Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбекпен есейген кәнігі күрішші

Еңбекпен есейген кәнігі күрішші

Қай уақыт, қай заманды алсаңыз да еңбек адамына деген құрмет толастамайды. Өйткені барлық формацияның дамуында еңбек адамының қосқан үлесі мол. Сол себепті де бүгінгі ақпараттық қоғамның жеделдігі мей­лі артсын, бірақ еңбек адамының мерейі бір сәт те аласарған емес. Біз үлгі етер Әбекең де сол еңбегімен мерейлі болып жүрген жандардың бірі.

Әбекең деп отырғанымыз – Әбусәлім Үсенбаев. Аудандағы іргелі шаруа қожалық – «Қызылдиханның» кәнігі кү­рішшісі һәм нағыз еңбектің адамы. Олай дейтініміз, Смайлханның бала жастайы­­нан еңбек майданында қызған. Әкесі Смайлхан да осы өңірде еңбектің көрігін қыздырған. «Қызылдихан» табанында маңдай тер төгіп, егіннен береке тапқан. Анасы Гүлжахан да колхоз жұмысында жетілген. Күріш еккен, сол арқылы жерден несібе терген.

Міне, осындай диқандар отбасын­да дүние дидарын көрген Әбекең де ди­қандықтан алыс кеткен жоқ. Әке­нің ізінде, ананың етегіне жабыса жү­ріп, егін егу ісін көрді. Кейін соған ма­шықтанып, еңбекке ерте араласты. «Қы­зылдихандағы» мектепті 9 сыныпқа дейін оқып, аудан орталығындағы №10 кәсіптік-техникалық училищеде арнаулы білім игерді. Аты айтып тұрғандай, кәсіптік бағытта, оның ішінде автомобиль жүргізу ісіне бейімделіп, соның куәлігін алды. Бұл 1993 жылдары болса, кейінгі екі жылында өз қатарластары секілді Отан алдындағы борышын Пет­ропавл қаласында өтеген. Әскери мін­детті адал атқарып, елге келіп, еңбек жо­лын бастаған.

– 1995 жылы әскерден оралған соң О.Мәлібаев атындағы совхозға жұмысшы болып қабылдандым. Осы сов­хозда ата-анам диқан болып жұмыс істейтін. Бала кезімізден ата-анама егін егіп, оны күзде жинап алуға көмекке баратынбыз. Сөйтіп жүріп егіннің бап-күтімін меңгердім. Ша­руашылықта еңбекке араласқаннан өзім білетін жұмысқа машықтандым. Қазір шаруа қожалықта ұзақ жылдар бойына күрішші болып еңбек етіп келемін, – дейді кәнігі күрішші.

Иә, ерте көктемнен жердің бабын келтіріп, оны егін егуге дайындау, егілгеннен кейін күтімін қамдау, күзде алтын дәнді ысырапсыз жинап алу ісінде диқанның өзі жүреді. Аптап ыстықта егінді бағып, атызды аралап көріңіз... Күріштікке уақытылы су жіберіп, оған қосымша қорек беру, күріштің ауырып қалмауын назарда ұстаудың өзі бір машақат. Міне, осы жұмыстардың барлығына Әбусәлім ысылған. Таң атпастан кетпенін асынып, егістік басында жүреді. Өзіне бекітілген күріштен жыл сайын қамбаға мол астық құяды.

– Мен Әбусәлімнің әкесімен жұмыс істедім. Білікті маман, даңғайыр диқан болды. Артық сөзі жоқ, өз ісіне мығым болатын. Әке жолын жалғастырған ұлында да сол мінез. Тапсырма бересің, оған жауапкершілікпен қарайды. Жыл са­йын егіні бітік шығып, алтын қамбамызды молайтуда Әбусәлім Үсенбаевтың ең­бегі көп. Сондықтан осындай еңбек­пен мерейі үстем болып жүрген қызмет­кер­лерді әркез үлгі етіп отырамыз, – дейді іргелі шаруашылық төрағасы Алданберген Құлбаев.

Ерінбей еңбек еткеннің еңсесі әркез биік екені анық. Әбекең 2021 жылы кү­ріштің әр гектарынан мол өнім алғаны үшін облыстың «Құрмет грамотасымен» және басқа да бірқатар марапаттармен марапатталған.

Еңбек адамы Мейрамкүл Кусбае­вамен шаңырақ көтеріп, бүгінде 1 ұл, 3 қызды тәрбиелеп отыр. Өмірлік серігі аудан орталығындағы «Ботакөз» балабақ­шасында тәрбиеші болып қызмет атқа­рады.

Әбусәлім Үсенбаев секілді адамдар сөз­ден гөрі іске жақын. Сондықтан бізбен әңгімесінде көп сөйлемеді. Тек «Еңбекпен несібемізді тауып, отбасымызды асырап келе жатырмыз» дей бер­ді. Еңбек адамының мерейлі шағы да осы болса керек. Ендеше, біз осындай қарапайым еңбек адамдарын мақтан ете­міз және көпке үлгі етеміз.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ
01 шілде 2023 ж. 128 0