Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ТЫЛ ЖАУЫНГЕРІ

ТЫЛ ЖАУЫНГЕРІ

Қаршадай қыз Қатыш Ұлы Отан соғысы басталған кезде 7 сыныпты бітірген еді. Туған ауылында бастауыш сынып мектебі ғана болғандықтан, ол ары қарай білімді қалаға іргелес жатқан Александровск елді-мекенінде алады. Ауылға 7 сыныпты бітіріп келгеніне 2 күн болғанда-ақ сұрапыл соғыс басталып, ауылдағы ер азаматтар түгелімен соғысқа аттанып кетеді. Бұрын Сталин атындағы колхоз атанған “Көкжиде” ауылдық советінің жұмысы бір мезетте тоқтап қалғанымен, оның бар жұмысы 7 сыныптық білім бар осы орта бойлы, өзі пысық қызға ең маңызды дүние кеңсе мөрі қоса тапсырылады. Күнделікті күйбең тірлікті дөңгелетіп әкеткен 15 жастағы Қатыш ауданға барып, ақпарат, есеп беру, тапсырма алу секілді жұмыстарды да тыңғылықты орындайды. Аудан орталығы ауылдан 50 шақырымдай жерде орналасқандықтан жол қатынасы көліктің жоқтығынан атпен ғана жүзеге асатын. Атқа ертелетіп мініп алатын жас қыз ауданға барып жұмысын бітіріп келгенде күн ұясына батып қараңғылық орнайтын. Жанын шүберекке түйіп отыратын ата-анасы қаршадай қыз үшін уайымдайтын. Себебі ауыл адамдарының айтуынша сол жылдары әр жерде соғыстан қашқан арам пиғылды адамдар, ұры-қарылар әр жерден бой көрсетіп жүреді. Олардың мақсаты ауылдық советтің мөрін қолға түсіру. Мөрді қолға түсіріп алуды көксеген ұрылар өз істерін жасыруға тырысып бағып, ақ қағазға мөрді басып алып, теріс ойларын жүзеге асырғысы келетін. Қазір жасы 95-ке келген қарт әже басынан өткен мына оқиғаны әлі күнге дейін ұмытар емес.
Бірде ауданға жиналысқа баруға тура келеді. Аттың бабын жасап жатқан қызын көрген әкесі Қарымсақ қарт:
– Қызым, ауданға баратын болсаң, астыңа мына қара жорғаны мін, ол сені тар жерде тығырықтан алып шығар сенімді ат, – дейді. – Жұрт әр жерде, әртүрлі ниеті түзу емес адамдар жүр деп жатыр, байқас боларсың, қысылған сәтіңде ғана атқа қамшы саларсың, – дейді қарт. Қара жорға әкесінің күнделікті мініс аты емес, бәйгеге қосар нағыз тұлпар болатын...
Таңертең ертелетіп ауданға кеткен Қатыш жиналысқа қатысып, жұмысын бітіріп, елге қайтуға жолға шығады. Бұл кезде күн де әжептәуір еңкейіп қалған. Айналаны қараңғылық басады. Ойында ешнәрсе жоқ, өлең айтып келе жатқан қыздың аты бір арықтағы көпірдің жанына жақындай бергенде қатты осқырынып қалады. Дереу Қатыш әкесінің айтқан сөзін ойға алып, атқа қамшы салып жібереді. Сол-ақ екен жорға ауылды бетке алып, заулай жөнеледі. Біраз жер шауып өткеннен соң артына қараған қыз көпірдің үстінен екі адамның сұлбасын көреді. Иықтарында қарулары да бар екен. Қатыш қайтадан атқа қамшы салып, ауылға келіп бір-ақ тоқтайды.
Қатыш жаңа болған оқиғаны, біреулердің көпірдің астында мұны аңдығанын, олардан аттың мықтылығымен құтылғанын, өзінің қатты қорыққанын, дегенмен аман-есен жеткенін үйіндегілерге айтып береді. Келген атты қораға жайғастырған шешесі Биғанша:
– Ат малмандай болып терлепті, шошынып тұр, терін бассын деп ер-тоқымын алып қойдым, жандарым-ай, – дейді.
Ертесіне бұл оқиғаны ауыл түгел естиді. Көпірдің астында жасырынып отырған екі адам соғыстан қашқандар екен. Олар күндіз бейіттің арасында жатып, қараңғы түнде ауылсовет кеңсесін аңдып мөрді қолға түсіруді ойластырғандар көрінеді. Қыздың жиналысқа барғанын, қайтып келе жатқан жолын торуылдап отырғандары екен. Бірақ олар қыздың аты қара жорға екенін білмеген. Қарақшылар атқа жете алмайтындарын біліп, әрі қыздың әкесі Қарымсақтың ауылдың бетке ұстар ақсақалы екенін білгендіктен қаймығып, тағы бірде жолын табармыз деп сол жолы шабуыл жасамаған.
Қаршадай қыз соғыс аяқталғанша сол жұмысты тиянақты атқарып шығады. Кейін мұғалімдікке ауысады. Есеп-қисапқа жүйрік Қатыш Қарымсаққызы өзінің біліктілігінің арқасында 1947 жылдан Тереңөзек ауданына қарасты көптеген пошта, мәдениет, мемлекеттік сақтандыру т.б. мекемелерінде есепші болып қызмет атқарады. Тереңөзектік Нұртай есімді жігітке тұрмысқа шыққан ол көп ұзамай соғыс зардабынан денсаулығы сыр берген жұбайынан айырылады. Небәрі 25 жастағы келіншек басына түскен қиындыққа мойымай әрі қарай еңбек етіп, бір өзі екі перзентін өсіріп, тәрбиелейді. Тұңғышы Райкүл Алматыдағы С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетті бітіріп, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы университетте 30 жылдай қызмет еткен, қазір зейнеткер. Екінші қызы Алма анасының жолымен қаржы саласын таңдайды. Мәскеудегі жоғарғы оқу орнын бітіріп, ол да Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте ұзақ жыл оқытушылық қызмет атқарып, зейнетке шығады. Өмір бойы туған елге қызмет етіп, тыл ардагері атанған Қатыш әже екінші қайтара тұрмысқа шықпай, қыздарын бағып қаққан, бүгінде олардан өрбіген немере-шөберелердің қызығына кенелген бақытты жан. Алланың берген жасына риза болған кейуана елдегі бейбітшілік заманның ұзағынан болғанын, ұрпақтарының соғысты көрмеуін тілейді.

Бибісара ЖАНӘЛІ
25 маусым 2019 ж. 804 0