Ұстаздан шәкірт озар
Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, ұстаздық жолында қызмет етіп, біршама жетістікке жеткен, жас та болса бас болып жүрген ауданымыздың білікті ұстаздарының бірі – Піржан Төлеген.
Жас ұстаз білімімен, үздік көрсеткіштерімен, қабілеттілігімен әркез дараланып келеді. Биылғы жыл да кейіпкеріміз үшін жақсы жетістікпен басталды. Ол Қаскелең қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» республикалық конкурсына қатысып, облыстың намысын қорғап қайтты. Педагогтардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашу, оқыту әдістемесі мен технологияларын жетілдіру және тәжірибе алмасуды мақсат еткен фестивальдің республикалық кезеңі Сүлеймен Демирел университетінің базасында өткен. Аталған байқауға барлығы 12 педагог қатысса, жерлесіміз жүлделі екінші орынды қанжығаға байлаған. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Піржан қазіргі таңда Қуаныш Баймағанбетов атындағы №42 мектеп-лицейінің химия пәні мұғалімі қызметін атқарады. Білімді, дарынды, қатарынан оза шапқан жас ұстаздың жетістіктеріне аудандық газет әркез ақпараттық қолдау көрсетіп келеді. Басылым жаңашылдықты жанына серік етіп, шәкірттері биіктерден көрініп келе жатқан мұғалімнің әр жетістігін оқырманға сүйіншілеп, жастарға қолдау көрсетуде.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға» демекші, Піржанның шәкірттері де көптеген ғылыми жобалардың, республикалық деңгейдегі пәндік олимпиада жүлдегерлері атанған. Сонымен қатар жыл сайын өтетін мектеп бітірушілердің ҰБТ бойынша қарқынды жұмыс жасап, оқушылары жоғары көрсеткіш көрсетіп келеді. Қазіргі таңда шәкірттері республикамыздың түкпір-түкпірінде педагогика, медицина мамандықтары бойынша білім алуда.
Піржан оқушыларымен әркез жүйелі жұмыс жасап, олимпиада байқауларына дайындау барысында оқушылар арасынан іріктеу жүргізіп, 5 сынып оқушыларына 7, 8 сыныптың бағдарламасын үйретіп тәжірибе жасаған. Соның нәтижесінде, Кәусар Жарылқасын есімді оқушысы өзгелерден ерекшеленіп, алдыңғы қатардан көріне білді. Дарынды оқушы 5 сынып оқитын кезінде 7 сынып оқушыларына арналған жасөспірімдер олимпиадасына қатысып, аудандық кезеңнен 2-орын иеленген. Облыстық, республикалық кезеңдерге жолдама алу үшін Кәусар жыл сайын өзінен екі сынып жоғары оқитын оқушылармен додаға түсіп, білімін жетілдірген.
Ал биыл ауыл мектептері оқушыларына арналған олимпиадаға тек 9-11 сынып оқушылары қатыса алады екен. Өзі 7 сыныпта оқитын Кәусар жетекшісімен ақылдаса отырып, аталған байқауға 9 сынып оқушыларымен қатар қатысқан. Аудандық, облыстық кезеңде жоғарғы сынып оқушыларынан басым түскен Кәусар жүлделі 1-орын иеленіп республикалық кезеңге жолдама ұтып алған. Облысымыздан жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 32 бала республикалық кезең қатысушысы атанған. Облыс намысын химия пәнінен республикада 9 сынып атынан қорғау 7 сынып оқитын Кәусарға бұйырды.
Олимпиада қаңтар айының ортасында Астана қаласында өтіп, 18 қаңтар күні жаратылыстану-математикалық бағыттағы ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өз мәресіне жетті. Қорытынды кезеңге барлығы 1 088 оқушы қатысып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170 оқушы жеңімпаз атанды. Олимпиадада барлығы 170 медаль сарапқа салынды, оның ішінде 87 қола, 51 күміс және 32 алтын бар. Жас вундеркинд КәусарЖарылқасын республикалық олимпиада нәтижесі бойынша II орын иеленіп, күміс медаль иегері атанды. Сонымен қатар олимпиада қатысушылары ішінен жеңіс тұғырынан танылған ең жас қатысушы ретінде танылып, «Ең жас қатысушы – 2024» атағын жеңіп алды. Осындай жеңіспен Сыр елін, Аманкелді ауылының атын республика жұртшылығына танымал етті. Бұл жеңіс – ұстаздың қажырлы еңбегі мен шәкіртінің дарындылығы, білімінің нәтижесі.
Шәкірттерінен бөлек жас ұстаз Піржан Төлегеннің қажырлы еңбегі мен үздіксіз ізденісінің арқасында жеткен жетістіктері мен байқаулардан алған жүлделері аз емес. Облыстық, республикалық конкурстардың жеңімпазы, «Energizer ұстаз» атағының иегері еліміздің ТОП-10 жас ұстаздар қатарына енген.
– Бұл саланы таңдауға өзімнің ұстазым түрткі болды. Химия пәніне баулып, ұстаз болудың қыр-сырын үйретіп, алдыма арман-мақсат қоюға көмектесті. Ұстазымның айтуымен және осы мамандыққа деген өзімнің қызығушылығымның арқасында осы саланы тандадым. Бүгінгі таңда жақсы-жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, аудан, облыс атын шығаруға өзімізше үлес қосудамыз. Әр жетістігімізге қуанып, ақпараттандырып отыратын аудандық газет тілшілеріне алғысымды білдіргім келеді, – дейді жас ұстаз.
Алтынай ҚАЙРАТҚЫЗЫ