Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№83 газет

01 қараша 2025 ж.

№82 газет

29 қазан 2025 ж.

№ 81 газет

25 қазан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930
» » Жарты ғасыр белесіндегі ауыл

Жарты ғасыр белесіндегі ауыл

Қойнауы құт, жері ырысты, елі берекелі күрішті ауданның тарихы бір ғасырға жуықтаса, іргесі аудан орталығына жақын орналасқан елді мекен – Сәкен Сейфуллин ауылының құрылғанына – 50 жыл болды. Осы күні ауыл халқы мерейлі тойды атап өтіп, дүбірлі думан күн ұзағына жалғасты.

Мемлекет қайраткері, қазақ әде­биетінің негізін қалаушы, ақын, жазу­шы Сәкен Сейфуллин атын енші­леген ауылдан Сәрке, Байқадам, Сейіл, Бәйтен батырлар, Шортанбай, Жүзбасар, Қырғи билер, дарынды ақын-жазушылар Қанапия Дәрібаев, Сейфолла Оспанов, Ахат Жанаев, Келдібай Уәйісұлы, т.б танымал тұл­ғалар шыққан.

С.Сейфуллин ауылының тарихы өткен ғасырдың 30-жыл­дарынан бас­тау алады. Іргетасын 1930-1931 жылдары қалаған «Құндызды», «1 Май» серік­тестіктері 1949 жылы бірігу арқылы «Каганович» колхозы аталды. 1959 жылы «Каганович», «Амангелді» кол­хоз­дары бірігіп, Ленин атындағы колхоз болды. 1963 жылы «Қызыл­дихан» мен «Ленин» колхозы бірігіп, ХХІ партсъезд атын­дағы совхозға айналды. 1975 жыл­дан С.Сейфуллин атындағы совхоз болып, өз алдына отау тікті.

Ауылға Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің есімі беріл­ген­нен кейін де ауыл халқының ынтымақ-бірлігі ажырамай, да­му­дың даңғыл жолына түседі. Ата­кәсіп болған егіншілік пен мал шаруашылы­ғын жандандырып, ел­ді мекеннің жарты ғасырға жуық уақытта өсіп-өркендеуі қарқын ал­ған. Бұл осы өлкенің шежіресін қалып­­тастырып, оның өркендеуіне ерекше үлес қосқан туған жер пер­зент­терінің қажырлы еңбегінің нәти­жесі екені сөзсіз.

Жарты ғасыр уақыт аралығында ауыл өрлеу сатыларынан өтіп, даму белестерін қалыптастырды. Жыл сайын халық саны өсіп, іргелі ауылға айналды. Ауылдық округ әкімі Бекзат Қыдырбаев жыл сайын елді мекенді көркейтуде және абаттандыруда, тұрғындардың өмір сүру сапасын арт­тыру­да қолайлы жағдай жасалып жатқанын айтады.

– Ауылда 338 отбасы және 1625 халық бар. Жалпы жер көлемі – 30414 гектар. Ауыл тұрғындары 2024 жылы қазан айында «көгілдір отынмен» қамтылды. Елді мекенде 10 көше бар, оның асфальттанғаны – 10, жарықтандырылғаны – 6 және 100 пайыз ауызсумен қамтылған. Ауылды аяқсумен қамтамасыз ету мақ­­сатында 2 насос қондырғысы бар. Ауылда мектеп, «Ақ көгершін» бөбекжай балабақша, мешіт, дәрі­герлік амбулатория және ауыл­дық клуб үйі бар. Ауыл орта­лығында көр­­кейту-көгалдандыру жұ­­мыс­та­рын жүргізу мақсатында Сәрке батыр көшесінен ұзындығы 970 метр құрай­тын жер қоршалып, 1000 дана көшет отырғызылды. Сәрке батыр және Шортанбай би көшелеріне жаяу жүргіншілер жолдары қарас­тырылған.


Сондай-ақ облыстық бюджеттен бөлін­ген қаржыға елді мекеннің үш көшесі күрделі жөндеуден өтуде. Көшелерге бес бейнебақылау каме­расы орнатылды. Өздеріңізге бел­гілі, №137 орта мектебі күрделі жөндеуден өтті. Мектеп жанындағы кіші футбол алаңы демеушілікпен қайта жаңғырып, пайдалануға беріл­ді. Балалар ойнайтын 4 алаңқай, футбол мен баскетбол ойнайтын 1 алаң ел игілігінде, – дейді ауыл әкімі.
Жыл сайын көркейту және көгал­дандыру жұмыстары бойынша жа­сыл белдеулерге және саябақтар мен орталық алаң аумағындағы гүл­зарларға гүл, ағаш көшеттері отыр­ғызылады. Биылға бөлін­ген қаржыға санитарлық тазарту, көркейту-көгал­дандыру жұмыстары жасалып, әсем гүл егілген. 50 жылдық мерейтойға байланысты ауылдық клуб үйі жаны­нан демеушілікпен демалыс алаңы салынып аяқталды.
Өткен жылы ауылдағы Құрұмбек каналы тазартылып, тоспа салынған. Бұл өз кезегінде ауылдың егін ша­­р­уа­шы­лығымен айналысуға мүмкіндік бер­ген. Тұрғындарды тәулік бойы ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су мұнарасы да жаңартылып, су ұң­ғымасы қазылғаны халықтың таза ауызсу тұтынуына қолайлы жағдай жасалды.

– Осы ауылдың байырғы тұр­ғы­нымын. Қазір ауыл жылдан-жыл­ға дамып келеді. Көркейту-көгал­дандыру жұмыстарынан бастап ауыл көшелері жөнделуде. Ауыл­да кәсіпкерлікпен айналысамын деуші­­лерге де қолдау көп. Ауылда мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория, клуб жұмыс істейді. Халықтың тұрмысын жақсартуға бағыт­талған игі бастамаларға ауыл ақса­қалдары әрқашан батасын беріп отыру дәстүрге айналған. Ауыл ардақ­тылары тарапынан айтылған ұсыныстар ретімен шешілуде. Көп жыл арман болған табиғи газ да жетті. Тұрғын үйлердің дені газға қосылып, рахатын көруде. Ауылды дамытуға атса­лысып жүрген кәсіпкерлер қайы­рымдылық іс-шараларынан қалыс қалмайды. Азаматтар қолынан кел­ген көмегін аямайды. Ең бастысы, іргеміз бүтін, халқымыз аман, – дейді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мақпалбай.


Бірлігі жарасқан ауылда кәсіп­керлікке ден қойып, өз кәсібін бас­таймын деушілерге түсіндіру жұмыс­тары жүргізілуде. Мемлекеттік қол­даудың арқасында өткен жылы кәсіп­керлік бағытында 12 ауыл тұрғыны қаржылай қолдау көрді. Олардың арасында жас отбасылар мен көп­балалы аналар бар.

Ауылдың мәдени өміріне, өнер­­паздардың шығуына атса­лысып жүр­ген Дастан Палмахов бастаған ауыл­дық клуб қызметкерлерінің еңбегі ұшан-теңіз. Ауылда өтетін мәдени көп­шілік іс-шаралардың жоғары дең­гейде өтуін ұйымдастырып, ауыл­ды әнге, ел көңілін сәнге бөлеген өнер­­паздарға жұртшылық дән риза. Сондай-ақ клуб қызметкерлері ауыл­дағы орталық алаңның жөндеу жұмыс­тарына жұмыла кірісіп, бүгінде әсем кейіпке енген ауыл алаңында өзін­дік қолтаңбаларын қалдырды.

– 2015 жылы пайдалануға беріл­ген 150 орындық клуб үйі ауыл халқына қызмет етеді. Мерейтой қар­саңында жаңғыртылған клуб маңы жаңаша кейіпке енген, демалыс алаңы абат­тандырылып, көрік­тен­дірілген. Ауыл ажарын айшықтай түс­кен жаңа су бұрқағы «Абзал және К» серіктестігінің демеу­шілі­гімен ел игілігіне берілгені ауыл тұр­ғындарына қуаныш сыйлады. Ауыл ардагерлері де дала сахнасын жасап беріп, мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. Ауылды көркейтуге еңбегімізді арнай береміз, – дейді ауылдық клуб директоры Д.Палмахов.

Бибісара ЖАНӘЛІ

01 қараша 2025 ж. 66 0