Кәсіби мерекеде Сырдария ауданының мейіргерлері марапат төрінен көрінді
Кеше облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Нартай Бекежанов атындағы драма театры ғимаратында «12 мамыр – Халықаралық мейіргерлер күніне» арналған салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті. Ақ халатты абзал жандардың еңбегін ұлықтауға арналған мерекелік кеште медицина саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар мейіргерлер марапат төрінен көрінді.Салтанатты жиында Сырдария ауданының сала мамандарының мерейі үстем болып, әріптестеріміз облыстық деңгейдегі жоғары марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, кәсіби мереке аясында ұйымдастырылған облыстық байқау қорытындысы бойынша Нағи Ілиясов ауылы ауылдық амбулаториясының маманы Гүлжан Жүсіпбаева «Үздік ауыл мейіргері» номинациясын жеңіп алды. Бұл – маманның ауыл медицинасының дамуына қосқан еселі еңбегі мен кәсіби біліктілігінің нәтижесі.
Сонымен қатар, Қызылорда облысы бойынша мейіргер ісі мамандарының Ассоциациясы қоғамдық бірлестігі тарапынан «Мейіргер ісінің дамуына қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен «Күндізгі стационар» бөлімшесінің аға мейіргері Ләззат Әлімбетова марапатталды. Ал облыс әкімінің Алғыс хаты «Жан сақтау» бөлімшесінің мейіргері Гүлзира Айтуар табысталды.
Айта кету керек, мейіргер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін аса маңызды сала. Науқастың жанынан табылып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, мейірім мен жанашырлық сыйлайтын да – осы мейіргерлер қауымы. Сондықтан олардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.
Өз кезегінде кәсіби мереке аясында жоғары марапатқа қол жеткізген әріптестерін бас дәрігер Жанар Жұмабаева арнайы құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.
– Мейіргер – медицина саласының жүрегі десек, артық айтқандық емес. Себебі қандай жағдайда болмасын науқасқа бірінші болып көмек көрсетіп, оның жағдайына алаңдайтын – мейіргерлер. Бұл мамандық үлкен төзімділікті, мейірімділік пен кәсіби біліктілікті талап етеді. Бүгін марапат алып отырған әріптестеріміздің барлығы – өз ісіне адал, халық денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген білікті мамандар.
Олардың жетістігі – тек жеке марапат емес, бұл бүкіл аудан медицинасының абыройы. Әріптестеріміздің еңбегі әрдайым бағаланып, халықтың алғысына бөлене берсін. Барша мейіргерлер қауымын кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін, – деді бас дәрігер.










