Басылымды он сегіз жыл басқарды
Өзім Қарағандыдан университет бітіріп, одан бір жыл әскерге барып, ендігі жұмыс іздеп жүрген кезім. Әскерден келген соң Қарағандыға қайта барғанмын, үлкен қаладан бір қызмет табылар деп. Арада 2-3 ай өтіп, сол жақта жүргенімде ауылдан Бейбіт Смайлов ағам хабарласты. «Редакцияға тілші іздеп жатыр, жұмыс істейсің бе?» деді. Өзі жұмыс таба алмай жүргенде бұл жаңалыққа қуандым. Сол күні Орталық Қазақстаннан пойызға мініп, екі күннің ішінде ауылға жеттім. Содан Бейбіт ағам редакцияға өзі апарды. Бас редактор жылы қарсы алып, тілші керектігін айтты. Ағам «Бұл бала Қарғандыда филологияны бітірген. Жұмысқа алсаңыз, тәрбиеге көнеді» деді.
– Мақала жаза аласың ба? – деді жылы жүзбен бас редактор.
– Университет қабырғасында газеттерге мақала жазатынбыз. Бірнеше мақалам шыққан, – дедім.
– Қырық мың халықты жаңалықпен сусындатып отырған газет жұмысының жауапкершілігі зор. Сондықтан бұған аса ыждағаттылықпен қараған дұрыс, – деді редакция басшысы. Осыны айтқан бас редактор мені тәжірибеде сынап, кейін аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясына қызметке қабылдады.
Аудандық газетте қырық жылдан аса уақыт еңбек етіп, оның он сегіз жылында редакцияны басқарған Сәуле Сұлтанқызымен танысқан уақыт сол кез еді. 2014 жылдың алғашқы күнінен осы газетте еңбек жолым басталып, бас редактордың тәрбиесін көріп, тәжірибесін үйрендік. Білікті басшы, іскер ұйымдастырушы әр газеттің шығуына аса жауапкершілікпен қарайды. Біз секілді жас журналистердің қаламының ұшталуына ықпал етіп, көп көмегін тигізіп жүр. Сәуле апайды әркез ұстаз санап, ол кісінің өнегелі өмір жолын өзімізге үлгі-өнеге етеміз.
Жалпы, аудандық басылымның бас редакторларының ішінде Сәуле Ерімбеттің есімі зор құрметпен аталады. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап келе жатқан ардақты жан аудан халқына сыйлы, қадірлі, құрметті. Сәуле апаны өзгелерден ерекшелейтін қасиеті – көңілінің кеңдігі, пейілінің тазалығы, жүрегінің мейірім мен адалдық деп соғатыны болса керек. Ол кісінің алдына мұңайып кірген адам, күліп шығады, ешқашан ешкімнің меселін қайтарып, ауыр сөз айтқан емес. Қай кезде де тазалықтың шырағданы болып, жанашырлық туын өзгелерден биік ұстауы тектілігіне тікелей байланысты болар. Бір сөзбен айтқанда, құрметті жан – біз үшін қарапайымдылықтың, кішіпейілділіктің үлгісі.
Отбасы мен қызметті қатар алып жүру және екі ортада да құрметті болу әйел азаматы үшін оңай емес. Сәуле Сұлтанқызы қызметте басшы ғана емес, қамқоршы болды, әріптестерінің қуанышы мен қайғысын бірге сезінді, сынақты сәттерде ұжымдастарының жанынан табылды. Ұжымда біреуі үй салуды бастаса, өзі бастап шашуын ала барады, енді біреуі зор қуанышқа кенеліп жатса, оны бөлісуде де Сәуле апа өзі бастамашы болып жүреді. Ұжымдағылар да басшының айналасына топтасып, ортақ абырой жолында еңбек етіп, бас редактордың бастамаларын қолдады, қуаттады, сөзбен де, іспен де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады. Жақсы істердің жаршысы болған жайсаң жан отбасында сүйікті жар, аяулы ана, кемеңгер әже ретінде отбасының берекесін бекітіп, ырысы мен ынтамағын арттырды. Сірә, әйел-ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар...
«Редакцияны екінші үйім» дейтін Сәуле апа – отбасының да шырақшысы бола білген қамқоршы ана. Ол кісі «Алтын алқа» иегері. Ауданның тыныс-тіршілігімен біте қайнасып жүріп, Айғали аға екеуі ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Өзінің ұл-қыздарымен қатар бізге де ерекше қамқорлық көрсетіп, өмірлік тәжірибесін үйретті. Сондықтан да ұжым қызметкерлері Сәуле апаға әркез шынайы ризашылығын білдіреді, мақтаныш санайды.
2019 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан Сәуле Сұлтанқызы бүгінде немерелерінің ортасында ардақты әже атанып отыр. Үнемі редакция ұжымына қолдау білдіріп, сала ардагері ретінде ақыл-кеңесін айтып отырады. Жаздың жайма шуақ күнінде келетін кәсіби мерекемен құрметті ұстазымызды шын жүректен құттықтаймыз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ