Өнерліге өріс кең
Өнер – адамзат баласының ең ізгі қасиеттерінің бірі. Осы қасиет арқылы адамдар көпке танылады, дарынымен, талантымен, өнермен өрге жүзеді. Дана халқымыз «Өнерлі өрге жүзер» деп бекер айтпаса керек.
Сырдария ауданы – талантты, дарынды тұлғаларымен танылған өлке. Оның ішінде Шаған ауылы өнерлі жандардың мекені саналады. Бұл жерден балалар әндерінің композиторы Сәкен Шынымов, дәстүрлі әнші Сандуғаш Мүбаракқызы, талантты әнші Талғат Сарыбаев, актер Асхат Асқарұлы және басқа да дарын иелері түлеп ұшып, ауыл мерейін асырған. Міне, осындай қасиет қонған елді мекенде жас өнерпаздарды дайындауда Шаған ауылдық өнер мектебі жұмыс жасауда.
«Бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ауылдағы талантты балаларды, жастарды өнерге баулу жолында жарқын жұмыстар бар. Негізінен, Шаған ауылдық өнер мектебі 1980 жылдан бері жұмыс жасап, өнерлі өрендерді тәрбиелеуде. Бүгінгі таңда Өмірбек Сарыбаев басқаратын өнер ордасында домбыра, баян, қобыз, шертер, терме, би үйірмелері бойынша 134 бала білім алуда. Ол аға өнер десе ішкен асын жерге қоятын 17 мұғалім сабақ беруде. Атап өту керек, өнер мектебінде шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздарымыздың 80 пайызы осы мектепті бітірген жоғары білімді мамандар. Ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына үлес қосып жүрген білікті ұстаздардан тәлім алған дарынды оқушыларымыз халықаралық, республикалық, облыстық және аудандық байқауларда жүлдегер атанып, өнерлерімен көпшілікті тәнті етуде. Сол арқылы ауылдың, ауданның, елдің мерейін үстем етіп жүр. Бұл біздей ұстаз үшін зор жетістік, үлкен мақтаныш. Айта кету керек, өнер мектебін бүгінге дейін 400-дің үстінде шәкірт бітіріп, еліміздің түкпір-түкпірінде ұлт руханияты мен мәдениетінің өркендеуіне өзіндік үлестерін қосуда.
Биылғы «Балалар жылына» байланысты өнер мектебінде түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жақында ғана өнер ұжымының, оның ішінде мектеп тәрбиеленушілері мен түлектерінің қатысуымен шығармашылық концерт өткізілді. Онда дәстүрлі, эстрадалық әндер, оркестр сүйемелдеуімен халық әндері шырқалды, күмбірлетіп күй төгілді. Мың бұралған бишілеріміз де өздерінің өнерлерін көрсетті.
Қазақта «Ата өнері – балаға мұра» деген даналық бар. Сондықтан ұлттық өнерімізді дамытуда Шаған ауылдық өнер мектебінің ұжымы айтулы жұмыстарды атқаруда.
Дархан АЛИЕВ,
Шаған ауылдық өнер мектебі
директорының орынбасары
Шаған ауылдық өнер мектебі
директорының орынбасары