Еңбегімен абыройға бөленген
Ақ халатты дәрігер болу – абыройлы іс. Халық денсаулығының сақшысы атанған дәрігердің емі – шипа, сөзі – дауа. Ауданда 35 жылға жуық уақыт денсаулық қорғау саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан Сексенбай Бұхарбайұлы Ерімбет қатардағы дәрігерден бөлім меңгерушісі, бас дәрігерлікке көтерілген білікті басшы, алтын қолды дәрігер.
Секеңнің өмірі, еңбек жолы ғибратқа толы, жастарға үлгі. Ол бұрынғы Тереңөзек ауданының қазіргі Ақжарма ауылында онжылдық мектепті бітіріп, шаруашылықта жұмысшы, механизатор болып еңбек етеді. Қазақ ССР-іне еңбек сіңірген ауылшаруашылық қызметкері, егіс бригадирі Ширек Сқақов жас жігітті еңбекке шыңдап, болашағының жарқын болуына жол көрсетті. Мұнда бірнеше жыл еңбек еткен соң ауданда дәрігер мамандардың тапшылығына байланысты аудандық комсомол комитеті С.Ерімбетті жолдамамен оқуға жіберді. Талабы таудай жас С.Асфендияров атындағы мемлекеттік медицина институтының студенті атанып, 5 курста балалар оташысы мамандығын таңдайды. Өйткені балалар дәрігері болу оның бала күнінен арманы еді. Жоғарғы оқу орнында қазақ педиатриясының атасы атанған Камал Ормантаев, Төребек Мырзабекұлы бастаған дәрігер ғалымдардан дәріс алды.
1986 жылы медициналық институтты бітіргеннен кейін, Тереңөзек аудандық ауруханасында өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастады. Содан 14 жыл бойы жүздеген, мыңдаған баланың дертінен айығуына себепкер болды. Осы жылдарда дәрігерлік, әрі ұйымдастырушылық қабілетімен танылған Сексенбай Бұхарбайұлы аудандық аурухана бас дәрігерінің ұйымдастыру жөніндегі орынбасары болып бекітілді. Қолынан іс келетін, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары азамат біраз жылдар бас дәрігер ретінде қызмет жасады.
Тәртіпті сүйетін, барынша талапшыл С.Бұхарбайұлы ауданның денсаулық сақтау саласын басқарған тұста барлық дерлік ауылдарда жаңа дәрігерлік амбулаториялардың салынуына, олардың заманауи үлгідегі медициналық қондырғылармен жабдықталуына ықпал етті. Яғни, 2010 жылдан бастап жоғарыда аталған нысандардың «100 аурухана, 100 мектеп» мемлекеттік бағдарламасына енгізілуіне күн-түн демей жұмыс жасады.
Аудан орталығындағы қазіргі сәулетті емхана ғимаратының тұрғызылуына да С.Ерімбет басшы ретінде үлес қосты. Сонымен қатар халық игілігіне қызмет жасайтын медициналық сақтандыру жүйесінің алғаш енгізіледі деген кезінен бастап, күні бүгінге дейін белсенді насихаттаушысы болып келеді.
Білікті басшы болған азамат кезінде Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу, денсаулық сақтауды басқарудың заманауи әдістері, шаруашылық жүргізу құқындағы мемлекеттік кәсіпорындар қызметінің ұйымдастыру-құқықтық және экономикалық негіздері бойынша білімін жетілдіріп, олардың аудан көлеміндегі денсаулық сақтау саласына енгізілуіне ықпал жасады.
Алтын қолды дәрігер Сексенбай Бұхарбайұлы ауданның денсаулық сақтау саласына сіңірген ерекше еңбегі үшін 2018 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Ол бүгінгі таңда аудандық емхананың мамандандырылған бөлімінің меңгерушісі. Білікті басшының жетекшілігімен бөлімнің жұмысы ұтымды ұйымдастырылуда.
Бүгінде жас дәрігерлерге тәлімгерлік етіп, сырқат жандардың кеселден айығуына ақыл-кеңесін, өзінің бай тәжірибесін үйретуде.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ