Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » » Таланттар туған топырақ

Таланттар туған топырақ

Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Бұл екеуі де адамның асыл қазы­насы секілді. Өнер қай кезде де өзін сүйген жанға шуағы мен нұрын төгеді, ерекше қуат пен сезім береді.

Ауданнан шалғайда орналасқан Аманкелді ауылында өнердің ең үлкен рухани азығы – мәдениет үйі бар. Халыққа мәдени қызмет көрсететін ошақта ұлт құндылығы мен қазақ өнерін биікке көтеретін қыз­меткерлер еңбек етеді.


– «Мәдениетім – мәртебем» деп түсінетін дана хал­қымыз қашанда осынау биік құндылықтарды жоғары бағалайтынын жақсы білеміз. Ауыл – ұлттың қаймағы, ұйытқысы. Ауылымыздың аты мен даңқын асырып жүрген таланттар Аманкелдіден шықты. Ауылдың өнері өркен жайса, қазақтың мәдениеті қанатын кең жаяды демекші, Аманкелді ауылынан шыққан халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов, айтыскер-ақын, жырау Рахмет Мәзқожаев, Бүкілодақтық байқаудың лауреаты Мәден Иманжаппаров секілді артына өшпес мұра қалдырған сүлейлердің сара жолы бүгінгі ұрпаққа өнеге, – дейді ауылдық мәдениет үйінің директоры Гүлайна Қалдыбаева.

Тарихы әріден бастау алатын мәдениет оша­ғының іргесі «Аманкелді ауылдық мәдениет үйі» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ретінде 1988 жылы типтік жобада салынып, ел игілігіне берілген. Қос қабатты еңселі ғимаратқа 2015 жылы күрделі жөндеу жүргізілген.

Ауыл өнерпаздары мен өнер иелерінің талантын шың­дайтын киелі шаңырақ астында 10 үйірме жұмыс жасайды. 90-нан астам үйірме мү­шелері – «Жадыра» халық­тық әжелер ан­самблі, «Наз» би үйір­месі, «Jans» блок­флейта үйір­месі, «Aman­keldi ART» жайдарман үйірмесі, «Сурет салу, кескіндеме» үйірмесі, «Бисермен өру» үйірмесі, «ДО-СИ» вокалды-аспапты ансамблі, «Ару аналар» ансамблі, «Сазды әуен» ән үйірмесі, «Бізбен бірге» үгіт бригадасы құрамында өнер көрсетеді. «Жадыра» халықтық әжелер ан­самблі ха­лықтық атақ ал­ған ұжым.

Қасиетті өнерді ұлық­таған ауыл өнер­паздарының арасында есімдері елімізге, ше­телге белгілі әншілер бар. Дәстүрлер сабақ­тас­тығында өзінің алтын тінін үзбеген ұлттық өнерді ертеңгі күнге жет­кізудің жолы бү­гінгі жаңа тол­қын­дары қобыз үнін көмеймен құбылтқан талант иесі, «Славян база­ры-2023» ән байқауының жүл­дегері Құралай Мейрам­бек, «Қо­ңыр» тобы­ның әншісі Гүлзат Әбді­кәрімова, Саламат Абуталипов, Ернар Қойшыбай сынды ізін жалғаушы жас таланттар ауыл мақтанышы.

– Ауыл мақтаныш­тарының ізін жал­ғастырып келе жатқан өнерпаз­дарымыз да жеткілікті. Жыл сайын өнер байқауларында топ жарып, ауылдың атын шығаруда. Өткен жылы Алматы қаласында өткен балалар шығармашылығына арналған ХХV халықаралық «Бозторғай» конкурсында эстрадалық вокал жанры бойынша Батыржан Аманкелдиев I орын алды. Осы байқауда Диас Берлібек лауреат атанса, хореография жанры бойын­ша «Балдәурен» би тобы І орын иеленді. Аспапта ойнау жанры бойынша Батыржан Аманкелдиев жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алдағы уақытта ауыл мәдениетінің қызметкерлері үйірме мүше­лерімен тұр­ғын­дарға лайықты қызмет көр­сете беретін бо­лады, – дейді Гүлайна Нартайқызы.

Мәдениеттің өркен­де­уіне қызмет етіп, талай өнер­паздарды тәрбиелеп шығарған ауылда мәдениет ошағының тынысы кеңейіп, ұлт мәдениетін өркендету жолында игілікті жұмыс атқарылып келеді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
02 шілде 2024 ж. 186 0