Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Сырқаттың жанына дәру сыйлаған

Сырқаттың жанына дәру сыйлаған

Шын мәнінде, адам денсаулығынан артық бай­лық жоқ екені даусыз. Күнделікті өмірде сыр­қат­тана қалған жағдайда ақ халатты абзал жанның көмегіне жүгінеміз. Мереке аясында барынша науқастың жанынан табылып, асқан ыжда­ғат­тылық танытатын білікті медбике Гүлшара Байкенжееваның еңбегі жөнінде жазуды жөн көрдім.

Үнемі биязы, кешіпейіл болмысымен сырт көзге танылған аяулы жан тынымсыз еңбектің арқасында науқастың алғаусыз алғысын алып келеді. Қашанда ұжымының ортасында сый-құрметке ие Гүлшара Жолдасбекқызы аудандық ауруханаға қарасты «Хирургия» бөлімшесінде еңбек етуде. Тәжірибелі маман шипалы емімен бөлімшеде жатқанымда мені аяқтан тұрғызуға барын салды.

Шындығында, Гүлшара Жолдас­бекқызы осыдан 56 жыл бұрын Сырдария ауданында дүниеге келген. Ең алдымен, басшылық жас медбикені «Жан сақтау» бөлімшесінде жұмысқа орналастырады. Ауыр хәлдегі науқастарды емдеп-жазуға үлесін қосқан Гүлшара Жолдасбекқызы сол кезде 20 жастағы бойжеткен болатын.

– Мендицина саласы қашанда адамға асқан төзімділікті, мықтылықты қажет етеді. 17 жыл бойы «Жан сақтау» бөлімшесінде қызмет еткен сәтте үлкен буынның ақылын тыңдап, тәжірибе жинақтай білген едік. Кейіннен «Хирургия» бөлімшесіне ауысып, күрделі жұмыста барынша дағдылана алдық. Әрбір науқастың жағдайын саралап, диагнозына байланысты ем-шара жүргізу – маңызды. Әріптестеріммен бірге аудан медицинасының жұмысын ілгерілетуге барымды салып келемін, – дейді тәжірибелі медбике.

Бүгінде біздің кейіпкеріміз – жолдасымен бірге 1 қыз, 2 ұлдан 6 немере сүйіп отырған ардақты ана, аяулы әже. Сан салаға бөлінген медицинада өзіндік орнын қалыптастырған ардақты жан ешқашан білгенінен жаңылған емес. Әрбір науқастың жағдайын жіті назарда ұстап, алаңдаушылық білдіріп отырады. Күні-түні сырқаты жанына батқан әрбір адамның жанынан табылады. Өз кезегінде сала маманын мерекемен шын жүректен құттықтаймын.

М.ҚАЛМҰРАТҰЛЫ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, ардагер-журналист
11 мамыр 2024 ж. 131 0