Өмірі өлеңмен өрілген

Серікбай Тұяқбаев – Аманкелді ауылының байырғы тұрғыны. Сексеннің сеңгіріне шыққан қарт жастық шағында қолына домбыра алып, қазақтың күйін күмбірлетіп, өзі білім алған оқу орнында алғаш домбыра оркестрін ұйымдастырғандардың бірі. Өнерпаздың өнерге деген сүйіспеншілігі көптеген байқауға қатысып, бақ сынауға дейін әкеледі. Ел мен елді қасиетті өнер арқылы байланыстырған өнер иесі мамандығы өнерден алшақ болса да шығармашылығынан әлі күнге дейін қол үзбеген.
Өмір жолы 1944 жылы Айдарлының Ақарық шағын елді-мекенінде дүниеге келгеннен басталып, ардагерлікке жеткен ауыл адамы өзі құрыптас балалармен бірге мектепте білім алады. Онжылдықты бітіріп, өзінің қатарластарымен бірге училищеде оқуға бел байлайды.
– Сұлутөбеде жұмысшыларды дайындайтын училище болатын. Сонда шофёр, тракторист, комбайнёр, слесарь мамандығын алу үшін ауыл жігіттерімен ақылдасып, училищеге бірге баруды шешкенбіз. Ермағанбет Кенбаев, Бекқожа Ерғалиев, Жарқынбек Әнуаров, Аманкелді Есжанов, Сұлтанбек Әбдраманов, Әбділда Құлманов, Рахым Мырзатов ауылдағы құрдастарым еді, бәріміз бірге оқыдық. Олардың қазір көбісі арамызда жоқ.
Училищеде оқып жүріп, өнерге жақын оқушылар домбыра оркестірін ұйымдастырдық. Есімде 1963 жылы жеке күй орындаудан жүлдегер атанып, «Крайға» жолдама алдым. Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, яғни үш облыс «Край» болатын. Шымкент қаласы сол крайдың орталығы еді. Ол жақтан да абыройым алға басып, Алматыға жолдама алып оралдым. Еліміздің сол кездегі астанасына барып, өнер көрсету ол кезде көптің қолы жетпейтін арманы еді. Қасиетті домбыраның арқасында түрлі байқауларға қатыстым. Одан кейін өмір белгілі ғой жұмысқа, тіршілікке айналып кетті. Сөйтіп өнерді аяғына дейін апара алмадым, – дейді жастық шағы туралы аманкелділік қарт Серікбай Тұяқбаев.
Қарияның айтуынша, оның өнерге біржола бет бұрмағанына өкініші жоқ. Ұлы жолды бүгінде Төребек, Жандос атты балалары жалғауда. Ал қазыналы қарттың шығармашылыққа деген сүйіспеншілігі домбыра тартудан бөлек, өлең жолдарын жазуға итермеледі. Оның осы күні жазған өлеңдері бір жинаққа арқау болып, жаңа туындының жарыққа шығуына себеп болған.
Ауыл азаматы училищені бітірген соң әскер қатарында болып, Отан алдындағы міндетін атқарып, елге оралады. Ел ағасы туған елге оралған соң совхоз жұмысына араласады. Елгезек, білікті маман қойма меңгерушісі, егін саласында бригадир, мал шаруашылығында есепші, ауылдық кеңестің хатшылық қызметтерін атқарып, ауылдың дамуына үлес қосады.
– Жұбайым Зафурамен бас қосып, 6 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір қарттыққа жетіп отырғанымызға шүкіршілік етеміз. Әттең, 1977 жылы өмірге келген Дәуренбек ұлымыз ұзақ науқастанып, өмірден озды. Баламның ұрпағы қалмағаны өкінішті. Басқа ұл-қыздарымыз аман, оқып, білім алып, үйлі-жайлы болып, түрлі салада елге қызмет жасауда, – дейді сексенді алқымдаған қазыналы қария.
Серікбай ақсақал жарыққа шығарған кітабының атын өмірден озған баласының құрметіне «Қалмады-ау ең болмаса жапырағың» деп қойған. Қария өлең жазумен қатар оқыған кітаптарынан, ел аузынан естіген нақыл сөздерді де түртіп жазып, жинақтап отырады. Сондықтан жинаққа жазған өлеңдері мен арнауларының, нақыл сөздерінің енуі де заңдылық.
Көзі ашық, көкірегі ояу азамат елімізде өткен халық санағына бес рет қатысып, соңғы рет 2009 жылғы санаққа қатысып, есебін жүргізіп, абыройлы қорытындылағандардың бірі. Бұл да болса елге сыйлы азаматтың мемлекет алдында атқарған абыройлы қызметі.
Өмір жолы өнегелі азаматтың өмірге деген құштарлығы мен өнерге деген сүйіспеншілігінің арқасында жарыққа шыққан кітабы ауыл адамдарына арналған. Оқырмандар назарына Серікбай Тұяқбаевтың жинағынан бірқатар өлеңдері мен жиған нақыл сөздерін ұсынуды жөн көрдік.
Бибісара ЖАНӘЛІ