5000 адамның өміріне араша түскен
Өңір жұртшылығына есімі белгілі қалжанахундық Ержан Әлімбетов травматолог-дәрігер ретінде күрделі ота жасаудан тайсалмайды. Жылына 150-ден аса отаға қатысатын кәсіби біліктілігі жоғары маман осыдан 5 жыл бұрын Оңтүстік Корея мемлекетінде тағылымдамадан өткен. Бүгінде Қызылорда облыстық көпбейінді және аудандық ауруханада қызмет ететін дәрігер адам өміріне араша түсуде.
Қасиетті жұма күні хирург-дәрігер Азамат Боқановтың шақыртуымен аудандық аурухана базасында Қызылорда қаласының тұрғыны Нұрлыгүл Серікбаеваға жасалған ота барысымен таныстық. Ота жасауда ұстанатын қатаң тәртіпті Ержан Мұхтарұлы баяндап, бізге арнайы киім ұсынды. Әрине, медициналық ережеге сәйкес, ақ халатты абзал жандар қолды барынша өңдеді. Дәрігерге өмірін сеніп тапсырған науқастың сол жақ балтырының ішкі және сыртқы толарсақ сүйегіне ота жасалды. Жауапкершілікті тереңнен сезінген анестезиолог-реаниматолог дәрігер Дастан Сәдірқожаев пен Әсет Жамансариев, уролог-дәрігер Аян Қуатов, орта және кіші буын қызметкері тікесінен тік тұрып, отаның сәтті өтуіне атсалысты.
Міне, біз кезекті мәрте ақ халатты абзал жандардың табандылығына көз жеткіздік. Адам өмірі үшін күресте күрделі саланың дәрігерге зор жауапкершілік жүктейтінін сезіндік. Осыған дейін өз мамандығына адалдық танытып келе жатқан Ержан Әлімбетовтің өз ісінің білгірі екеніне аса мән бердік. Әрбір медициналық құралды ұқыптылықпен қолдану керектігі басты назарымызда болды.
– Ең алғаш 23 жасымда ота жасауға қатысқан болатынмын. Соңғы 13 жылда 5000-ға жуық адамның өмірін аман алып қалуға септігім тиді. Медицинаның күрделі саласының бірі – травматологияның қиындыққа толы екенін көпшілік жақсы біледі. Кейде 3-4 сағат отаға қатысып шыққан бойда жедел түрде адам өмірін аман алып қалу үшін үйреншікті іске қайта кірісіп жатамыз. Травматологиялық ота түрін санамалай алмаймыз. Кез келген адам көптеген жарақат алып жатады. Өндірісте, тұрмыста кездесетін жарақат түрі жеткілікті. Жол апаты салдарынан денсаулығын зақымдайтын жандар қаншама. Дене сүйегінің бірнеше бөлікке сынуын қалыпқа келтіру де күрделі саналады, – дейді білікті дәрігер.
Отбасында асыл анасы мен жарына, ұл-қызына ерекше көңіл бөлуге тырысатын дәрігер ота үстелінде жатқан науқастың жақындарын да еш уақыт естен шығармайды. Әрқашан ота бөлмесінің есігі ашылғанда: «ота сәтті аяқталды» деген сөзді науқастың отбасына айтып, қуантуға асығады. Осы күні Сырдария ауданында облыстық деңгейде жасалатын оталар жүзеге асырылады. Мәселен, аудандық аурухананың «Хирургия» бөлімшесінде Жаңақорған және Байқоңыр қаласынан келген қос азамат дәрігер көмегіне жүгінген.
– Білікті дәрігер Ержан Мұхтарұлы ота жасап, бойыма шипа дарытты. Денсаулықтың қадірін біле білген адамға дәрігер еңбегі өлшеусіз. Байқоңыр қаласынан келген маған оң тоқпан жілікке хирургиялық мойынының ығысқан жабық сынығына экстромедулярлы түрде ота істелді. Ең алдымен, емдеуші дәрігеріме, бөлімше қызметкерлеріне шынайы алғысымды айтамын. Олардың науқас үшін жасап жатқан қызметі орасан, – дейді Қайрат Сағымбаев.
Травматологиялық сырқаттың көп белгісін бүге-шүгесіне дейін білетін Ержан Әлімбетов ота жасау блогының заманауи құрал-жабдықпен қамтылғанына аса мән береді.
– Көпбейінді облыстық ауруханасында кезекті жұмыс күнімде «Қабылдау» бөліміне аяғын күйік шалған науқас жеткізілді. Ауруханаға шұғыл әкелінген науқас 20 күн бұрын аяғын ыстық суға зақымдап алған. Дәрігерге көрінбестен, қаздың майын жаққан науқас дертін асқындырып алады. Еш ойланбастан біз ота жасау қамына кірістік. Науқастың ІІІ б дәрежелі күйік шалу салдарынан денсаулығы күрт нашарлағандығын анықтадық. Заматында дерматом көмегімен тері жапырақшалары алынып, аппарат көмегімен перфорация жасалынды. Бұдан бөлек тәжірибемде химиялық күйікке шалдыққан науқасқа аутодерма пластика отасын сәтті орындап шықтым. Айта кетейік, қоғам өмірінде адамның басынан көптеген жағдай өтеді. Денсаулығын зақымдаған жандар аяқтан тұру үшін барын салады. Дегенмен, ота сәтті аяқталғанымен, оңалту іс-шарасы жылдар бойы жүргізілуі мүмкін. Мұндайда әріптестеріммен кеңесіп отырамын. Білікті дәрігер Азамат Боқанов пен Дәуірхан Тағыбергенов секілді әріптестерім үнемі жанымнан табылады. Медаға Әділет Дастанұлына қойылатын талап жоғары. Ол ота барысында дәрігерді құрал-сайманмен қамтамасыз етуге жауапты, – дейді тәжірибесі толысқан дәрігер.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі, бірінші санатты дәрігер Ержан Әлімбетов әлі талай науқасқа жаңа өмір сыйлайтынына сеніміміз мол.
Балтабай ОРДАБЕКОВ