Білікті жас маман
Дертке шипа, адам жанына араша бола білген дәрігер ең қажетті әрі маңызды мамандықтың бірі екені даусыз. Осындай әлемдегі ең ізгі мамандықтың иесі атану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының денсаулығын барынша жақсарту жолында білікті дәрігерлер еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, сала жас мамандармен де толығуда. Өз ісінің маманы, білікті дәрігер Аян Қуатов аудандық ауруханада урология-андрология бөлімшесінде 3 жылдан бері табанды жұмыс жасап келеді.
Әркез емделушінің денсаулығын бірінші орынға қоятын жас дәрігер Қызылорда облысында Асқар Тышқанбаев пен Рахила Нұрмағанбетованың берекелі шаңырағында дүниеге келген. Әкенің тағылымды тәрбиесін алған ол №15 мектеп-лицейде білім алған. Бала күнінен ақ халатты абзал жан болуды армандаған бозбала 2011-2018 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдайды. Мұнан бөлек, білімін жетілдіру негізінде 2018-2021 жыл аралығында Алматы Агиув университетінде уролог-андролог мамандығы бойынша резиндентурада оқыған. Біліктілігін тәжірибемен ұштастыру мақсатында 2021 жылы аудандық ауруханаға жұмысқа орналасқан.
Дәрігер Аян Асқарұлы дер кезінде емделушінің сырқатын анықтап, дұрыс диагноз қойылуына барын салады. Сонымен бірге «Хирургия» бөлімшесінде аудандық ауруханада жасауға болатын оталарды жүргізеді. Таңертеңгілік уақытта емханада емделушілерді қабылдаса, түстен кейін «Хирургия» бөлімшесіндегі науқастардың денсаулығын мұқият қадағалайды.
Дәрігер күші – оның жүрегінде. «Жылы сөз жанды да, тәнді де емдейді» деп бекер айтылмаса керек. Дәрігер емделушілердің тілін таба біледі. Өз біліктілігімен талай жанның жанына шипа тапқан жас маман әрқашан ізденіс үстінде жүреді.
Негізінен уролог-андролог дәрігердің айтуынша, аудан көлемінде мектеп жасындағы және егде тартқан жандарда урологияға қатысты сырқат түрлері жиі байқалатын көрінеді.
– Ауданда ер кісілер дер кезінде дәрігерге көрінуге келе қоймайды. Тек ауруы асқынған кезде келіп көрінетіндер қатары көп. Мұнан бөлек медицинада урология-андрология саласы тек қана ерлерді қарап қана қоймайды. Дәрігерлер нәзік жандыларда кезігетін кейбір ауруларды емдеуге күш салады. Көбіне ауылдық жерлерде әйелдер бізге келуге ұялып жатады. Мұндайда біз дерттің алдын алу үшін түсіндірме жұмысын жүргіземіз, – дейді білікті дәрігер.
Жас маман жұбайымен бірге бір саланың мамандары. 2017 жылы өмірлік жары Фариза Қуатовамен бірге отау құрып, бүгінде үлгілі отбасына айналған. Фариза да – гинеколог дәрігер, қазіргі таңда декреттік демалыста. Жас отбасы 2 қызғалдақты тәрбиелеп отыр. Мұнан бөлек әпкесі Жұлдыз Қуатова Қызылорда қаласында балалар ауруханасында педиатр маманы болып жұмыс істейді.
Біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында талай жанның сырқатына дауа таба білген дәрігердің алдағы уақытта да аудан тұрғындарының денсаулығын жақсартуда өз үлесін қосатынына сенімдіміз.
Таңшолпан ШАНЖАРХАНОВА