Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№88 газет

05 қараша 2024 ж.

№87 газет

02 қараша 2024 ж.

№86 Газет

29 қазан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Аманкелді ауылында көше жарықтандырылады

Аманкелді ауылында көше жарықтандырылады

Сырдария ауданы талай таланттар мен дүлдүллерді түлеткен десек, оның ішінде Аманкелді ауылы ақын-жыраулардың құтты мекені саналады. Халық ақыны Қуаныш Баймағанбетов ауыз әдебиетін жинап, айтыс өнерінің ақтаңгері болса, Рахмет жырау Мәзқожаев дария жырдың дарабозы атанған. Рахмет жыраудың шалқар шабытпен жырлайтын «Көрұғлы» жырын қазақтың дарынды жазушысы Мұхтар Әуезов 1958 жылы арнайы шақыртумен Алматыда жаздырып алған. Оған қоса, аманкелділік белгілі жыршы-ақын Қуаныш Бай­ма­ғамбетовке төте жазумен және араб әрпімен (қадімше) жаздырған нұсқасы «Әдебиет және Өнер» институтының "Алтын қорын" толықтыра түсті. Міне осындай дарын иелері шыққан ауыл бүгінде руханият ордасына айналған. Одан бөлек елді мекеннің әлеуеті де жыл санап жақсарып келеді.

2700-ге жуық адам мекендейтін елді мекен тұрғындары өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ауыл халқының көпшілігі кесек құюды кәсіп етеді. Елді мекен қалаға жақын орналасқан соң аманкелділіктердің тіршілігі де облыс орталығымен біте қайнасып жатыр. Дегенмен бұл ауылда кәсіпкерлікке бетбұрыс жасаушылар көп. Сол себепті батыр атын иемденген елді мекеннің өсіп-өркендеуі қарқын алған.

Аудан орталығынан шалғайда жатқан Айдарлы, Жетікөл елді мекендеріне баратындар осы Аманкелді ауылының үстімен өтеді. Тіпті Шиелі ауданының Тұрсынбай датқа (бұрынғы Ботабай) ауылына да осындағы күрежолдың бойымен баратындар бар. Бұл жолға кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалыпқа келіп қалды. Ендігі кезекте сол жолдың Аманкелді ауылы тұсын жарықтандыруға елді мекен тұрғындары тарапынан өтініш түскен. Осыған орай "Қызылорда-Аманкелді-Ботабай" жолының елді мекен тұсындағы 5 шақырымын жарықтандыру мәселесін аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы барып көрді.

Ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы М.Кенбаев облыстық маңыздағы жолмен көпшілік тұрғын қатынайтынын айтты. Бұл жолдан күндіз-түні көлік арылмайтынын жеткізіп, түнемелік уақыттағы қауіпсіздік үшін Т.Тышқанбаев көшесін жарықтандыру қажеттігін атады. Бұл көшені жарықтандыруға жобалық-сметалық құжат дайындалған, жалпы сомасы 21,7 млн теңгені құрайды.

Аудан басшысы бұл мәселенің шешімін табатынын жеткізді.

- Біз жыл сайын Тереңөзек кенті мен елді мекендердегі жолдардың жөнделуін және жарықтандырылуын кезең-кезең бойынша жүзеге асырып келеміз. Биылғы жылдың өзінде "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында ауылішілік бірнеше көше жөндеуден өткізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, көшені жарықтандыруды назардан тыс қалдырмаймыз. Ауданға қарасты үш елді мекенге баратын автожолдың жарықтандырылуын қамтамасыз ететін боламыз, - деді аудан әкімі.

Күрежолдың бойын жарықтандыруға қатысты тиісті ұсынымдар беріледі. Ауыл тұрғындарының өтініштері ескеріліп, көше жарықтандырылатын болады.

02 тамыз 2020 ж. 852 0