шақырылды.

Қабылдауда «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы А.Ибрагимұлы жиналғандарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтады.

– Баршаңызды «AMANAT» партиясының Сырдария аудандық филиалының атынан Ұлттық домбыра күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке – ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізге, халқымыздың баға жетпес қазынасы болып саналатын күй өнеріне деген айрықша құрметті сезіндіретін жалпыхалықтық мейрам. Сіздер күй өнерін дамытуға, өнер, мәдениет саласын өркендетуге, ұлттық құндылығымызды жас ұрпаққа насихаттауға лайықты үлес қосып келесіздер. Ізденіспен ұштасқан еселі еңбектеріңізді жоғары бағалаймын және алдағы уақытта да жемісті жұмыс атқарады деп сенемін. Рухымызды аспандататын, абыроймызды асқақтататын мерейлі мерекеде шығармашылық өрлеу мен сәттілік тілеймін, – деді Ақтөре Ибрагимұлы

Іс-шарада партия ардагері, күй өнерінің көрнекті өкілі Қуаныш Жүнісов, талантты күйшілер Талғат Сандыбайұлы, Ғалымжан Сансызбай, Абылайхан Қилымханов және республикалық, облыстық күй байқауларының жеңімпазы Дінмұхамед Алмасұлының анасы Бекзат Жарылқасынқызы сөз сөйлеп, тілектестігін білдірді. Күйшілер күй тартып, іс-шараның мәні мен мазмұнын тереңдетті, сондай-ақ Ұлттық домбыра күні мерекесінде құрмет көрсеткен партия филиалына алғыстарын айтты.

04 шілде 2025 ж. 310 0