Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№4 газет

18 қаңтар 2025 ж.

№3 газет

14 қаңтар 2025 ж.

№ 2 газет

11 қаңтар 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Инклюзивті идеяны іске асырған ұстаз

Инклюзивті идеяны іске асырған ұстаз

Қаңтар айының 10-11 күндері Алматы қаласында «Педагогикалық идеялар фестивалі» өтті. Фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен 250-ден аса ұстаз қатысты. Қызылорда облысынан облыстық іріктеуден жүлделі орын алған 11 мұғалім бақ сынады. Сырдариялық ұстаз аудандағы №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицей мұғалімі Гүлнар Серікболова байқаудан бірінші орын алып, ауданның білім саласының жетістігіне үлес қосып, мерейі үстем болды.

«Дарын» республикалық ғылы­ми-прак­тикалық орталығының ұйым­дас­тыруымен Сүлейман Демирел атын­дағы университеттің базасында өткен байқау – педагогтердің шығармашылық мүмкіндіктерін ашу, оқыту әдістемесі мен технологияларын жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында өтті. Сырдариялық ұстаз өз шеберлігін қазылар алқасының алдында көрсетіп, «ЖИ StoryCraft: Ерекше балаларға арналған цифрлық әңгімелер» жобасын сәтті қорғады.

Идея авторының айтуынша, жоба ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға арналған инновациялық педагогикалық шешім. Оның мақсаты – заманауи технологиялар мен жасанды интеллект арқылы балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту және оларды қоғамға бейімдеуге ықпал ету.

Заманауи технология арқылы ауқымды жұмыс жүргізген ұстаз ең алдымен балаларға өздерінің жеке кейіпкерлерін жасауға, жеке әңгімелер құруға және оларды цифрлық кітаптар форматында көруге мүмкіндік берген. Бұл процесс балалардың өзін-өзі тануына, шы­ғармашылық қабі­леттерін ашуға және өзін­дік жеке тұлға ретінде қа­лып­тасуына жағ­дай жасаған.

– Идеяның ерек­шелігі – инклюзия қағи­даттарын ұстану арқылы әр балаға тең мүмкіндік беру. Ол аз қамтылған және толық емес отбасылардан шыққан балаларға, аутизм, ДЦП және басқа да диагноздары бар балаларға, сондай-ақ мигрант және қандастар отбасыларынан шыққан балаларға бағытталған. Жасанды интеллект пен Midjourney технологиясын қолдану арқылы балалардың өзіндік шығармашылық жолы қалыптасады. Сонымен қатар, балалардың қоғаммен байланысын нығайтып, өздерін еркін сезінуге мүмкіндік береді, – дейді ізденімпаз ұстаз.

Шығармашыл ұстаз ұсынған «Ерекше балаларға арналған цифрлық әңгімелер» идеясы арқылы өзі білім беретін ерекше білім қажеттіліктері бар балаларға өздерінің жеке кейіпкерлерін жасап, сол кейіпкерлердің қатысуымен әңгімелер құрастыруға мүмкіндік берген. Автордың же­текшілігімен фес­тивальге ұсынған «Сандуғаш ханша­йым – күш жолы» кітабы бірнеше бағытта жасалған. Оның қатарында боямақ, пазл, 3Д кітап және мультфильм бар. Ауқымды жұмыс нәтижесінде ерекше баланың өзін-өзі бағалау деңгейі артып, оның әлеуметтік ор­­таға бейімделуі жеңіл­деген.

– Кітап маз­мұнын ерекше баламен бірге жаздық. Сандуғаш есімді оқу­шының өмірі мен арманын бейнелейтін кітап Kling бағдарламасы арқылы шағын мультфильмге айналдырылды. Бұл мультфильмді оқушының өзі дыбыстап, өз ерекшелігін көрсетуге үлкен мүмкіндік алды. Мұндай шығармашылық жұмыстың арқасында Сандуғаштың өзіне деген сенімі артып, қоғаммен байланысы нығайды. Жалпы қазіргі таңда мектептерде ерекше балалардың саны жыл са­йын артуда. Біздің мектебімізде 19 ерекше білімді қажет ететін оқушы оқиды, олардың ішінде 6 бала үйден білім алады. Олардың арасында тірек-қимыл аппаратының бұзылысына байланысты арнайы оқытуға мұқтаж, сөйлеу немесе есту қабілетінің бұзылысы сияқты диаг­ноздары бар оқушылар бар. Алдағы уақытта кейіпкерлерімнің әрқайсысына арналып осындай жұмыс жасалатын болады. Жасалған әңгімелер цифрлық форматта кітапқа айналып, арнайы платформаларда жарияланады, – дейді білім саласында 7 жылдық өтілі бар педагог-сарапшы Гүлнар Серікболова.

Инклюзивті білім берудің тиімділігін көрсеткен жұмыстың алғашқысы өткен жылдың қыркүйек айында жасалып, «Аружан және Тим» атты кітап ретінде шығып, ұстаздың атына патенттелген. Осы оқу жылында екінші кітап болып шыққан еңбек Мәскеу қаласындағы YOCA LAB сурет салу ұйымымен келісім-шарт негізінде жасалған. Идеяға қызығушылық танытқан ұйым сырдариялық ұстаздың еңбегінің жарыққа шығуына қолдау білдірген. Мұндай бірлескен еңбектің әлде де бірнешеуі өз оқырманына жолданатын болады.

Фестиваль жеңімпазы ретінде шығар­машыл ұстаздың еңбегі «Атамұра» баспасынан жарыққа шығуға жолданып, респуб­лика көлеміне таратылатын болады.

Айту керек, мұндай жаңашылдық білім саласында бұрын-соңды болмаған. Сон­дықтан мерейі үстем болған шығар­машыл ұстаздың еңбегі мақтауға да, қолдауға да лайық.

Бибісара ЖАНӘЛІ
18 қаңтар 2025 ж. 45 0