Асылдың аты өшпейді

«Менің алғашқы ұстазым – Нағима Сейсенәлиева. Ол кісі ауылға оқу бітіріп келген жылы мен бірінші сыныпқа қабылдандым. Сыныптағы отыз бала бәріміз де оны жақсы көрдік, ол да бізге махаббатын арнады. Бірақ менің «ғашықтығым» өзгешелеу болды білем. Кейіннен әлі бала болғандықтан оған үйлену мүмкіндігім жоқ екенін аңғардым. Содан біздің апайды «маған жеңге қылып бересің» деп немере ағам Серікбайды қайрадым. Сөйтіп жүргенде ағам әскерге кетті. Екінші сыныпта оқып жүргенімде күзде Нағима апайым күйеуге шықты. Ішім алай-дүлей болды. Қимастықтан жылап-сықтап жүрмін. Сол жылы Айдарлыда «Жастар тойы» деген дәстүр шықты. Ауылдағы үйленген жастарды жинап ортақ той жасайтын. Сол тойда жан жарам тағы аршылды. Клубтың алдына машинамен жастар келіп тоқтады да, ішінен күйеу жігіт апайымды көтеріп алып, ішке қарай еніп бара жатты...
Ал жылайын. Арасында ағамды сөгіп жүрмін. «Неге ертерек қайтпайды екен әскерден?» деп. Тойдан ертесіне апайым сабаққа келгенде бұртиып өкпелеп қалсам керек. «Неге күйеуге шығасың?..» деп.
Бір күні жас отбасыны әкем үйге шақырды. Бір жағы менің туған күнім болатын. Апайымның маған сыйлаған Сафрон Даниловтың «Тоқтатпас жүрек соғуын» деген кітабы есімде қалыпты. Мұқабада «Досай, бұл кітапты сақтап қой! Болашақта өміріңе көп пайдасы тиеді» деп жазылыпты.
Содан біршама уақыт өтті. Жиырма жасымда депрессияға ұшырадым. Өмір қызық емес. Анам қайтыс болған. Оқып жатқан оқуымды да тастағам. Ауылда мақсатсыз, мұратсыз «тірі сүлде» болып жүргенімде, кезінде апайымның сыйға берген кітабын сөреден тауып алдым. Ішіндегі маған арналған тілектеріне назар аударып отырып, «өміріңе пайдасы тиеді» деген жері ой салды. Қайтадан оқыдым...
Шындығында, кітап маған жаңа серпін берді. Ол кезде алғашқы ұстазым Нағима апайым да қайтыс болып кеткен болатын.
Сондықтан менің алғашқы ұстазымның өмірімдегі орны ерекше. Қолыма қалам ұстатқан, білімге құштар қылған, өмірге қайта құштарлығымды оятқан. Жаның жұмақта болсын!» деген шынайы көңілден шыққан сөздер арада ондаған жылдар өтсе де ұстазға деген сағынышты, риясыз көңілді, құрметті көрсетсе керек.
Осы жазбаны оқып, біз де осындай ұстаздың өмірде болғанын, қаншама балаға білім бергенін, оларға өмірге жолдама ұсынғанын кеңінен жазу үшін ұрпақтарын тауып, хабарластық. Көп ұзамай асыл ана, ардақты жар туралы қызы Ләззат Есмамбетова керемет естелік айтып берді.
Айдынды Аралдың Қарашалан ауылында кіндік қаны тамған Нағима Сейсенәлиева 1953 жылдың тумасы. Ауылдағы жетіжылдық мектепті бітірген соң онжылдықты Тасбөгет қыстағындағы мектептен тәмамдайды. Арманы асқақ бойжеткен М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесінің түлегі. Училищені аяқтап, қолына дипломын алған жас маман Айдарлы ауылындағы №139 орта мектебінде бастауыш және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Білімге құштар жас ұстаздың жаны шығармашылыққа жақын болады. Қолы қалт етсе қолына қаламын алып, ауылдағы жаңалықтарды жазып, оны аудандық газет редакциясына жолдап отырады. Сол кездегі «Сырдария» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде талай мақаласы баспасөзде жарияланған.
Ізденімпаз, елгезек мұғалім ауылдағы қоғамдық-саяси жұмыстарға да белсене араласады. Ұстаз ретінде шәкірттерінің кітап оқуға деген құштарлығын оятты, тағылымды тәрбие беріп, олардың білімін ұштау үшін түрлі іс-шара, әдеби кеш ұйымдастырудың шебері болды. Нағима Сейсенәлиеваның ұйытқы болуымен шалғайдағы ауыл мектебіне белгілі ақын-жазушылар арнайы шақырылды. Жазушы Бақытжан Момышұлы, ақын Мұхтар Шаханов сынды танымал тұлғалармен кездесу өткізді. Ұстаздың көптеген шәкірті білімге деген құштарлығының арқасында бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде белді қызмет атқаруда.
– Анам Нағима Сейсенәліқызы әкем Серікбаймен 1976 жылы отау құрып, екі ұл Талғат пен Жамбылды, бір қыз мені дүниеге әкелді. Денсаулығына байланысты ұстаздық қызметтен кітапхана жұмысына ауысқаны есімізде. Әкем Айдарлыда ұзақ жыл МТС меңгерушісі болып жұмыс істеді. Совхоздың бүкіл шаруашылық техникасына жауап беретін. Кейін совхоз жұмысымен бірге әкемнің де жұмысы тоқтады. Сол 1993 жылы анам да өмірден өтті. Бізді бағып-қаққан әкеміз егін екті, ауылдағы мектепке жұмысқа орналасты. Қиын күндерді әкеммен бірге өткіздік.
Анам мен әкем өте еңбекқор адамдар еді. Жұмысқа таңертең кеткеннен кешке бір-ақ келетін. Сөйтіп жүріп бау-бақшамен де айналысты. Ауылдағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Кішкетайымыздан бізді адал еңбекке баулыды, – дейді ата-анасы туралы Ләззат Серікбайқызы.
Ұлағатты ұстаздың көзін көрген кісілердің айтуынша, Нағима Сейсенәліқызы мектеп директорынан шағын бір бөлме сұрап алып, сол бөлмеде өзі жеке шығармашылықпен айналысыпты. Газетке мақала, новелла, әңгімелер де жазған. Арасында өлең шығаратын қасиеті де болған. Жас мұғалімдер, қыз-келіншектер бос уақытында сол кабинетке барып, ардақты жанмен сыр тарқатысып, әңгімелеседі екен. Мектептің жоғары сынып оқушыларымен бірге қойылым қоюды ұйымдастырған. Қандай іс-шара өткізсе де содан фотоколлаж жасап, шығармашылығын шыңдаған. Мұндай жұмыс жасауда оны фотограф ағасы Құдайберген Сейсенәлиев қолдаған. Әрбір өткізген іс-шарасына суретке түсіруге шақырып, суреттерден қабырғаға ілетін стенд жасап, мектеп кітапханасының бөлмесіне іліп қоятын болған.
– Анамыздан айырылу бізге оңайға соқпады. Әкем қанша күйзелсе де бар жүкті мойнымен көтеріп, тоқырау заманында бізді қыстан аман алып шықты. Көктемде бірнеше күнге бізді сабақтан сұрап алып, жабылып егін егіп, тіршілігімізді жалғастырып кеттік. Мектеп бітіргеннен кейін де қиын күндерді бастан кешірдік. «Анамыз тірі болғанда бәрі басқаша болар ма еді» деп ойлаймыз кейде. Қазір Аллаға шүкір бір-бір отбасы болдық. Ата-анамыз өмірден ерте кетсе де адал еңбектің дәмін сездіріп, достықтың, ортаға деген сый-құрметтің зор үлгісін көрсетті, – дейді сағынышпен ана жолын жалғаған қызы Ләззат.
Жақсы кісі туралы жақсы сөз жазудың өзі бір жағымды әсер қалдырады. Өмірде қанша жақсы адамға кездессең, сонша адамның жақсы қасиетін бойыңа сіңіргендей боласың. Міне, Нағима апай да айналасына жақсылық нұрын шашқан, адамгершіліктің үлгісін көрсеткен ұстаз болғанын күні бүгінге дейін ауылдастары естелік ретінде айтып отырады.
– Анам көпшіл кісі болатын, достары көп болды. Достары қонаққа шақырса отбасымызбен түгел баратынбыз. Өзі достарын қонаққа шақырса бүкіл отбасымен қосып шақырып жайлайтын. Сөйтіп арқа-жарқа болып жүруші едік. Аты облысқа белгілі журналист Тілеген Бекарыстанов ағамыз анамыздың бала кезінде тай-құлындай тебісіп бірге өскен жан досы болды. Аққошқар аға мен зайыбы Қалипамен отбасылық достар еді. Аққошқар ағай Қорқыт ата атындағы университетте оқытушы болды, жарыққа шығарған кітаптары бар. Ал мектептегі әріптестері Бибайша Бодықова, Жәмила Тәженова, Гүлнафиса Сәйдиева, Гүлнафиса Әбсадықова, Қалдыгүл Әлиева апайлармен жақсы араласты. Ол кезде мектеп директоры Ыдырысхан Торғаев еді, – дейді асыл ұстаздың ұлы Талғат Өндірбаев.
Ауылдағы байырғы әріптестері де марқұм Нағима Сейсенәліқызы туралы еске алғанда үш қабатты мектеп жаңадан салынып жатқанда ардақты жанның құрылыс жұмысына араласқанын айтады. Ескі мектеп апатты жағдайда болған кезде, шәкірттерді үйіне шақырып оқытуы да ұстаздың адамгершілігі. Ал, талапшылдығы мен айтқан тапсырмасын екі рет қайталамайтындығы ардақты ұстаздың шәкірттерін білімге деген шыңдағандығы.
Өмірін мектепке, шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолы балалары мен шәкірттерінің жадында әлі талай уақыт жаңғырып тұра бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ