Жанға шипа дарытқан дәрігер
Басы ауырып, балтыры сыздаға жас пен жасамыстың жағдайына жіті көңіл бөлетін Айгүл Жакупова соңғы 20 жылда «Терапия» бөлімшесіне жетекшілік етіп келеді. Жезді өлке Ұлытау облысының Қарсақбай кентінде дүниеге келген ақ халатты абзал жан қашанда емделушімен емен-жарқын әңгімелесіп, сырқатынан айықтыруға барын салады. Үнемі жайдарлы мінезінен таймайтын дәрігер білгір маман ретінде көптің алғысына бөленіп келеді.
Айгүл Қарсаңқызының есімі аудан жұртышылығына жақсы таныс. Созылмалы дертімен ем қабылдайтын көпшілік әркез аяулы жанның көмегіне жүгінеді. Бірнеше жылдан бері тұрақты түрде емдеп келе жатқан науқастың жай-күйін зерттеп, жан-жақты ем-шара қолданады. Бүгінде білікті дәрігер бөлімше қызметін барынша үйлестіріп, жұмысына жауапкершілікпен қарайды.
– Медициналық университетті бітірген жылы туған жерімдегі облыстық ауруханада қызмет еттім. Араға біршама уақыт салып, тереңөзектік Мұратбек Әбсадықовпен отау құрып, Қонысбек әкеміз бен Бибімариям анамыздың шаңырағына келін болып түстім. 1987-2004 жылдар аралығында аудандық емханада эндокринолог, учаскелік дәрігер ретінде еңбекке араластым. Алғаш мені жұмысқа тәжірибелі басшы Рүстем Садықов қабылдаған болатын. Осы кезге дейін 7 бас дәрігермен жұмыс жасай білдім. Өз уақытысында бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарған Шынтас Ізетұлы бізді барлық жағынан тәрбиеледі. Қызмет барысында әрбір іске жауапкершілікпен қарауды үйретті. Нағыз әскери қатаң тәртіпті орната білді, – дейді тәжірибелі дәрігер.
Эндокринология саласын жетік меңгерген Айгүл Қарсаңқызы Ресейде білімін жетілдірген. Бір бөлімшеде 15 жыл бойы әріптесі Гүлфарида Қайыпқызы екеуі аудан тұрғындарына медициналық көмек көрсетуді мақсат тұтты. Негізінен, дәрігердің жолдасы Мұратбек ағаның мамандығы инженер-құрылысшы. Үйдегі отағасының жолын кіші ұл Әлішер қуған. Ол – Назарбаев университетінде құрылыс және экологиялық инженерия саласы бойынша ғылыми қызметкер болып жұмыс атқарады. Биыл отбасының кенжесі аталған мамандық бойынша магистр дәрежесін алған. Ал үлкен ұл мен қыз медицина саласында. Тұңғыш ұл Әнуар Астана қаласында кардиохирург болса, келіні Гауһар – гинеколог. Арайлым косметолог-дәрігер ретінде көпшілікке кеңес береді.
– Ата-анамыздың бабын тауып, жұмысты да үйлестіріп отыру мені барынша шынықтырды. Қай кезде де емделуші алғысы барынша қанаттандырады. Қазіргі уақытта қан тамыр, жүрек аурулары адамдар арасында көбейіп кетті. Эндокринология саласына қатысты дертпен ауыратын жандар қатары аз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын қант диабетімен ауыратын жандар сирек кездесетін. Бүгінде осы дертке байланысты шағым айтатын науқасты жиі кездестіреміз. Пандемия уақытынан бері пневмониямен ауыратын науқас саны азаяр емес. Анығын айтқанда, күн өткен сайын аурудың саны артуда, – дейді сала маманы.
Осы күні аурухананың жас дәрігерлеріне ақыл-кеңесін айтатын дәрігер медицина саласында күн сайын орын алатын елеулі өзгеріске бей-жай қарамайды. Сала маманы 35 жылдық жұмыс өтілінде көптеген жоғарғы марапатқа қол жеткізген. Бұл ретте, Тереңөзек кентінің тұрғыны Ботакөз Жарықбасова дәрігерге өз алғысын жеткізді.
– Жақында денсаулығым сыр беріп, «Терапия» бөлімшесіне ем қабылдауға жатқан болатынмын. Заматында Айгүл дәрігер өз бақылауына алып, ем-шара жасады. Қазіргі уақытта денсаулығым жақсы. Сала маманы біліктілігінің арқасында қаншама адамға қолғабыс етуде. Үнемі науқастың диагнозын дөп тауып, жанымызды жадыратуда. Сала маманына мереке қарсаңында шынайы алғысымды жеткіземін, – деді кент тұрғыны.
Балтабай ОРДАБЕКОВ