Сексенді бағындырған ұстаз
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» деген халық даналығы. Халқымыз қашанда үлкенін сыйлап, құрмет көрсетіп, ақсақалдың батасын алып қалуға тырысқан. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүр, ізгі қасиет.
Ауданның іргесіндегі С.Сейфуллин ауылында қазыналы қарт, ардақты ұстаз тұрады. Аманкелді Самалықовтың есімі ауыл жұртымен қатар аудан, облыс аумағына таныс. Білім саласында ұзақ жыл жемісті қызмет еткен азамат бүгінде сексеннің төріне шықты.
Туған ауылы С.Сейфуллинде 1942 жылы дүниеге келген Аманкелді Сәрсенбайұлы отбасында әпкесі Жәмила мен қарындастары Ырзакүл мен Ағираштың ортасындағы жалғыз ұл болып өседі. Жастайынан ауыл мектебінде білім алған Аманкелді ақсақалдың жастық шағы сұрапыл соғыс кезімен тұспа-тұс келіп, жоқшылық пен ашаршылықтың дәмін бір кісідей көреді. «Барлығы майдан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деген ұранмен ауылдағы астықты майданға аттандырған колхоз адамдарының қатарында анасы Бибіш те колхозда күні-түні жұмыс істейді. Жалғыз ұлына ырымдап, ел-жұрттың амандығын тілеп, Аманкелді есімін қоюы бекер емес. Тілегі қабыл болып әкесі Сәрсенбай Ұлы Отан соғысына қатысып, елге 1945 жылы аман есен оралады. Әкесі оқуда зерек, алғыр болып өскен ұлының болашақта мұғалім болуын қалайды. Білімге аса құмар бозбала ауылдағы №137 орта мектепті бітірген соң Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Бес жыл жоғарғы оқу орнында оқып, 1964 жылы физика-математика мамандығын алады.
Алғашқы еңбек жолын 1964 жылы бастаған Аманкелді Сәрсенбайұлы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысы, Шәуілдір ауданының Қожатоғай совхозындағы Аманкелді атындағы орыс орта мектебінде бастайды. Ауыл мектебінде екі жыл бойы қызмет етіп, 1966-1967 жылдары Кеңес әскері қатарына алынады. Отан алдындағы борышын Украинаның Днепропетровскі облысының Кривой рог қаласында бір жыл өтейді.
Әскерден оралған жас маман ұстаздық жолын Қоғалыкөл ауылындағы орта мектепте жалғастырады. 1969 жылы С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектепке ауысып, осында қырық жылға жуық ұстаздық етіп, шәкірттерін математика пәніне оқытады. Туған ауылындағы мектепте ұзақ жыл қызмет еткен ардақты ұстаз 2007 жылға дейін сол мектепте табанды қызмет етеді. Жүздеген шәкірттің сапалы білім алуына, физика-математика пәнін меңгеруге, үлкен өмірде нағыз азамат болып қалыптасуына тер төккен ұстаздың алдынан көптеген мамандық иесі шықты. Солардың қатарында бүгінде ұлағатты жол ұстаздықты таңдаған азаматтар қатары баршылық.
– Жастайымнан білімге, ғылымға құмар болдым. Кеңес заманында еліміздің түкпір түкпіріндегі, тіпті өзге республика аумағындағы математиктермен тәжірибе алмастым. Математика – нақты ғылым. Математика адамдарға ой салу арқылы толғандырады, адамдардың ойын жетілдіреді. Басқа ғылымдар да адамның ойын жетілдіреді, алайда кеңдік, тереңдік, жүйелілік тұрғысынан алғанда оларды математикамен теңестіруге келмейді. Математика адамдарды ойшыл, салмақты болуға, ақыл-парасаттылыққа жетелейді. Адам өмірінде математиканың маңызы зор. Өзімнің замандастарым Тәжібек Есенов, Молот Жүнісов, Жақан Нұрышев, Бекен Шәденов, Әлібек Аюповпен бірге қызмет еткен жылдар еріксіз ойға оралады. Біздің заманда көбіне ер кісілер мұғалім болатын. Қазір керісінше мектепте әйел азаматтар басым. Оқушыларға сапалы білім беріп, саналы тәрбие берген ұстаздар қауымына құрмет ерекше болатын, – дейді бейнетінің зейнетін көріп отырған Аманкелді ақсақал.
Ардагер-ұстаз, ардақты әке бүгінде отбасындағы балаларымен ғана мақтанбайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұстаз жолын қуып, ұстаздық мамандықты қалап, бүгінде ауыл балаларына білім беріп жүрген Бағдат Есназар, Абылай Нұрышев, Мұрат Қарсақбаев, Қайрат Есекеев, Ақан Мамытов – ардақты ұстаздың мақтанышы. Олар да саналы шәкірт тәрбиелеу жолында мектепте бірі басшы, бірі қатардағы мұғалім.
Ардақты ұстаз саналы ғұмырында Жалағаштың Ақсу ауылының тумасы Баян апамен бас қосып, 58 жыл бойы салиқалы өмір кешуде. Ауыл кітапханасында кітапханашы болып қызмет еткен жұбайы 8 перзентті дүниеге әкелген батыр ана. Қосағымен осынша баланы өсіріп, тәрбиелеген ұлағатты отбасында бүгінде 5 баласы – Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған денсаулық саласының білікті мамандары. Ақмарал мен Мұхтар – санитарлық дәрігерлер, Гүлмира – тіс дәрігері, Аман – хирург, Алмас – травматолог, Ақзира – мейірбике. Үлкені Ақан мен үшінші бала Мұқан өзге салада абыройлы қызмет етуде.
– Ардақты әкем өмір бойы туған ауылы Сәкен Сейфуллинде тұрып, мектепте қызмет етті. Әкемнің өнегелі өмірі – біздерге өмірлік тәжірибе. Барлығымызды оқытты. Отбасы болуымызға ұйытқы болды. Заманның қиын-қыстау кезеңіне қарамастан қалаған мамандығымызды алуымызға маңдай терін төкті. Анамыздың аялы алақанын, қамқорлығын бәріміз бір-бір шаңырақ иесі болып кеткенімізде қатты сезінеміз. Шүкір, қазір әкеміз бен анамыз ортамызда қазыналы қарттыққа жетіп отыр. Жақсы адам болып қалыптассақ, ол ата-анамыздың арқасы. Бүгінде сексенге келген әкеміздің мерейі әрдайым үстем болсын. Ауылдағы ағайынның ортасында, туған-туыстың қасында аман-есен отырғаны – біздер үшін зор қуаныш. Өмір жастары ұзақ болсын, шөбере-шөпшектің қызығын көрсін, – дейді ұлы Мұхтар Аманкелдіұлы.
Еңбек адамын дәріптеу, олардың мағыналы өмірін насихаттау – біздің парызымыз. Сондықтан осындай мерейлі сәтте өнегелі өмір иесі, қазыналы қарт Аманкелді Сәрсенбайұлын дәріптеп отырмыз. Талай жыл марапаттың төрінен көрінген ұлағатты ұстаздың алған марапаттарының есебі жоқ. Соның ішінде омырауында «Сырдария ауданының 80 жылдық» медалінің жарқырауы – ұзақ жылғы қызметінің жемісі. Бұл жастық шағындағы елге жасаған қызметінің жарқын көрінісі әрі қайтарымы ретінде бағалы. Абырой-беделі биік ақсақалдың көрер қызығы таусылмасын.
Бибісара ЖАНӘЛІ