Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбектің қайталанбас үлгісі

Қажырлы еңбектің қайталанбас үлгісі

Әр саланың өз ерекшелігі мен қиыншылығы қатар жүреді. Адам өмірінің арашасы болып жүрген ақ халатты абзал жандардың көмекшісі әрі серігі – кіші буын қызметкері. Қандай жағдай болмасын бар күш-жігерін салып, көмек қолын созуда Іңкәрдария ауылының емханасының кіші буын қызметкері Ләйла Ыбырайдың орны ерекше.

Жалағаш ауданының тумасы Ләйла Қуанышбекқызы Іңкәрдария ауылына 1986 жы­лы қо­ныс аударып, ер азаматына тұрмысқа шыққан. Өмірлік серігі Сайлаубек Ноғаевпен бүгінде 4 бала тәрбиелеп өсіріп, немере сүйіп отыр. Еңбек жолын 2006 жылы ауылдық емхананың кіші буын қызметкері ретінде бастаған. 19 жыл қызмет етіп келе жатқан абыройлы қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Емхананың тазалығын үнемі қадағалап жүретін еңбекқор жан бүгінде 16 немеренің әжесі. Емдеу орындарында тазалық пен тәртіптің сақталуы – аурудың алдын алып, науқастардың тезірек сауығуына ықпал ететін маңызды шарт. Ауыл емханаларында дәл осы бағыттағы жұмыстардың негізгі ауыртпалығы тазалықшы маманның иығына түседі. Ол таңмен таласа тұрып, барлық бөлмені мұқият тазартып, құрал-саймандардың таза болуын қамтамасыз етеді. Бұл – үлкен жауапкершілік пен төзімді талап ететін еңбек.

– Жасым алпысқа таяса да әр істі тыңғылықты істеуге тырысамын. Мекемеде тазалық бірінші орында. Аурудың түр-түрі тазалық сақтамағаннан болады. Қандай емделуші келсе де ең бірінші аңғаратыны тазалық. Сондықтан қуыс-қуысты да қалдырмай тәртіп пен тазалықты сақтау менің міндетім деп санаймын. Бұл әрине сырт көзге оңай болып көрінуі мүмкін. Бірақ физикалық мықтылық пен төзімділікті талап ететіні белгілі, – дейді Ләйла Қуанышбекқызы.

2025 жыл – «Жұмысшы ма­мандық жылы» аясында ел назарына қарапайым жұ­мыс­шылардың еңбегі паш етіліп, еленуде. Соның қа­тарында тазалық қыз­меткері Ләйла Ыбырай да бар. Негізінен бұл қызметтің міндеті – емдеу мекемесіндегі сани­тарлық-гигиеналық талап­тардың сақталуын қада­ғалау, тазалықты қамтамасыз ету, зарарсыз­дандыру жұмыстарын жүргізу, медициналық құрал-жабдықтардың таза болуын бақылау. Бұл бір қарағанда қарапайым, бірақ аса жауапты әрі үлкен мұқияттылықты қажет ететін жұмыс. Бұл қызметтегі әрбір жан құрметке лайық. Өйткені, төккен еңбегі – қажырдың, төзімнің, адалдықтың нақты көрінісі. Бүгінгі кейіпкеріміз тек еңбектің майталманы ғана емес, ақ жаулықты әже.

– Қазіргі таңда екі қызымнан 11 жиен немерем бар. Ал екі ұлымнан 5 немере сүйіп отырмын. Әрқайсысы бір-бір үй болып отыр. Әжелеп, үйді шулатып кеткенге не жетсін... Бар тыққанымды, тәттілерімді балаларыма емес, немерелеріме жинаймын. Солардың қызығын көрсетуді жазсын, –дейді аяулы әже.

Жұмысында ұқыпты қызметкер, үйін­де мейірімді әже бола білген Ләйла Қуанышбекқызының зейнет жасқа шығуы да алыс емес. Алдағы уақытта бейнетінің зейнетін көруге тілектеспіз. Үлгілі әже, қажыр-қайратты абзал жан болып жүре беріңіз!

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ


24 мамыр 2025 ж. 226 0