Сырқаттың жанын емдеген Жанат

Көпшілік Жанат Мүзарапқызын Сырдария аудандық ауруханасына қарасты «Терапия» бөлімшесінде медбике болып қызмет еткен жылдарынан біледі. Ақ халатты абзал жан түнгі ауысымға жұмысқа келген сәттен науқасқа ем-шара жүргізеді. Анығын айтқанда, ол 29 жыл бойы «Терапия» бөлімшесінде жергілікті халықты сырқатынан айықтыруға барын салды.
– Қасиетті бабаның атымен аталатын Қалжан ахун ауылынан аудан орталығына бірнеше жыл жұмысқа қатынаған едім. Әрине, түнгі ауысымға келгенімізде барлық жағдайға дайын болғанымыз жөн. Денсаулықтың қадірін біліп, дерттен теперіш көрген науқастың алдында тұнжырап, қалжырап жүруге болмайды. Мұндайда кәсібилікті қалқан етіп, жұмысымызды тиянақтылықпен атқаруға тырысамыз. Өзім ауылдағы орта мектепті бітіріп, Теміртау қаласындағы медучилищеге оқуға түстім. Облыс орталығында өз мамандығым бойынша алғашқы еңбек жолымды бастағаныммен, араға бір жыл салып, «Терапия» бөлімшесіне келдім. Мұнда қаншама науқастың күтіме қарап, аяқтан тұрғызуға ұмтылдық, – дейді Жанат Мүзарапқызы.
Расында, медбикенің жұмысы – әрқашан қауырт саналады. Ешбір қателікке жол бермейтін Жанат Жұмаділ осыдан 4 жыл бұрын Қалжан ахун ауылындағы фельдшерлік-акушерлік бекетке медбике ретінде ауысады. Әрине, ауыл аядай ғана шағын болғанымен, денсаулығы бойынша шағым айтатын жандар қатары аз емес. Мұндайда алтын жүректі медбике күн-түн демей үй аралап, тұрғындардың шағымын тыңдайды. Дәрігер тағайындаған ем-шараны жүргізіп, үлкендердің ақ батасын алады. Күнделікті емдеу мекемесіндегі іс-қағаздардың сауатты, сапалы толтырылуына аса мән беріледі. Аудандық ауруханаға есепті мерзімде атқарылған жұмыс жөнінде баяндама жасап, әріптестерімен бірге емдеу мекемесіндегі тұрғындарға арналған қызмет түрлерін ұйымдастырады.
Аяулы медбике 1992 жылы өзінің ауылдасы Уалихан Қарсақбаевқа тұрмысқа шығады. Осыған дейін жұптары жазылмаған ерлі-зайыпты 4 перезентті дүниеге әкеліп, олардан 2 немере сүйіп отыр.
Б.ОРДАБЕКОВ