Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбегі еселі диқан

Еңбегі еселі диқан

Аудандағы «Нұрбек» фер­­­­­мерлік қожалық кү­р­іш­­­­тен тау тұрғызып, ел ыры­сын еселеп келеді. Бұл істе шаруашылықтың жас диқандары «Баптай білгенге, жер жомарт» деген ағалар ақылына құлақ түріп, ерте көк­темнен тың жерге түрен түсіріп, дән себеді. Таң­алакеуімнен кетпенін ар­қалап, ала жаздай маң­дай термен тынымсыз еңбек етіп, Сыр дақылын күтіп баптайды.

Ал, егін жинау науқаны келгенде «Егінші жылда арманда» дегендей, ырыс­ты ысырапсыз жиып-теріп, төккен тердің мерейін көрсем дейді. Осындай еңбектің жемісін жыл сайын көріп жүргендердің қатарында Бақытжан Ерташов та бар. Жақында еңбексүйгіш азаматпен сөйлесіп, пікірлескен болатынбыз.

«Шымшық сойса да қасапшы сойсын» дегендей, Сыр салысын егіп, одан мол өнім алу әркімнің қолынан келетін іс емес. Бұған да таудай талап керек. Егістік жерді игеріп, өнім алу үшін біліктілік, тәжірибе болғаны жөн. Оған жетуде талмай еңбектену керек. Сол кезде дала әнге, қырман дәнге толып, диқанның мерейі үстем болмақ. Осыған жету тұрғысында Бәкең жиырма жылдан аса егістік танапта еңбектеніп келеді.

Бақытжан Нәбиұлы ер жеткен шақтан егістік танаптың қыр-сырын меңгерді. Егінге су жетпей жатқанда не істеу керек, күріш ауырғанда қандай шаралар жасау қажет екенін Қалжан ахундағы шаруашылықта кәнігі мамандардың қасында жүріп көрді. Жайқалған атыздың арасында сабақтан дәнді айырып, оның өнімділігін бағамдады. Әйтеуір диқандардың ізінде жүріп, Сыр дақылын егіп-жинаудың сырына қанықты. Ерте көктемнен алтын күзге дейінгі еселі еңбектің елеусіз қалмайтынын ұғып, өзі егін егу ісіне машықтанды.

Еңбек адамының әкесі Нәби Ерташов совхозда малшы болған. Ал анасы Мейрамкүл Ерташова шаруашылықта күріш еккен. Жас­тайынан еңбекке бейім болған жан бүгінде «Нұрбек» фермерлік қожалығындағы екінші бригадасының даңғайыр диқаны.

«Алма ағашынан ұзап түспейді» дегендей, қожалық басшылығы күрішшіге сенім артып, 80 гектар жерге егін егуге мүмкіндік берді. Артылған сенім, жүктелген жауапкершілікке Бәкең мығым. Сенім үдесінен шығу үшін аянбай тер төгіп келеді. Биыл диқан мерейі үстем болып, күріштің әр гектарынан 50,5 центнерден орта өнім алды. Бір айта кетерлігі әр жылдары әрқалай өнім алса да орташа өнім 50-51 центнерден түскен емес. Гектарына 80 центнерден өнім алған кездер де болған. Сондықтан да «Егін ырыс таңдамайды, еңбек таңдайды» дейтін күрішші уақытпен санаспай жасаған еңбектің қай кезде де жемісті болатынын айтады.

– Күріш егу – таза еңбек. Мұнда бір жұмысты жасағанда дұрыс болмай, оны қайта жасап шығатындай мүмкіндік жоқ. Ерте көктемнен қалай еңбектенсең, соған сай өнім аласың. Қазақ халқы «Еңбегіне қарай өнбегі» деп бекер айтпаған ғой. Сол себепті де егінді баптай білу керек. Негізі ауыл шаруашылығы саласында 20 жылдан аса еңбек етіп келемін. Ал фермерлік қожалық құрылған 10 жылдан аса уақыт ішінде осы жерде егін егемін. Қожалықта еңбек етіп, отбасымның несібесін тауып жүрмін, – дейді Бақытжан Нәбиұлы.

Айтса айтқандай, ел ырысы болған Сыр күрішінен мол өнім алып жүрген тәжірибелі диқандардың еңбегі өлшеусіз. Олар Сыр елінің экономикасының дамуына елеулі үлес қосуда. Сондықтан Бәкең секілді еңбек адамдарына деген құрмет ешқашан толастамайды.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
26 қыркүйек 2023 ж. 193 0