Ақ күрішті баптаған диқан
Жер мен адам егіз ұғым. «Балықшы көлін, егінші жерін мақтайды» деген сөз бар. Егіншілікті бала кезінен көріп өскен адам, ер жете Жер-Ананың қадірін біліп, оны мәпелегеннің бағы жанатынын біледі.
Бүгінгі біздің кейіпкеріміз Кенжебек Ерташов адал еңбектің маңдай термен келетінін біліп өсті. Көпбалалы отбасының кенже баласы Кенжебек Қалжан ахунда дүниеге келді. Ауылдағы орта мектепті бітіріп, бірден еңбекке араласты, шаруашылықта жұмысшы болды. Отан алдындағы борышын өтеген соң туған ауылындағы дала еңбеккерлерінің қатарында жұмысын жалғастырды. Бір-екі жылдан соң шаруашылық басшылығы оған диқаншылықты сеніп тапсырды.
Алғашқы жылдары өзіне бекітілген 40 гектар жерге егілген Сыр салысын күтіп-баптап, одан 70 центнерге дейін жоғары өнім алды. Шаруашылықтың жыл бойы жалғасатын қарапайым еңбек адамының бел ортасында жүріп, алдыңғы буын еңбеккерлерімен жас та болса бірдей еңбектің тайқазанын тасытты.
– Ардақты анам Мейрамкүл күрішші болған жан. Әкем малшы болған екен. Сәби кезімде әкем мәңгілік мекеніне кетті. Бір үйдің 10 баласын жеткізіп жетілдірген анамыз нағыз қайратты, жаны ізгі жан. Бауырларымның арасында да жұмысшы мамандығын меңгергендер бар. Шүкір, қазір әрқайсысымыз несібемізді адал еңбекпен көріп жүрміз. Ерте көктемде басталатын қызу тірліктің өзіндік қиындығы бар. Күтіп-баптаған күріштен ырзығымызды аламыз, – дейді жастайынан еңбекті жанына серік еткен азамат Кенжебек Ерташов.
Күрішшінің айтуынша жерге орналасқан дақыл 20 күнде жер бетіне көрінеді. Суды тереңнен ұстағанның арқасында күріштің күрмегі болмайды. 40 күннен соң алқапқа алғашқы тыңайтқышы берілсе, 2 айдан соң егістікке ұшақпен тыңайтқыш себіледі. Карбамид – күріштің бойын өсірсе, аммофос – дәнін толтыру үшін берілетін тыңайтқыш түрі екен. Күрішші болудың қыр-сырын меңгерген өз ісінің маманы соңғы жылдары дронмен тыңайтқыш беру қолға алынғанын айтады. Соңғы технологияның көмегімен 170 келіге дейін сұйық тыңайтқышты көтеретін дрон күріш алқаптарындағы қоға, шиін, күрмек секілді арам шөптерге қарсы қолданады.
Қызу еңбектің бел ортасында жүріп еңбек етіп, иығынан кетпені түспейтін күрішшінің егіншілікпен айналысқанына 25 жыл болды. Қазір өзі еңбек ететін шаруашылық жерді тегістейтін арнайы техникамен барлық егіс алқаптарын тегістейді. Бұның тұқымның тегіс себілуі мен шығуына және суды үнемдеуге көп пайдасы бар. Суды пайдалану жұмысына ұқыптылықпен қарайтын күрішші биылғы жылы егілген 60 гектар күріштің әр гектарынан 85 центнерден өнім алды. Жаңадан егілген «Маршал» сорты өнімді молынан беріп, Кенжебек Нәбиұлы абырой биігінен көрініп, сапалы мол астық өндіргені үшін жеңімпаз атанды. Оның озат тәжірибесі шаруашылық күрішшілері арасында кеңінен насихатталды. Бұл күндері «БАҚ» шаруа қожалығында 9 күрішші алтын астықты өндіріп, ел қамбасына құюда.
Әріптестері Нұрғали Алтынбаев, Нұрлан Тұрғанов, бригадир Батырбек Сарыбаев ұжымның мақтаныштары. Олар егін егуден бастап, жинап алуға дейінгі аралықта күріш өнімділігін арттыруға өз үлесін қосып келе жатқан майталмандар.
«Көп еңбек еткенге, бақыт басын иеді» дегендей ширек ғасырға жуық маңдайын – күн, самайын жел сүйген күрішші болу үлкен төзімділікті қажет ететіні анық. Сырт қарағанға оқуы жоқ жұмыс болып көрінгенімен, мол өнім алу үшін күріш өсірудің жай-күйін жақсы білу керек. Ең алдымен күріш – еңбекті аса көп керек ететін дақыл. Сондықтан күрішшіге дәнді жерге себуден бастап, ала жаздай күтіп-баптау жұмыстарын өз қолымен атқарып, күріштің суын тартқызып оруға дайындағанға дейінгі алты ай уақыт ішіндегі барлық жұмысты орындау міндеті жүктелген. Жыл сайынғы жинаған тәжірибесі күрішшіні нағыз майталман еңбеккер етті. Міндетін мінсіз атқарып, елі мен жерін қастерлей білген, епті қимылымен, ширақ қозғалысымен еңбек еткен шаруа адамы ұжым мақтанышына айналды. Жыл сайын озаттардың қатарында сыйақы алып, бағалы сыйлықпен марапатталды.
Абыройлы еңбек иесі Кенжебек шаңырақтың берекесі, 85 жасқа келген анасы Мейрамкүл Ерташованы келіншегі Нұргүл екеуі алақандарына салып бағып-қағып отыр. Өмірлік қосағымен қарашаңырақтың иесі атанған Кенжебек ағайын-туыс, жегжаттардың арасында сыйлы.
Жасында жақсы тәрбие алған бала жақсы азамат болып өсетіні аян. Ақ жаулықты ана балаларының адал азамат болып, бір-бір үйдің егесі болғанына шүкіршілік етеді, балаларының тілеуін тілейді. Лайым еңбектің қара қазанында қайнап, астықтан тау тұрғызған еңбек адамына деген құрмет зор бола бермек.
Бибісара ЖАНӘЛІ