Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

ВОВА АҒАЙ


Қойды ауылдың қызы Ақкенженің балалық шағы соғыстан кейінгі жылдармен тұспа тұс келді. Оның қарапайым күн кешкен отбасындағы өмірі, көп баланың кішісі болғаны алаңсыз еркелеп өсуімен есте қалады. Бірақ сабағында үлгіріп, оқушының алды болғаны ата-анасын қуанышқа бөлейтін.Әкесінің қара жұмыстан қалт еткенде дастархан басында барлық баласын жинап ғибратты әңгіме айтып отыратыны бұл күнде еміс-еміс есінде анық қалған. Осы отбасындағы үйілмелі-сүйелмелі бала-шағаның ішінде екі ер бала-қос ағасы тұлымшағы желбіреген Ақкенжені ерекше жақсы көретін. Бірі жан дегенде жалғыз бауыры болса, екіншісі түрі де өзге, көзі де көкпеңбек болғанымен өзін туған бауырындай еркелететін Вова ағасы болатын. Ақкенже осы шәйдің үстінде оның өзге ұлт екеніне енді ғана мән беріп, бұдан былай ағасы бұлардан енші алып, алыстағы Алматыға кетіп бара жатқанын естіп, біледі. Осы күнге дейін ағасының бір рет орысша сөйлегенін көрмеген кішкентай қыз Вованы немістің баласы екенін енді ғана түсінеді. Оның көзінен қимастықтың жасы төгілді.
Енді сәл шегініс жасасақ. Неміс басқыншыларының кенеттен Кеңес Одағына соғыс жариялап, барша адамзат баласы оның атына лағнет айтқан жылдар басталды. Үлкен қалалардан эшолонға тиелген солдаттар дүркін-дүркін соғысқа аттанып жатқан кез. Сол жылдары Қазақстанның шағын станцияларына вагонға тиелген өзге ұлт өкілдерін әкеліп, тура төрт түлік малды айдағандай айдалаға тастап-тастап, поезд әрі қарай жылжып кете барады. Сондай кезде айнала азан-қазан болып, бір-бірінен үркіп, қайда келгендерін білмей аң-таң болған әйелдер мен бала-шаға шулап, абдырап, айналаға үрке қарайды. Оларды өгейсітпей, бала-шағаларына пана болған талай қазақ отбасылары балаларының аузынан жырып, нанымен бөлісті, быламық болса да ас-ауқат ұсынды.
Ақкенженің әкесі сондай көріністің куәсі болып, сол күні үйіне бес-алты жасар баланы еріткен әйелді алып келеді. Қазақша түсінбейтін бөтен әйел көп уақыт қиналады. Дегенмен, Марта бірте-бірте қазақ ауылының тұрмысына сіңсіп, тілді де түсінетін болады. Ал баласының тілі «қазақша шықты десек сізге өтірік, бізге шын» дейді ауылдағы байырғы жұрт. Күн артынан күн өтіп, ай артынан айлар жылжиды. Анасының туған жеріне деген сағынышы басылмай, соғыс біткен жылы дүниеден өтеді. Он жасқа келген Вова қазақ отбасына сіңсіп, Ақкенженің әкесін «әке» деп кетеді. Ауылдағы мектепте оқып, ер жетеді. Бірақ әкесінен Вованың ата-жұрты кім екенін, қайдан келгенін сұраған ешкім болмады, тіпті оның тегін де өзгертпейді. Неміс баласы Вова орысша түгілі, неміс тілін де білмегеніне жұрт таң қалмайды да. Қыздарының арасындағы бір ұлға қосып, екінші ұл етіп асырап, бағып, қағады. Техникаға бейімі бар жігіт ерте жастан машина руліне отырып, мектеп бітірген соң колхозға жұмысқа тұрады. Әке сөзін екі етпей күндіз-түні еңбек етіп, тапқан табысын ата-анасына әкеледі. Ер жігіт азамат болып өскенде демалыс күндерді пайдаланып, әкесі үлкен қалаға қыдырып, демалып қайтуға да рұқсатын береді. Алатаудың баурайында қыдырып жүрген күндері Вова неміс қызымен танысады. Бір көргеннен ұнатқан қызбен бір-екі жылдан бері кездесіп жүргенін әкесіне айтып, үлкен қалаға көшетін күн де келеді. Міне, ағайын-туыс болып кеткен ауыл адамдары оны қимастықпен, станцияға дейін жаяулатып шығарып салады.
Бүгінде самайын ақ шалған Ақкенже апа Вова ағасының кетіп бара жатқанын сол кезде «сезбедім»,-дейді. Вова сол кеткеннен мол кетті. Жылына бір рет келетін хаттан қазақ баласы боп кеткен азаматтың Алматыдан да кетіп, туған жеріне оралғанын біледі. Өзі үш балалы болса да қазақы ауылға деген сағынышы басылмайтынын жазып, бақуатты өмір сүріп жатқанын айтады. Әкеге деген қамқорлығы ретінде, ауылдағы бауырына демеу болсын деп поштамен талай ақша жібереді.
-Сексенінші жылдардың бас кезі болатын. Өзімнің отбасым бар, тұрмыс құрғанмын. Бір кезде бір бала жүгіріп келіп, әкемнің үйіне қонақ келгенін айтып, біздің тездетіп келуімізді сұрады. Апыл-ғұпыл киініп, «қандай қонақ болды екен»-деп үйге қарай асығып, жеттік. Төргі бөлмеде анамның алдына басын қойып, мейірлене құшақтап отырған адамды көріп, оны жазбай таныдым. Жасы 50-ден асқан Вова ағайым еңкілдеп жылағанда, мені көріп құшағына алғанда, жүрегім елжіреп көз жасым көлдей болды. Мен келем дегенше әкеміздің о дүниелік болғанынан да хабардар болыпты. Сол жерде көңілі босамаған жан қалмады. Тілі баяғыша қазақша болғанымен, алдымызда кінәлі адамдай көп сөйлемеді. Осы күні үйде той болды. Ауылдағы ағайын Германиядан келген Вованы көруге асығып, үйімізге ағылып келіп жатты. Ауылда үш күн аялдаған ағам менің жолдасыммен жақын танысып, бізге ақ батасын берді. «Жүздерің жарқын, маңдайларың ашық екен. Құдай қаласа үбірлі-шүбірлі болыңдар. Бір-бірлеріңді сыйлаңдар» деп еді. Вова ағаның сол келісінен кейін ұзақ уақыт хабар болмады. Хат та жазбады. Кейін ағаның кенже баласынан хат келді. Онда әкелері 90 жасқа келіп, қайтыс болғанын, алыстағы қазақы ауылда оның туысқандары бар екенін білетінін айтыпты. Міне, сол ауыл қазір қаланың шетінде ғана орналасқан, қаймағы бұзылмаған, айрандай ұйыған берекелі ауыл. Өткен ғасырдың еншісіне кеткен тағлымды өмір, бүгінде аңызға айналып, ауыл ақсақалдарының аузында әлі жүр.

Б.ЖАНӘЛІ

Түйін: Мақалада аталған Ақкенже апа қазір Амангелді ауылында тұрады. Ұлды ұясына, қызды қиясына қондырған ана бүгінде көгеріп, көктеді. Оның өмірінде осы бір ұмытылмас сәттерді біз қағазға түсіріп, оқырманға жеткізгенді жөн санадық.
10 сәуір 2018 ж. 1 082 0